Әлеуметтің әл-ауқатын арттырудың нақты жоспары
Облыс тұрғындарын негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарды, ауылды жердегі жастарды қолдау, бірінші кезектегі азық-түлік бағасының қымбаттауы, жұмыспен қамту, табыстың аздығы, несиені өтеп беру, таза ауызсумен қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелер толғандырады.
Бұл туралы республикалық партиялардың облыстық филиалдары жетекшілерінің Президенттің биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылғандарды жүзеге асыру барысын талқылаған саяси клубының кезекті мәжілісінде айтылды.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунковтың айтуынша, Мемлекет басшысы өз жолдауында 140-қа тарта маңызды тапсырмалар беріп, азаматтардың әлеуметтік проблемаларын шешудің нақты бағыттары мен тетіктерін атап көрсеткен. Жолдау сонымен бірге қазіргідей посткризистік кезеңде экономиканы қалпына келтіріп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда нақты әрі айқын жоспар болып табылады.
– Қазір өздеріңіз білетіндей, партияішілік іріктеу – праймериз жүріп жатқаны белгілі. Онда бірінші кезекте әлеуметтік мәселелер шешілуі тиіс деп санаймын. Мәселен, бүгінгі таңда ауылдағы тұрғындардың 33%-ы сапалы ауызсумен қамтылмай отыр. Облыс бойынша 219 баспана апатты жағдайда, оның ішінде Өскеменде – 38, Семейде – 21. Тұрғындарды баспанамен қамту да толық шешілмеген. Баспана кезегінде 33 мыңнан аса адам тұр. Соның ішінде әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататындар – 11277 адам. Көпбалалы аналар – 2052, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар – 6954, мемқызметкерлер мен бюджет қызметкерлері – 12 450, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері – 13. Бес жылға арналған сайлауалды бағдарлама қазан айының басында жасалатын болады, бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың басты көрсеткіші болмақ, – деді Олег Чугунков.
Ал «Ақжол» Қазақстанның демократиялық партиясы» ҚБ облыстық филиалының жетекшісі Бүркіт Сұлтановтың пікірінше, Президенттің екінші Жолдауы елдің қазіргі жағдайына сәйкес және Covid-19 пандемиясы тиісті министрліктердегі бірқатар кемшіліктерді көрсетіп берген және қоғамның жаңа өзгерістерге үмітті екенін ескертіп жасалған жан-жақты жолдау болды.
– Менің ойымша, өзіңе жауапкершілік артып, шешімдерді қабылдағанда ғана істің нәтижесін күтуге болады. Президенттің әлеуметтік мәселелерге байланысты бастамалары өзінің нақтылығымен ерекшеленгені тектен-тек емес. Президенттің әлеуметтік шешімдері, мысалы, келесі жылы БЖЗҚ жинақтарын тұрғын үй мен емделу үшін пайдаланатын салымшылар санының нақты анықталуы, тұрғын үй бағдарламаларын жақсарту параметрлерінің көрсетілуі, мұғалімдер мен дәрігерлер жалақыларының көтерілуі, инфекциялық ауруханалар мен ФАП-тар құрылысы үшін ғылыми гранттар бөлу туралы бастамалар туралығы және дәлдігімен ерекешеленді, – деді Бүркіт Сұлтанов.
Жолдауда айтылғандарды талқылауға арналған жиын барысында бұл екі партия өкілінен бөлек, республикалық «Ұлт» тағдыры қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Абай Қасенов, «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы» облыстық филиалының өкілі Сергей Михеев және басқалар Мемлекет басшысының маңызды құжатта айтқан тапсырмаларын орындауға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Дәурен Аллабергенұлы