Денсаулық сақтау

Әлемге танымал хирургтің шеберлік сабақтары

        Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында екі шығысқазақстандықтың өкпесіндегі қатерлі ісікке Әлем адамы, Uniportal VATS негізін қалаушы, танымал испандық торакальді хирург Диего Гонсалес Ривас ота жасады. Бұл – әлемнің түпкір-түпкірінде бірпортты торакальді хирургия бойынша өзінің ноу-хау шеберлігінен шеберлік сабақтарын жүргізетін және ота жасайтын хирургтің Орталық Азиядағы алғашқы операциясы.

Бірпортты торакальді хирургияның (Uniportal VATS)  негізін қалаушының  дәл біздің Өскеменге келуі жайдан-жай емес.

Өкпе рагы – күрделі медициналық және әлеуметтік проблема, кең тараған қатерлі ісік және өлімге жиі әкеліп соғатын онкологиялық патология болып табылады. Онкология регистрінің мәліметтеріне сүйенсек, өкпенің қатерлі ісігі Шығыс Қазақстанда таралуы жағынан үшінші орында (1-орында жатыр мойыны рагы, 2-орында терінің қатерлі ісігі), ер-азаматтарда бірінші орында тұр. Өңірде 2019 жылы өкпенің жаман ауруына шалдыққан 439 жаңа жағдай тіркелді.

Скринингтік бағдарламалар қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Облыстық онкология және хирургия орталығында 2018-2019 жылдары онкология және радиология институтымен бірлесіп, елімізде тұңғыш рет төмен дозалы томографияның көмегімен өкпе рагына скринингтік тексерулер жүргізудің қанатқақты жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде 1070 адам тексеріліп, 32 тұрғынның өкпесінде өзгерістер байқалса, жеті адамда қатерлі ісік анықталды.

Онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау азинвазивті әдістерді қолдануға, радикалді оталардың аз зақымдайтын түрлерін жасауға мүмкіндік береді, мүгедектік жағдайлары азаяды және науқастың ешқандай асқынуларсыз, тезірек айығуына игі ықпал етеді.

Әлеуметтік желі дәнекер болыпты

Орталықтың онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Әділбек Баймұсановтың сөзіне қарағанда, әлемге танымал доктордың Өскеменге келуі орталық ұжымының шешімімен жүзеге асыпты.

– Алдымен, осындай танымал хирургтің Қазақстанға, оның ішінде  Өскеменге келуі  – біз үшін өте қуанышты жайт, үлкен мақтаныш. Ол үшін докторға алғысымызды білдіреміз.

Сіз доктормен  жеке таныссыз ба?

– Мен Диего Гансалес Ривас туралы алғаш рет  2017 жылы Лондонда тәлімгерлік өткенде шет-жағасын естідім. Кейін әлеуметтік желіде танысып, тығыз араласып кеттік. Вацап арқылы байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, кеңес алып жүрдік. Биыл ұжым болып талқылап, ол кісіні өзімізге шақыруды ұйғардық. Диего Ривас ұсынысымызды қуана қабылдап, біздің онкологтарға ғана емес, Нұр-Сұлтан, Семей, Павлодар қалаларынан келген әріптестерімізге де бірпортты торакоскопиялық ота бойынша шеберлік сабақтарын жүргізді. Екі науқасқа ота жасады.

     – Бұл әдістің ерекшелігі, артықшылығы  неде?

– Бірпортты торакоскопиялық отаның радикалды отадан көлемі жағынан көп айырмашылық жоқ. Кеуде ішінде жасалатын отаның аумағы өзгермеген, тек оған баратын жол ғана кішкене. Бар болғаны 4 см тілік арқылы кіріп, арғы жағында үлкен ота жасалады. Бұл әдісті біз 2017 жылы Лондоннан оқып келдік. Ал шетелдік ғалым бізге оны ары қарай қалай жетілдіре түсу керектігін үйретті. Бұрын да осындай бірлі-жарым операция жасағанбыз, енді жүйелі ағымға қоятын шығармыз, өйткені қажеттілік көп. Әріптестеріміз де шыңдалды. Мұндай отаның мүмкіндігі зор, асқынып кеткен не болмаса жайылып кеткен ісіктерге де жасай беруге болады. Ол үшін әлі де тәжірибені ұштай түсу керек, қолдарымызды дағдыландыру қажет, – дейді Әділбек Баймұсанов.

