Ұлы ақынның басшылығымен қабылданған «Қарамола ережесі»
Дара тұлғаның бір басына Алла берген адами қасиеттерімен қатар, оның дүниеге деген кең көзқарасының болуы, терең білімі, қазақ қоғамына осы заманғы прогрестің қажеттігін елден бұрын түсінуі, соны насихаттауы – Абайды дәстүрлі биден де жоғары қоятын шынайы факторлар.
Қарамоладағы сиезге келген Абайды бұрын-соңды көрмеген және оны қарсыластарының шағымдарынан ғана білетін Семей облысының әскери-губернаторы В.С.Циклинский онымен тілдескеннен-ақ кімнің-кім екендігін түсінген. Әскери-губернатордың оны бірден төбе би тағайындауы және жауапты істің барлығын оған тапсыруының өзі-ақ оның Абайды толық мойындағанын көрсетеді.
Абай өзіне жүктелген осы бір аса маңызды және күрделі тапсырманы қысқа мерзімнің (Мүсірәлі үш күн деп көрсеткен – М. К.) ішінде ойдағыдай орындап шыққан. Оның нақты нәтижесі – бүгінгі біздердің мәтінімен танысуымызға мүмкіндігіміз бар, 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасынан жарық көрген (Ғабит Мүсірепов тапсырған бір данасы еліміздің орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы), сол кездегі қазақ қоғамының сұраныстарына жауап бере алатын, негізінен XIX ғасырдың аяғына дейін қолданыста болған – «Қарамола ережесі».
«Қарамола ережесіне» қатысты жиі қойылатын сұрақтардың бірі – ережені кімнің жазғандығы. Біздер ережеге қатысты зерттеулер мен және оның мәтінімен таныса келе, өз заманның ерекшеліктеріне бейімделген, империялық ресми заңнаманың талаптарына сай келетін осы еңбектің дүниеге келуінің негізінде Абай тұрды деп нақты айтамыз.
Съезге шақырылғандардың ішінде орыстың басқаруы жағдайына икемделген, қолданып жүрген заңнаманың артық-кемін жақсы білетін, әдеттік заңын небір білгірлері – ел билеушілері мен билер болған. Осы жерде туындайтын сұрақ, ережені жасауда бұлардың үлесінің қаншалықты болғаны.
Абай сөз жоқ, қажетінде бұлармен де ақылдасып отырды. Бірақ ережені жазу барысындағы негізгі ұсталынған саясат, ой мен тұжырым Абайдікі. Сөйтіп, Абайдың кемел ойы мен үлкен ұйымдастыру қабілеті азғана күндерде-ақ нәтижесін берген.
1885 жылы Қарамоладағы қабылданған ереже қазақ әдет-ғұрып құқығының құн дауы, жесір дауы, мал дауы, бұларды шешу жолдары, сот жүргізу сияқты және тағы басқа маңызды жақтарын қамтыды. Ережеде билерді дауласқан жақтардың таңдап алатыны, ал олардың санын басшылық шешетіні көрсетілген. Әр жақтан таңдап алынатын билердің саны үштен аспау керектігі, олардың саны жұп болса, шешім шығаруға қиын болатыны айтылған. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.54 б).
Ережеде жауапкердің сотқа келе алмай қалуын реттейтін құқықтық нормалар бар. Мәселен, жауапкер себепті жағдаймен келе алмай қалса, билер сотының билігі кейінге қалдырылады, ал әдейі келмесе, сырттай билік айтылады деп көрсеткен. Сол сияқты кімдердің куәгерлер бола алатындарына да үлкен мән берілген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.55 б).
Қазақтың әдеттік заңындағы ежелгі институттардың бірі – «Жан беру» деп аталатын ант беру институты. Қарамола Ережесінде оның барлық түрі, ант берудің жолдары және одан туындайтын салдары түгелдей көрсетілген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.57-58 б.б.).
Ереженің нормалары кісі өлтіру, зинақорлық, ойластырып мүлік ұрлау, төбелес сияқты қылмыс түрлерін де анықтайды. Сол сияқты құқықбұзушылықтың: жеке тұлғаға тіл тигізу (ережеде биге тіл тигізу нақтыланған), көмек бермеу (суға кетіп бара жатқанға, өртке шалдыққанға және т.б.), ауыл старшынының тілін алмау, лауазым иесіне жала жабу, малдың қырылуының алдын алу үшін шара жасамау, арықтарды, құдықтарды бүлдіру сияқты және тағы басқа түрлерін ережеде көреміз. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.58-60 б.б.).
