Басты

Ұлы ақын қазынасы халықтың – рухани игілігі

Кеше Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Семей мен Өскеменде бірқатар әлеуметтік, мәдени нысандарда болып, жұртшылықпен жүздесті.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге ең алдымен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде болды. Бұл мұражай Қазақ КСР Совнаркомының 1940 жылғы 1 сәуірдегі қаулысымен ақынның 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, 16 қазан күні ашылған екен. Қазақстан тарихында бұл бірінші әдеби-мемориалдық мұражай болып табылады. Қазіргі уақытта мұражай қорында 21 мыңнан астам экспонат сақталуда. Мұражай құрамында он бес шақты республикалық маңызы бар тарихи және мәдени, жергілікті маңызы бар ескерткіштер бар.

Музей директоры, ғалым Жандос Әубәкір қонақтарды «Абай дәуірі», «Абайдың шығармашылық ортасы» және «Көненің көзі» залдарының экспозициясымен таныстырды. Мысалы, мұнда Абайдың досы, заманында жер аударылған Н.Долгополовтың 1885 жылы Семей қаласының өлкетану мұражайына берген заттары сақталуда. Қазақ шеберлері жасаған торсық, музыкалық аспаптар және ерлердің аңшылық белбеуі де бар. Мұражай залдарының бірінде 1896 жылы ұлдары Ақылбай, Тұрағұлмен бірге түскен Абайдың суретін көруге болады. Экспозицияда сол уақыттың көлігі – арба да тұр. Залдардың бірінен келушілер Жидебайда сақталған тарантастың көшірмесін көре алады. Ол 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына арналып жасалған. Мұражайдағы басты экспонаттардың бірі – қобдиша, ол кезінде Абайдың екінші әйелі Әйгерім Батет Әзімханқызына Ырғызбай ауылына келін болып түскен кезде сыйға тартыпты. Қобдишаны мұражай қорына Кенжетілеу Доланбекұлының ұлы Айдар Кенжетілеуұлы тапсырды. Экспонат мұражай қорында 2017 жылдан бастап сақталуда. Экскурсия соңында Парламент Мәжілісінің төрағасы музей қызметкерлеріне осы еңбектері үшін алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Абайдың 175 жылдығын мерекелеу қарсаңында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ақынның Отаны мен оның шығармашылық рухымен жақынырақ танысуды ойластырды. Осы жұмыс сапарына дейін Нұрлан Нығматулин Абайдың 175 жылдығына арналған челленджге де қолдау көрсетіп, халық әртісі Бибігүл Төлегенованың поэтикалық эстафетасын қабылдап, «Жүрек – теңіз, қыздың бәрі – асыл тас» атты өлеңін оқыған еді.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы ұлы Абай қазынасы –халықтың рухани игілігі екенін алға тартып, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын шығармаларын кеңінен насихаттауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Президенттің «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының маңыздылығына тоқталды.

Медициналық қызмет қолжетімді болмақ

Нұрлан Нығматулин Семей қаласына жұмыс сапары барысында Қарағайлы ықшам ауданындағы көпфункционалды мәдени-спорт кешенінің жұмысымен танысты. Оның салтанатты ашылуы Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен еді. Барлық халықаралық стандарттар бойынша салынған кешен спорттың әр түрі бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Бассейн турнирлер өткізуге, халықты сауықтыруға арналған. Спорт ғимаратының жалпы ауданы 33,8 мың шаршы метрді құрайды. Ірі кешеннің құрылысын отандық компания «Фирма Азия» ЖШС жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны – 26 миллиард теңге. Нұрлан Нығматулин кешен бүкіл әлемдік стандарттарға жауап беретінін және түрлі ірі іс-шаралар өткізуге және бүкіл отбасымен қызықты демалыс өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәжіліс төрағасы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында болып, онда жұртшылықпен кездесу өткізді. Кездесу барысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»  Кодекс жобасын талқылады. Өзекті мәселелерді талқылау барысында Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Кодекстің жаңа нұсқасы елдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға елеулі әсер етуі тиіс. Заң жобасы аурулардың алдын алу, дәрігерге дейінгі және дәрігерлік көмек көрсету деңгейін анықтау, сондай-ақ трансплантологияның жаңа тәсілдерін қарастырады.

Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы Палатаға келіп түскен үкіметтік нұсқаны Мәжілістің барлық комитеттері мұқият және жан-жақты қарастыратынын, сондай-ақ депутаттардың өңірлерге шығуы барысында түрлі алаңдарда талқыланатынын атап өтті. Негізгі жұмыс, әрине, Парламент Мәжілісінің депутаттарымен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, Үкіметтік емес ұйымдар және медицина қызметкерлері кіретін жұмыс тобы аясында жүргізілуде. Тек медицина қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар мектеп, балабақша басшылары, психологтар, ҮЕҰ өкілдері қатысқан пәндік әңгіме трансплантология, өмірді жасанды қолдау, профилактикалық егу, скринингтік зерттеулер, балаларға профилактикалық медициналық тексеру жүргізу мәселелері бойынша өтті. Заң жобасының кейбір ұстанымдары талқыланғанын атап өткен Нұрлан Нығматулин барлық ұсыныстар мұқият талданып, талқыланатынын атап өтті. Мәжіліс төрағасының пікірінше, бұл сапалы, жан-жақты пысықталған және, ең бастысы, халық мүддесі үшін жұмыс істейтін заң талаптары болуға мүмкіндік береді.

Орталық жұмысын оң бағалады

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин облысымызға сапары барысында Өскемендегі жұмыспен қамту орталығында болып, мекемеге келген көпбалалы аналармен және орталық қызметкерлерімен кездесті.

Нұрлан Нығматулин аталған орталыққа келушілермен әңгімелесіп,олардың әлеуметтік хал-ахуалымен, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түріне байланысты құжаттық рәсімдеудің жағдайымен, сонымен қатар мекемедегі қызмет көрсету сапасымен, басқа да өзекті мәселелермен танысты.

Мәжіліс төрағасымен кездесушілер қатарында болған аналар түрлі мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырғандарын,солар арқылы бірқатар жетістіктерге қол жеткізгендерін айтты.

Мәжіліс спикері осы жылдан бастап көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы жаңа формада тағайындалатынын еске салды.

– Көпбалалы аналарға тиесілі мемлекеттік жәрдемақы енді бала санына қарай 42 мың 500 теңгеден 74 мың теңге аралығын қамтиды. Атап өтерлігі, бұл жәрдемақыны төлеуде отбасының кірісі есепке алынбайды, – деген Нұрлан Нығматулинатаулы әлеуметтік көмекті төлеудің міндетті шарты – еңбекке орналастыру екенін де атап көрсетті.

Тиісті білім немесе мамандық болмаған жағдайда «Еңбек» бағдарламасы арқылы мемлекет есебінен оқып, мамандық алуға мүмкіндік беріледі. Өткен жылдың 11 айы ішінде еліміз бойынша 12 мың азамат қатысып, атаулы әлеуметтік көмек алып, өз кәсіптерін ашқан. Сондай-ақ, 120 мың ауыл азаматы өздерінің жеке шаруашылықтарының жұмысын ширатып, жолға қойған.

Нұрлан Нығматулин өскемендік аналардан атаулы әлеуметтік көмекті жаңа форматта рәсімдеу барысында, орталықтан қандай да бір ақпарат алуда қандай қиындықтар туындайтынын сұрады. Тұрғындардың пікірінше, мекеме мамандары қызметті жедел әрі сапалы көрсетіп, заң ережелерін түсінікті тілмен ұғындыруда. Он екі баланың анасы Евгения Черкашина өз жанұясы жөнінде тарқата айтып, балаларын жастайынан еңбекке, масылдықтан аулақ болуға баулып келетінін жеткізді. Ал төрт бала тәрбиелеп отырған Айгүл Чикенова болса, былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында дамыту орталығын ашуға грант алыпты. Келесі көпбалалы ана Шынар Жәберова өзіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын қуана жеткізіп, еңбек шарты бойынша еңбек етіп жүргенін айтты.