Бөлім басшысының түсіндіргеніндей, отаның бұл түрі экономиалық жағынан да тиімді. Науқас операциядан кейін үш күнде шығарылады. Дәстүрлі әдіспен ота жасағанда, науқастар алдымен жансақтау бөлімінде, кейін тағы он төрт күн дәрігердің бақылауында жататын. Кемінде жарты ай оңалту шаралары жүргізілетін. Мұның бәрі қосымша шығын болатын. Сонымен қатар өмір сүру сапасы нашарлайтын. Бірпортты торакоскопиялық ота науқастың тезірек сауығуына, асқынулардың болмауына мүмкіндік береді. Науқас хирургтерге амбулаторлы түрде тексеріліп тұрса болғаны. Ең бастысы – өмір сүру сапасы төмендемейді және оны ұзартуға мүмкіндік бар.

Торакальді онкохирург, онкохирургия бөлімінің басшысы Әділбек Баймұсанов – Семей мемлекеттік медициналық университетінің 2009 жылғы түлегі, Көкпекті ауданы, Шұғылбай ауылының тумасы. Ата-анасы ұстаздық жолды таңдағанымен, Әділбек бала кезінен хирург болуды армандапты. Еңбек жолын жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігер ретінде бастаған жас маман 2010 жылы онколог-хирург мамандығын меңгеріп алады.  Онкология және хирургия орталығына 2013 жылы келген Әділбек Баймұсанов  – бүгінде білікті маман.

Жолы болған науқастар

Доктор Ривастың шеберлік сабағында торакальді хирургтер Әділбек Баймұсанов пен Қанат Қамзин көмекші болып, екі науқасқа органдарын сақтап қалу әдісімен ота жасалды. Монопортты торакоскопиялық әдіспен бір тілік арқылы өкпенің бір бөлігіндегі қатерлі ісік пен лимфа бездері алынып тасталды.

Науқастардың бірі, өскемендік 64 жастағы Ербол есімді азаматқа диагноз онкоскринингтік тексерілулер кезінде қойылыпты.

– Шынымды айтсам, өкпемнің бір жерінде дақ жас кезімнен болды, бірақ мазаламайтын. Өткен жазда Египетте демалдым. Дайвинг кезінде құлағыма су кіріп кетті. Аздап жайсыздық тудырған соң, үйге келген соң емханаға барып, тексерілмек болдым. Ол жерде бірден скринингтік тексеруге жіберді. Сол қазан айынан әртүрлі зертханалық талдаулар жүргізді, жан-жақты тексерді. Онкологқа жолдама беріп, осы жерден бір-ақ шықтым. Жолым болып, білікті шетелдік хирургтің қолына түстім. Кеуде тұсымда отаның орны – кішкене ғана тілік бар. Екі-ақ күн болды жасағандарына. Операциядан кейін ертеңінде тұрып кеттім. Өзімді жақсы сезінемін. Қазір ауырсынуды басатын дәрі ғана салып жатыр. Бүгін шығарса да, қарсы емеспін, – деп күледі Ербол аға.

Екінші науқас, 69 жастағы Владимир Михайлович жиырма жасынан шылым шеккенін, бұрыннан бронхит болып ауырғанын айтады. Жылда тексеріліп жүреді екен. Өткен жылы суық тиіп, қатты жөтеле бастайды. Дәрігерлер жан-жақты тексерулер тағайындап, бұл кісі де екі айдай емханалардан шықпайды. Зерттеулерді көбінде жергілікті терапевтің жолдамасымен тегін, тек асыққан кезде жеке клиникаларда ақылы жасағанын айтады.

