Денсаулық сақтау

Әлеуметтік салаға басымдық беріледі

Өңірде алдағы үш жылда әлеуметтік саланы қолдау негізгі басымдыққа ие болмақ. Әсіресе білім беру, медицина, әлеуметтік көмек көрсету салаларына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылмақ.

Бұл жөнінде кеше облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен селекторлық режимде өткен облыстық мәслихаттың кезекті отыз бесінші сессиясында айтылды.

Депутаттар алдында 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақованың айтуынша, 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің меншікті кірісі 41 812,5 млн. теңге болса, 2021 жылға – 51 563,4 млн. теңге, ал 2022 жылға – 58 044,9 млн. теңге көлемінде болжануда.

– Республикалық бюджеттен келетін трансферттердің есебімен алғанда облыстық бюджеттің шығысы 2020 жылға 377 458,9 млн. теңге сомасында жоспарланып отыр. Ал келер жылдың ағымдағы шығысы 279 670,9 млн., даму бюджеті 97 778,0 млн. теңгені құрайды. Атап өтерлігі, облыстық бюджеттің бұл жобасы жергілікті атқарушы биліктің халық алдындағы барлық ағымдық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етеді және әлеуметтік маңызға ие, – деген басқарма басшысы әр жылдың бюджеті тиісті салалар бойынша өсіммен қалыптасып отырғанын да атап көрсетті.

Сәуле Ұлақова өңірдің әр саласына алдағы үш жыл көлемінде бағытталатын қаржы туралы да баяндады. Мәселен, бір ғана білім саласында облыстағы барлық педагогтардың еңбекақысын көтеруге қосымша 19 млрд., «Жас маман» жобасының аясында колледждерге құрал-жабдықтар алуға 1,6 млрд, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларынан жоғары білімді мамандар даярлауға 107,7 млн. теңге бөлініп отыр.

Бұдан бөлек, 2019-2021 жылдарға арналған көптілді білім берудің кешенді жоспарын іске асыру аясында 560 мұғалімді курстық дайындықтан өткізуге 150 млн. теңге жоспарланған. Ал аймақтағы жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мектеп түлектерінің басқа жақтарға кетуін азайту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде «Білікті маман» жобасы қолға алынған. 2020 жылы облыстағы бес университетке сұраныстағы мамандықтар бойынша қосымша 400 грант (барлығы 1446 грант) бөлінбек. Бұл мақсатқа 664,8 млн. теңге бағытталған.

Облыс бойынша келер жылы 2,8 млрд. теңгеге жаңа төрт мектептің құрылысы қаржыландырылса, өңірдегі білім саласының 137 нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Оның 79-ы – ауылдық жердегі мектептер. Бұл шаруаға 4,5 млрд. теңге көзделген.

Облыстық мәслихат депутаттары Төлебай Рахыпбеков пен Риза Молдашева соңғы жылдары өңір медицинасын бұрын-соңды болмаған дамудың халықаралық жаңа деңгейіне көтергені және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аймақ басшысына сайлаушылардың атынан алғыс білдірді.

Сессияда депутаттар бірқатар азаматтарға «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдады. Олардың қатарында Халық әртісі Роза Рымбаева, «Агрофирма Приречное» ЖШС директоры Мұхит Тұмабаев, Абай атындағы театрдың әртісі Бекен Имаханов, «Выдрихинское» ЖШС директоры Александр Белкин және Өскемен мен Семей Амфилохий эпископі Андрей Бондаренко бар.

Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне және биылғы мәслихаттардың 25 жылдық мерейтойына орай бір топ халық қалаулылары мерекелік төсбелгілермен, Парламент Сенатының, Қазақстан Халқы Ассамблеясының грамоталарымен, Сенат төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button