Мекеме жұмысымен жіті танысып, қызметкерлермен емен-жарқын сұхбаттасқан Мәжіліс төрағасы орталық жұмысына оң бағасын беріп, осы жылы аталмыш мекеменің жаңа, бұдан бірнеше есе үлкен ғимаратқа көшірілетінін, онда келушілердің қолайлығы үшін барлық жағдайлар жасалатынын да атап өтті.

Шығыс Қазақстан – қуатты өңір

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Өскемендегі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде болып, өңірдегі жоғары оқу орындарының, колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамымен, студенттерімен және облыстық ҚХА өкілдерімен кездесу өткізіп, соңғы уақытта Мәжілісте жаңадан мақұлданған заңдарға, көптеген заңнамалық актілерге  түсінік берді.

– Бүгін облысымызға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы жұмыс сапарымен арнайы келіп отыр. Түске дейін Семейдегі аурухана ғимаратында медицина қызметкерлерімен, одан соң облыс орталығында көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен кездесу өткізіп, ашық әңгіме өрбітті. Сіздердей зиялы қауыммен де сондай тағылымды да әсерлі кездесу болады деген сенімдемін, – деді жиынды ашқан облыс басшысы Даниал Ахметов.

– Сіздермен 2020 жылдың басында, өте маңызды кезеңде кездесіп отырмыз. Шығыстың біздің еліміз үшін орны ерекше. Ұлы Абайды, Шәкәрім мен Мұхтарды дүниеге әкелген, қазақ руханиятының орталығына айналған қасиетті де киелі аймақ. Сонымен бірге өнеркәсібі де, ауыл шаруашылығы да қатар дамыған, ел экономикасына үлкен үлес қосып келе жатқан, индустриялық әлеуеті зор өлке. Қазір Парламент депутаттары еліміздің барлық өңірлерінде сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Бүгінгі дәрігерлермен кездесу барысында қазіргі «Денсаулық туралы» Кодексті жан-жақты талқыға салдық, – деген Нұрлан Нығматулин өткен жыл еліміз үшін тарихи жыл болғанын, Елбасы тағы бір батыл қадам жасап, билікті өз қалауымен сенімді ізбасарға тапсырғанын, Тұңғыш Президент басқарған отыз жылдың ішінде Қазақстанды бүкіл әлем танығанын атап көрсетіп, енді алда дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсаты тұрғанын, бұл игі мақсатты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лайықты жалғастырып келе жатқанын жеткізді.

Мұнымен қатар, ол жаңа Президент халыққа алғашқы Жолдауын жариялап, онда елімізді дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік саланы нығайту бойынша нақты бағыттарды айқындап бергенін, оларды іске асыру жолында Сенат пен Мәжілістің барлық депутаттары жұмыла еңбек етіп жатқанын атап өтті.

– Шығыс Қазақстан – еліміздің қуатты өңірлерінің бірі. Мұнда инвестиция молынан құйылуда, құрылыс қарқын алып, жаңа өндірістер құрылуда, әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Жақында ғана облыс әкімін қабылдаған Президент аймақта атқарылған жұмыстарға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға берді. Әсіресе, облыс басшысының аймақтың ғылымы мен білім беру саласын дамытудағы және өңір медицинасын бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерудегі еселі еңбегі ерекше аталып өтілді. Цифрландыру қарқын алып, облыс заман талабының сұранысына сай дамып келеді. Болашақ – білімді жастардың қолында. Сіздерге Елбасы да, қазіргі Президентіміз де үлкен сенім артып  отыр, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы мерейтойлар жылы екендігіне де тоқталып, оның ішінде Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланатындығын, барлығы бес жүзден астам іс-шара өтетіндігін, бұл ретте Шығыс Қазақстанның орны ерекше болатындығын айтып, негізгі шаралардың дені осы облыста өтетіндігіне, сонымен бірге Президенттің жуықтағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылғандарға жете тоқталды.

