Әлихан Бөкейхановтың немере қарындасы Саржалда сабақ беріп жүр
Қазақ дейтін қайсар халықтың қатпар-қатпар тарихының қойнауы адамзат баласы осы күнге дейін білмей келген шешусіз жұмбақтар мен ашылмай қалған құпия-сырларға, тың деректерге толы. Халқымызда «Бәріне уақыт төреші» – деген бар. Уақыт зымырап өткен сайын рет-ретімен, жайлап небір жұмбақтардың шешуі табылып, нелер құпия-сырлардың беті ашылып жатады. Бүгін газет оқырмандарына сондай тың деректердің бірін ұсынып отырмыз.
Редакция.
Үстіміздегі жылдың тамыз айының басында аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков телефон шалып:
– Малғаждар, Саржал ауылында тұратын бір азаматша келіп отыр. Әйгілі Әлихан Бөкейхановтың немересі екен. Сен соны білесің бе? – деп сұрады.
Мен ол жөнінде білмейтінімді айттым.
– Ендеше, мен бұл мәселені аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазыға тапсырдым. Ол кісімен жолығып, көлемді мақала ұйымдастырыңдар! – деді.
Бірден аудан әкімшілігіне барсам, Төлеубек Аманғазыда әкім айтқан азаматша отыр екен. Есімі Айсұлу Жәңгірқызы Мұқанова. Саржал орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі екен. Мен ол кісіге өзінің Әлихан Бөкейхановқа туыстығы жөнінде дәлелдеп жазып беруді және болса, фотосуреттер жіберуді сұрадым.
Тамыз айының соңына қарай Айсұлу өзі барып түсіріп әкелген фотосуреттер мен жазбаша алаш арысымен туыстығы жөніндегі материаладарды жіберді. Үстіміздегі жылы ЮНЕСКО көлемінде Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуы мерекеленіп отырғандықтан бізге келген бұл матералдың құндылығы ерекше болды.
Айсұлу берген шежіреде Бөкейхан, Батыр, Мырзатай, Нұрмұхамед, Боранхан деген адамдар тарайды. Ал Нұрмұхамед пен Бегім ханымнан Әлихан, Смахан, Әзіхан, Тәттіхан, Базылхан, Нұрбек тараса, Смаханнан Жәңгір, Жәңгірден біздің кейіпкеріміз – Айсұлу туған.
Әлихан Бөкейханов репресияға ұшырағаннан кейін Нұрмұхамедтің балалары Мұқановтар болып жазылған. Өйткені Нұрмұхамед төрені ел ішінде Мұқан төре деп атаған екен.
Тегін Мұқанов деп өзгертуге мәжбүр болған
Мен Айсұлудың Әлихан Бөкейхановтар әулетіне жақын туыстығын анықтау мақсатымен белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайға телефон шалып:
– Абайда Айсұлу Жәңгірқызы деген Бөкейхановтың ұрпағы тұрады екен. Сол рас па ? – деп сұрадым. Түкең сәл ойланып:
– Малғаждар, сен танымал алаштанушы Сұлтанхан Аққұлыұлына хабарласшы. Бөкейхановтарды зерттеп жүр, – деп ұялы телефонының нөмірін берді. Мен ойланбастан С.Аққұлыұлына хабарластым. Ол кісі менің айтқандарымды мұқият тыңдап алып:
– Айсәуле Жәңгірдің қарындасы, демек сен айтып отырған Айсұлу Жәңгірқызы Әлиханның немере қарындасы болып келеді. Мен сенің айтқандарыңмен толық келісемін. Ешқандай тарихи қателік жоқ, жаза бер, – деді. Мен ол кісінің сөзін картбланш ретінде қабылдадым.
Әкелері Смахан НКВД-ның жан алғыштарынан бас сауғалап жүріп, бүкіл әулетті аман алып қалу үшін туған-туыстарының құжаттарын Бөкейхановтан Мұқановқа өзгертуге мәжбүр болған.
«Бұл деректерді мен әкемнің Балқаш қаласында тұратын қарындасы Айсәуледен естідім. Ол кісі қазір тірі. Сондай-ақ, әкемнің інісі Балабаршын деген адам да тірі», – дейді Айсұлу.
Бір кереметі, осы Балабаршын Әлихан Бөкейханов ақталғаннан кейін өзінің ата тегін қайтадан Бөкейханов деп өзгерткен көрінеді. Жәңгір Әлихан ақталғанша қуғындауда жүрген. Әкесі ұзақ жылдар Жамбыл облысының Красногорскі ауданында мектеп директоры болған. Ұлы Отан соғысына қатысып, кантузия да алған. 1978 жылы 10 мамырда өзінің туған жері Тоқырауын тауының етегінде өмірден өтеді.
