«Дидардың» қонағы

Әли ОҚАПОВ: – Әкеммен бірге бүкіл әлемді аралап шықтым

Әли ОҚАПОВ:  - Әкеммен бірге бүкіл әлемді аралап шықтым

Бүгінде қазақ эстрадасы жаңа буынмен толығып, түр-мазмұн жағынан да жаңа сипат алып келеді. Қуансаңыз да, тосырқасаңыз да әр заманның өз үні бар. Сондай талантты жастардың бірі – Әли Оқапов. Жуырда Әлимен әңгімелесудің сәті түскен-ді.

Физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын мектепке бермек болды

– Әли, қазіргі қазақ эстрадасының жаңа буынына тыңнан келіп қосылған әншісіз. Кейінгі жылдары тыңдарманыңызға танылып қалдыңыз. Қанша жасыңыздан бастап ән айта бастадыңыз?

– Мен кәсіби сахнаға он алты жасымда шықтым. Яғни, кейінгі жылдары ғана ән айта бастадым. Сахнаға келгеніме бар-жоғы төрт-бес жыл болды. Кішкене кезімде ән айтамын деп ойланған да жоқ едім. Әрине, анам екеуміз сахнада бір-екі әнді бірге орындағанбыз. Ол кезде мен тіпті сәби болатынмын. Сондықтан тұңғыш рет қанша жасымда ән айтқанымды дәлірек айта алмаймын.
Менің негізгі мамандығым – пианист. Эстрада жанрына бастапқыда жай қызығушылықпен келгенмін. Бірте-бірте әншілікке кәсіби тұрғыда бет бұрғанымды өзім де байқамай қалдым.

– Өнерге келуіңізге анаңыз Роза Қуанышқызының ықпалы болды ма?

– Көпшіліктің осы ойда екенін байқаймын. Мен әншілікті өзімнің қалауыммен таңдадым. Өйткені, ата-анам оқушы кезімде мені физика-математика пәні бойынша мамандандырылған мектепте оқытпақшы болғаны есімде. Алайда физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектепке барған жоқпын. Мүмкін қазақ өнерінің ортасында өсіп келе жатқан соң ба, әлде, басқа бір дүние әсер етті ме, сол кезде «пианист, музыкант боламын» деген шешім қабылдадым. Анама осы ойға түбегейлі бекінгенімді жеткіздім. Ол әдеттегідей мені қолдады. Осылайша Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде білім алдым. Сондықтан, әншілік – менің жеке таңдауым. Анам менің келешегімді әкеміз сияқты сазгерлікпен, продюсерлікпен байланыстыратын.

– Пианиноны толық дәрежеде игердіңіз бе?

– Әрине. Өйткені, мен оқыған мектеп кәсіби музыканттар тәрбиелеп шығаратын, жеті жылдық музыкалық білім беретін салалық мектеп. Оның үстіне мектепті үздік дипломмен тәмамдадым. Пианино сабағы бойынша кәсіби орта білімім бар.

– Музыка бойынша біліміңді жалғастыра алдыңыз ба?

– Иә. Қазір Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал факультетінің 4-курс студентімін.

Нағашы жұртыма жол түспей жүр

– Әкеңіз жадыңызда қандай бейнесімен қалды?

– Әкем Тасқын Оқапов – еліміздегі алғашқы продюсер. «А-Студио» тобы, Роза Рымбаева сияқты талантты өнерпаздардың жолын ашып, үлкен сахнаға шығарды. Әкем шетелдерге шыққанды жақсы көретін. Тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін шетелге шығуға мүмкіндік туды ғой. Ес біле бастағаннан әкемнің қасына еріп жүргенімді білемін. Біз саяхатқа көп шығатынбыз. Бармаған жеріміз жоқ. Бала кезімнің өзінде-ақ бүкіл әлемді әкеммен бірге аралап шықтым десем болады. Жер-жаһанды танытып, кең дүниеге көзімді ашқан әкемнің жақсылығын ерекше бір жылылықпен еске аламын. Бұл саяхаттар менің дүниетанымымның қалыптасуына өте жақсы әсер етті.

– Анаңыз Роза Қуанышқызы – Шығыстың тумасы әрі мақтанышы, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы. Нағашы жұртыңызға жиі барып тұрасыз ба?

– Жоқ. Нағашы – ер балаға ең жақын жұрт. Солай болса-дағы нағашы жұртқа жиі бара алмай жүрмін. Себебі, анамыз Шығыстағы барлық туған-туыстарымызды Алматыға көшіріп алған болатын. Қазір Шығыста ағайын-туған қалмады десе де болады. Анамның ағайындарының бәрі Астана мен Алматыда тұрады.
Мені Өскемен қаласындағы мәдени іс-шараларға жиі шақырып тұрады. Өзім келісіп, жоспарлап қойсам да, аяқ астынан басқа бір іс-шаралар килігіп кетеді де уәдемді орындай алмай қалып жатамын. Ал Семейде бірнеше мәрте сахнаға шықтым. Және семейлік тыңдармандарымның бар екенін байқадым. Олар мені үлкен ілтипатпен қарсы алды.

Анам мені «Құлыным» деп еркелетеді

– Анаңыз сізді қалай еркелетеді?

– Мен ерте есейдім. Анамыз бізді жақсы көргенімен, көп еркелете бермейді. Бірақ бала кезімнен бері «Құлыным» деп атайды. Әлі күнге «Құлыным» дейді. Бұл – мен үшін ең жылы сөз.