Кездесу барысында «Педагог мәртебесі туралы» заң да жан-жақты талқыланып, дәрігерлер мен мұғалімдерге, көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға, студенттерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаулар, құқыққорғау, қылмыспен күрес бағытында да заңнамалардың барынша қатаңдатылғаны, шағын және орта бизнесті қолдау жайы да айтылды. Бұдан бөлек, қойылған сауалдарға да жауап берілді.

Мұнан соң Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осы университетте  ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды волонтерлер жылы деп жариялауына орай, өңірдегі еріктілер қатарындағы жастармен кездесіп, оларды толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді. Жастар жағы алдағы уақытта волонтерлік жұмыс тәжірибесі жалпы еңбек өтіліне қосылатын болса деген тілек білдірді.

– Биылғы жыл бекерден бекер волонтерлер жылы болып бекітілген жоқ. Еліміздің жастарына өздерін көрсетуге үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалыңыздар. Ал волонтерлер туралы заң 2017 жылы қабылданды, онда осы мәселе қарастырылған болатын. Сондықтан мемлекет тарапынан еріктілерді қаржылай  қолдау болады, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ Парламент  Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жуықта құрылысы аяқталған  ана мен бала орталығының жаңа ғимаратымен танысты.

Нысан ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталғандығын атап өткен жөн.  Бұл ғимарат ашылған соң, облыстық ана мен бала орталығы медициналық қызмет көрсетудің төртінші деңгейіне көтерілмек.  Облыстық ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбековтің айтуынша,  аурухана санаулы күндерден кейін ашылады.

Мұнда  нейрохирургия, кардиология, көз микрохирургиясы бөлімдері орналасатын болады. Сондай-ақ аталмыш аурухана базасында облыста алғаш рет балаларға арналған оңалту орталығы ашылмақ. Бұл бастама Тұңғыш Президент қоры мен облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Демек тиісті ем-дом алу үшін өңірдің кішкентай  тұрғындары бұрынғыдай Алматы мен Астанаға сабылмайтын болады.  Ал ескі ғимаратта әйелдер консультациясы мен балалар поликлиникасының қызметі  кеңейтілмек.

Аурухананың операциялық бөлімшесін аралаған Мәжіліс төрғасын дәрігерлер заманауи құрылғылардың жұмысымен таныстырды.

Ана мен бала орталығы директорының айтуынша, күрделі оталарды жасауға арналған цифрландырылған  заманауи техника бүгінде Израиль, Англия елдерінде қолданылады. Олардың қатарында шала туған нәрестелерді баптап, жетілдіруге арналған құрылғылармен жабдықталған блок, электропышақ, қатты күйік шалған балаларды күтуге арналған заманауи жабдықтар, томогрофтар мен ота құрылғылары  бар.

Нұрлан Нығматулин заманауи техникада  жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің біліктілігін пысықтады.  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ильяс Мұхамеджан облыстың 70-тен астам медициналық персоналы  Англияда білімдері мен біліктерін жетілдіргендігін  атап өтті. Жалпы, аурухананың заманауи құрылғылары мен қызметкерлердің тәжірибе жинақтауы облыстық ана мен бала орталығын медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне шығарып қана қоймай, облыс тұрғындарына заманауи медицинаның жетістіктерін қолжетімді ете түспек.

Мәжіліс төрағасы орталықтың жабдықталуына оң бағасын беріп, мұнда өзге өңірлер үшін үлгі боларлық істердің қолға алынғандығын атап өтті.

Раушан Нұғманбекова,

Ержан Әбіш,

Дәурен Аллабергенұлы,

Лаура Тілеубайқызы.

Осы айдарда

Back to top button