Айсұлу 2015 жылы шілде айында жұбайы Бейсенғазы Омаровпен әкелерінің басына барып, хатым түсіріп, құран бағыштап қайтқан көрінеді. Осы сапарында Әлиханның құлақшыны жерленген құлпытасқа тағзым етіпті. Ол тасқа сол кезде Айсұлудың атасы Смахан мынадай өлең жолдарын қашатып жазғызған екен.
Қыр баласы,
Ел ағасы,
Қазақтың болған панасы.
Ұмыта ма, Әлиханды,
Қазақтың қара баласы?
Бірақ «Осы өлең үшін бүкіл әулет қудаланады» деп Смаханның туыстары тастағы жазуды өшіртіп тастаған көрінеді.
Биылғы жылдың 3 наурызы күні Астана қаласында Ә.Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай өткен республикалық конференцияға «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашовтың арнайы шақыруымен Ә.Бөкейхановтың ұрпағы ретінде Айсұлу Жәңгірқызы да қатысып қайтыпты.
Айсұлу Мұқанова «Әлихан Бөкейхановтың өмірі және шығармашылығы» тақырыбында оқушыларға ғылыми жұмыс жаздыртып, оны «ХХІ ғасырдағы гуманитарлық білім және халықтың рухани мұрасы» атты қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінде өткен ғылыми конференцияда қорғаған. Кейін ол арнайы кітапқа шыққан. Соның нәтижесінде А.Жәңгірқызының оқушысына, өзіне және мектепке университет ректоры Ш.Құрманбаеваның грамотасы мен алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ, А.Мұқанова осы тақырып көлемінде 2014 жылы Шәкерім университетінде курстық жұмыс тапсырып, Әлиханның ұрпағы екенін дәлелдеп шыққан.
Айсұлу Мәскеу қаласына арнайы барып, Бутыркада азапталып, ату жазасына кесілген Ә.Бөкейхановтың атылған жерін арнайы суретке түсіріпті. Ол жерде Әлихан Бөкейханов қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовпен бір күнде атылған екен. Онда мынадай өлең жолдары жазылыпты:
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба, сен мені,
Мен – қазақтың баласы.
Сондай-ақ, Айсұлу ұлт көсемі Ә.Бөкейхановтың дүниеге келген жері Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында да болып, құран бағыштатыпты. Алаштың ардақты ұлы Әлиханның туған жеріне арнайы тастан естелік тақта орнатылып, онда: «Осы жерде «Алаш орда» үкіметінің төрағасы, ұлт жанашыры Әлихан Нұрмахамедұлы Бөкейхан 5.03.1866 жылы дүниеге келген» – деп жазылыпты.
Айсұлу негізі Нұрмұхамед тегі болып жазылуы керек болатын. Алайда, тағдырдың жазуымен, сол тұстағы түрлі жағдайларға байланысты Мұқанова болып кеткен. Соған қарамастан ол Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Бөкейханов жерленген жерге де арнайы барып қайтқан. Ә.Бөкейхановтар әулетінің мүрделері жатқан жерді жергілікті халық «Талдыбейіт» деп атайтын көрінеді. Кезінде Әлиханның өзі осы әулеттің зираттарын көгалдандырмақ ниетпен Бразилиядан арнайы тал әкеп егіпті. Бастапқыда бұл жер «Талдыбейіт» деп аталса, кейін ел арасында «Әлихан» деп те айтылып кеткен дейді.
Айсұлудың жолдасы Бейсенғазы да төре тұқымынан. Олар үш бала тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлдары Дархан Семей қаласында ішкі істер органында қызмет атқарса, ортаншысы Дастан Семейдің педагогикалық институтының түлегі. Қазір заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысады. Кенжелері Мөлдір деген қыз бала. Айсұлудың анасы белгілі қоғам қайраткері Шаймардан Тоқжігітовтің жақын туысы болып келеді. Кезінде мектепке Ш.Тоқжігітов жөнінде жиналған фотосуреттерді осы кісі берген көрінеді.
Кейіпкеріміз Ә.Бөкейхановтың немере қарындасы Айсұлу Жәңгірқызы бүгінгі таңда Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектептің озат ұстазы. Ұлын ұлықтап, қызын қызықтап, Қадария мен Балқиядай ата-енені мәпелеп отырған аяулы келін.
Бүгінде алаш арысының қарындасы Айсұлу немере ағасы туралы жылт еткен тың дерек естісе, соларды жинастырып, зерттеп, тіркеумен, көзінің қарашығындай сақтаумен айналысады.
Бұл материалды ұсынғандағы басты мақсатымыз, Абай ауданының Саржал ауылында тұратын текті атаның ұрпағын газетіміздің бірнеше мыңдаған оқырмандарымен таныстыру.
Малғаждар Жүнісжанов,
Семей тарихи-өлкетану музейінің Қарауылдағы филиалының меңгерушісі