Үлкен Нарында Абай саябағы ашылды
Тұңғыш Президенті күні мерекесі Катонқарағай ауданының халқы үшін биыл қуанышты жаңалықтармен есте қалары анық. Өйткені ауданымыздың бірқатар ауылында әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғындар игілігіне берілді.
Аудан орталығы Үлкен Нарында Тұңғыш Президент күні мерекесінде Абай атындағы саябақ ашылып, жергілікті тұрғындарға сыйға тартылды. Саябақтың орналасқан жері де сәтті таңдалған. Ауылдың дәл орталығында халық көп жүретін жерде орналасқан. Аталмыш нысанның құрылысына облыстық бюджет есебінен 100 млн. теңге жұмсалды. Саябақ құрылысын жүргізген «Алмұратов» ЖК тиісті жұмыстарды шілдеде бастап, қазанда аяқтады. Саябақтың ең төрінде ұлы Абайдың қоладан құйылған кеудемүсіні тұғырына қоныпты. Оның эскизін алматылық мүсінші Кәдірхан Кәкімов жасаған. Ақын ескерткішінің айналысына мәрмәр тастан жасалған тақтайшалар орнатылып, оларға Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер келтірілген. Саябақ іші абаттандырылып, шамдар қойылып, тротуар төселген. Айналасына шырша көшеттері отырғызылған. Атап өтерлік жайт, саябақ төрінен орын тепкен ақын мүсінінің бастапқыда үш нұсқасы ұсынылды, олардың лайықтысын таңдау үшін ауданда уақытша комиссия құрылып, солардың шешімі негізінде бүгінгі нұсқасы таңдап алынды.
Сән-салтанаты жарасқан саябақтың ашылуына аудан басшылығы, мәслихаттың және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының, білім, мәдениет және өнер саласының өкілдері, тұрғындар қатысты.
Жиналған көпшілікті атаулы мерекемен аудан әкімі Ренат Құрмамбаев құттықтап, ақжолтай лебізін білдірді.
-Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, аз ғана уақыттың ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандырып, мемлекетімізді әлем халқы таныған елге айналдыру жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Бүгін міне, Тұңғыш Президент күні мерекесінде халқымыздың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының атындағы саябақты ашып отырмыз.
Биыл қазақ халқының дара перзенті хәкім абайдың 175 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту үшін республика, облыс және аудан көлемінде ауқымды іс-шаралар өтті. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан кемелденуімізге арналған тағлымды істер деп түсінуіміз қажет. Бұл ашылған саябақ тек демалыс орны ғана емес, тұрғындарға, әсіресе жастарға тәрбиелік мәні зор болмақ. Ұлы ақын мұрасынан нәр алып, ұрпаққа ой салар орын болар деп сенеміз. Саябақ Абай атамыздың атымен аталғандықтан, келуішілерге жақсы тәлім-тәрбие беретін бақ болады деп ойлаймыз. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалып отыр. Жаңа саябақ аудан тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналатыны сөзсіз, – деді аудан әкімі.
Жиналғандарды саябақтың ашылуымен аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов, білім беру саласының ардагері, ақын, шежіреші Сиезхан Құдабаев, жастардың атынан лицей оқушысы Мөлдір Ерболова құттықтады.
Айта кетерлік жайт, бұл күні аудан орталығынан бөлек, бірқатар елді мекенде айтуылы оқиғалар болды. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ағымдағы жөндеуден өткен Солоновка мен Майемердегі ауылдық клуб ғимараттары осы күні қолданысқа берілсе, шалғайдағы Ақсу, Берел, жол бойындағы Белқарағай, Топқайың ауылдарында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Актив, Теле 2 ұялы байланысы мен Интернет желісі іске қосылды. Осылайша, аталмыш бағдарлама бойынша аудандағы 15 елді мекенге ұялы байланыс пен Интернет тартылды.
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.