– Бірқатар музыкалық фестивальдарға қатыстыңыз. Өнерге келгеніңізге аз уақыт болса да жетістіктеріңіз де жоқ емес…

– Елімізде қазір түрлі шоу-байқаулар жиі өтіп тұрады. Бұл Қазақстанның әр түкпірінде жүрген қазақтың талантты, дарынды жастарының үлкен сахнаға шығуына жол ашады деп ойлаймын. Мен 2011 жылы «Жұлдыздар фабрикасы» телебайқауына қатыстым. Байғали Серкебаев, Тимур Жапаров сынды ағаларымыз осы жоба аясында көптеген жас әншілерді даярлады. Аталған жобаның ақтық сынында өнер көрсеттім. «Саз әлемі» байқауында «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Сондай-ақ, 1,5 млн. теңге ұтып алдым. 2010 жылы «Муззон» арнасында екі аталым бойынша марапатталдым. «Жыл жаңалығы» және «Жылдың үздік әні» аталымына менің орындауымдағы «Арманға» әні лайық деп табылды. Биыл аталған арна «Жылдың үздік әншісі» аталымымен марапаттады. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. «Астана жұлдызы» байқауында «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша марапаттады. «Алтын микрофон» сыйлығында «Үздік бейнебаян» аталымын жеңіп алдым. Сонымен қатар, Студенттер ассоциациясының таңдауы бойынша «Жыл студенті» атандым.

– Отандық музыкалық арналардың бірі сіздің бейнебаяныңыздың шет елдік белгілі әншінің қоржынындағы бейнебаянға ұқсайтынын айтып жатқанын көріп қалғанымыз бар еді. Айтыңызшы, бейнебаяндарды өзара ұқсас қылып түсіруге идеяның жетіспеушілігі себеп пе, әлде, бұл танымалдылықты арттыра түсудің бір жолы ма?

– Мұндай сындар болып тұрады. Оған түсіністікпен қараймын. Жалпы, мен эстрададағы әріптестерімнің әрқайсысының дараланып тұрғанын қалаймын. Әр әнші немесе топ өз стилімен, ән айту мәнерімен, музыкалық әрлеуімен, бейнебаянымен, тіпті, киім киісімен ерекшеленуі тиіс. Алайда, біздің көптеген сахна төрінде жүрген өнерпаздарымыз музыкалық арналарға бір-бірінен аумайтын бейнеклиптерін ұсынады. Бұл таспаларды қарап отырсаңыз, көпшілігі әйдік салынған үй-жайын, үлде мен бүлдеге оранып отырған тұрмысын, қымбат көліктерін немесе сұлу қыздарды көрсетуге құштар екенін байқайсыз. Мен бар болғаны, осы қалыпты бейнебаяндар топтамасынан бөлекше етіп түсіргім келді. Ал клипмейкерлер, режиссерлер әншінің ойын кейде дөп басады, кейде жеткізе алмай жатады… Бейнебаянды тартымды түсіре білу де әнші шығармашылығының бір бөлігі деп есептеймін. Алдағы уақытта бейнебаяндарды тыңдармандарымның көңілінен шығатындай етіп түсіруге тырысамын.
Жалпы, біздің ұлтымыз – өте дарынды ұлт. Қазақ халқынан кәсіби білім алмаса да қаншама ұлы музыканттар, әншілер шыққан. Бір ғана ән мектебінің өзі бізде жағрафиялық жағынан түрлі ерекшелікке ие. Бұл ретте мен кез келген өнер иесіне кәсіби білімнің қажеттілігін айтар едім. Өйткені, қаншалықты дарынды болсаңыз да, белгілі мөлшерде жиған білім сіздің талантыңызды одан әрі ұштай түседі, кемелдендіреді. Сондықтан, қазақ бейнебаяндарын да өте сапалы әрі мазмұнды, стилдік, заманауилық және технологиялық жағынан ешкімнен кем түспейтіндей етіп түсіре білуге қабілетті жастар өсіп келе жатыр деуге болады.

– Әли, қалада өскен қазақ жастарының кейбірі ана тілін меңгеру жағынан ұятты болып жатады. Ал сіз жатық сөйлейді екенсіз…

– Қазақ тілі – менің ана тілім. Отбасында әкем де, анам да қазақша сөйлеуіме үлкен мән беретін. Кейін оқыған Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде де қазақ тілінде білім алдым. Жалпы, кез келген жас ұлттық мәдениетіне құрметпен қарауы керек деп білемін. Бұл – оның тәрбиесінің қандай екенінің көрсеткіші бола алады.

– Отбасын құру туралы ойландыңыз ба?

– Әзірше отбасын құру туралы жоспарым жоқ. Өйткені, алдыңғы кезекте шығармашылығымды жетілдіру қажет. Сәтін салса, алдағы үш-төрт жылдың ішінде отбасын құратын шығармын. Өмірлік жар болар қызды әлі кездестірген жоқпын.

– Анаңыз болашақ келінінің қандай болғанын қалайды?

– Барлық ата-ана балаларының тату-тәтті әрі бақытты тұрмыс кешкенін қалайды ғой. Дегенмен, анам: «Болашақ келінім осындай болса екен» деп ашық айтқан емес. Сонымен бірге, қандай да бір шектеу, талаптар қойған жоқ. Жар таңдауды менің өз үлесіме қалдырып отыр. Сондықтан өзімнің таңдауыма сүйенемін.

– Әли, ойға алған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Алла қаласа, алдағы жылы алғашқы үнтаспамды шығармақ ойым бар. Осы үнтаспамның мазмұнын арттыра түсу үшін жаңа әндер, бейнебаяндар жазбақпын. Сондай-ақ, жаңа бағдарлама бойынша гастролдік сапарларға шығуды жоспарлап отырмын.

Сұхбаттасқан – Думан Нұрланұлы

Осы айдарда

Back to top button