– Туберкулезге де тексерді. Аман екенмін. Содан осында онкологқа жолдама берген. Әділбек деген дәрігерге түстім. Ол қағаздарымды қарап, ота жасау керек деді. Шетелден танымал хирургтің келгенін айтты. Мен келістім. Шетелдік хирургті де көрдім. Бізбен аудармашы арқылы тілдесті. Ота жасағаннан кейін де кіріп, жағдайымызды сұрады, – дейді Владимир Михайлович.

Жетпіске таяп қалған Владимир Михайлович бір қарағанда тың. Өмір бойы шаңғымен жүгірумен айналысқан көрінеді, екінші разряды бар. Балық аулау, табиғат аясына шығу жастайынан дағдысында бар екен. Сол себепті отадан кейін тез оңалып кететініне сенімді. Стационардағы  жағдайына көңілі толатынын да жасырмайды. «Тамақтары жақсы, палаталар төрт кісілік, таза әрі жылы» дейді.

– Ота жасалғандардың денсаулығының ары қарай қалай болатыны гистологияның қорытындысына, дерттің стадиясына байланысты. Өкпе қатерлі ісігінің өзінің бірнеше түрі бар. Егер рецедивт болмаса, әлі де ұзақ әрі сапалы өмір сүре алады. Қазір біздің бақылауымызда болады, – деп атап өтті хирург Әділбек Баймұсанов.

Шетелдік танымал хируг болса біздің онкоорталықтың жабдықталуы мен мамандарымызға қатысты пікірін былайша жеткізді.

– Мен жыл сайын осындай 850 ота жасаймын. Әлемнің 108 елінде бірпортты торакоскопиялық хирургия (Uniportal VATS) бойынша оқыту бағдарламаларын жүргіздім. Сіздердің онкологиялық және хирургиялық орталықтың шақыртуын қуана қабыл алдым. Өйткені ешқашан Орта Азияда болып көргем жоқ. Орталықтың мүмкіндіктері мені таңырқаттырғанын жасырмаймын. Аурухана заманауи медициналық диагностикалық құрал-аспаптармен жабдықталған. Сіздердің дәрігерлеріңізге әлемнің озық клиникаларында үздік мамандардан дәріс алуға, оқып-үйренуге керемет мүмкіндік берілген. Дәрігерлеріңіздің жанарынан энтузиазмді көрдім, бұл мені өте қуантты, өйткені бұл мол мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді. Мен біздің серіктестігіміз жалғасын табады деп ойлаймын және сіздердің дәрігерлерге табыс тілеймін, – деді Диего Ривас.

Еске сала кетейік, видеокөмекші торакоскопия (VATS) әдісі облыстық онкология және хирургия орталығында 2018 жылдан қолға алынып келеді. Жоғарыда жазғанымыздай, облыстың денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру бағдарламасы бойынша мультидисциплинарлы топ 2017 жылы Лондонда білімдерін жетілдіріп келген болатын. Осы бағдарламаның шеңберінде онкоорталық Olympus 3D видеоэндоскопиялық кешенімен жабдықталған.  Міне, екі жылдан бері орталықта өкпеге азинвазивті видеокөмекші хирургиясы әдісімен оталар сәтті жасалып келеді. Осы уақытқа дейін 60 пациентке осы әдіспен операция жасалды.

 Uniportal VATS негізін қалаушы Диего Гонсалес Ривас (Diego González Rivas) – Ла-Корунья университеттік аурухана-кешенінің (CHUAC) хирургі, Америкалық торакальді хирургия ассоциациясының мүшесі, Шанхай өкпе аурулары клиникасындағы (Shanghai Pulmonary Hospital) торакальді видеохирургия бағдарламасының жетекшісі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button