Дәстүрлі құқық нормаларында кісі өлтірген жағдайдың қайсысында болмасын құн төлеу бар. Ал мына жаңа ережеде абайсызда болған кісі өліміне, барымташының және ұрының өліміне құн төленбейтіні айтылған. Бұл жерде Абай дәстүрлі құқыққа өз ойлағанын, яғни жаңа қалып енгізіп отыр. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.58 б.).
Ереженің 26 бабында «… ері әйелін өлтірсе яки, әйелі ерін өлтірсе, оған құн жоқ» делінген. Осындай шешімнің не себептен қабылданғаны түсініксіз. Бірақ Абай мұны тегі билермен ақылдасып шешкен. Оқиға отбасылық болғандықтан, олар бұл жерде «құнды кімнен алып, кімге бересің» деген тұрғыдан келген сияқты. Ал бұрынғы дәстүрлі қазақ құқығында осындай қылмыс үшін айыпты тиісті жазасын алған.
Қазақ қоғамында ертеден келе жатқан істеген істеріне қарата берілетін жауапкершіліктер мен жазаның «құн», «тоғыз» және «айып» сияқты түрлерінің болғандығы белгілі. Сонымен қатар, дүре соғу немесе масқаралайтын – қауымнан қуу, дене мүшесінің бір жерлеріне белгі түсіру, айыптыны қарсы жаққа беру сияқты да жазаның түрлері болған. Бұлардың ғасырлардан ғасырларға жеткенін академик Салық Зиманов та айтқан. (С.Зиманов. Древний мир права казахов и его истоки. / Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования в 10 томах. Т.1.-Алматы, «Жеті жарғы». 2001. 35 б.). Ал Қарамола Ережесінде жазаның абақтыға жабу, ақшалай айып сияқты жаңа түрлері де көрініс береді. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.66 б).
Ережеде отбасылық-неке қатынасының аясында туындайтын мәселелер де жан-жақты нақтыланған. Абай өз заманында қазақ қоғамындағы отбасылық неке қатынастарындағы ғасырлар қойнауынан келген небір әділетсіздектермен үнемі күрескен. Оны біз Абайдың ел ішінде айтқан биліктерінен де көреміз.
Ережеде қалыңмал төлеу, ерлі-зайыптылардың айырылысуы, әмеңгерлік сияқты мәселелер кең тұрғыда қарастырылған. Қарамола ережесінде де әмеңгерлік институты сақталған. Бірақ заңда оны орындау міндетке жатпайтындығы ашып айтылған. Барлығы әйелдің еркімен санасып барып қана шешіледі делінген. Сол сияқты жесірлердің балаға, мүлкіне деген құқықтарына үлкен көңіл бөлінген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.61-62 б.б.).
Ереженің соңғы баптарында Қарамола төтенше сиезінің шешімдерінің талқыға салынбайтын, аяқталған құжат екендігі және оны барша лауазым иелері мен билердің нұсқаға алуларының керектігі көрсетілген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.67 б).
Қарамола сиезі және онда қабылданған «Қарамола ережесі» XIX ғасырдың сексенінші жылдарындағы қыр төсіндегі дүбірлі оқиғаның бірі болды. Онда төбе билік жасаған Абайдың кемел шағына жеткен, қырықтағы қамал бұзар кезі еді. Абайдың осы қабылдаған ережені дайындауды басқарып, іске асыруы оның маңызын арттыра түскені күмәнсіз.
Абайдың басшылығымен қабылданған, бүгіндері 130 жылға толғалы отырған «Қарамола ережесі» – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден бері келе жатқан әдет-ғұрып құқығында ерекше орын алатын тарихи-құқықтық ескерткіш. Оның бұрын-соңды болған заңнамалардан басымдылығының негізінде қазақ даласындағы экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық өзгерістердің тікелей ықпалымен қалыптасқан қоғамның сұраныстарына мүмкіндігінше жауап беру жатты. «Қарамола ережесі» деп аталған осы тарихи құжаттың кезіндегі қоғамдық қатынастарды реттеудегі атқарған қызметі далалықтар өркениетінің тамаша көрінісі ретінде өз маңызын еш уақытта жоғалтпақ емес.
Мұхтарбек Кәрімов,
Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры
Семей.
(Соңы. Басы сайтта 9-шілдеде жарияланды)