Әлемдік стандартқа сай сапалы өнім ұсынбақ
Өскеменде биыл екінші рет өткізілгелі отырған «Өскемен ЭКСПО-2015» көрмесі мамырдың 22-сі күні «Алтай» технологиялық паркінде өтетіндігінен, оған қойылатын инновациялық жобалармен отандық мамандардан бөлек Қытай, Корея, Түркия және Ресей бизнесмендері мен ғалымдары танысып, бағалайтындығынан газет оқырмандары хабардар.
Көрменің конкурсына ұсынылып жатқан түрлі тақырыптарды қамтыған тың жобалар да, бизнес жоспарлар да баршылық. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған сондай жобалардың бірі «Мал және құс жеміне қосатын белсенділігі жоғары биологиялық қоспаларды инновациялық биотехнологиялық жолмен өңдеу» деп аталады. Жобаның ғылыми жетекшісі биология ғылымдарының докторы Александр Воробьевке хабарласып, көрмеге ұсынған жобаның артықшылығы жайында айтып беруін сұрағанбыз.
– Мал және құс шаруашылығы неғұрлым дамыған сайын олардан бөлініп шығатын зиянды қалдықтардың мөлшері, рұқсат етілген шамадан асып, қоршаған ортаға қауіп туғызуда. Көптеген агроөнеркәсіпті кәсіпорындар электр энергиясының қымбаттығынан банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұр. Ал сол шаруашылықтар зиянды деп қоқысқа тастап немесе өртеп жатқан қалдықтарды ұтымды пайдаланса, электр энергиясына қатысты мәселенің 60-80 пайызын өздеріне тиімді жағдайда шешіп алуларына болады. Біз мал, құс азығына үстемелеп қосатын биологиялық белсенді қоспаларды технологиялық жолмен өңдеп, өндіруді тәжірибемізге енгіздік. Бұл негізгі құрамы сүттің сарысуы мен минералдық шикізаттардан, гуминді заттар мен малдың тезегінен тұратын биологиялық белсенді әрі экологиялық қауіпсіз жем қоспаларын өндіруде ғылымның биотехнологиялық бағыттағы жетістіктерін тиімді пайдалануымызды қамтамасыз етеді. Мұндай дәрумендерді пайдалану мал және құс өнімдерін дамыта түсуге, сондай-ақ, жұқпалы инфекциялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал еліміздегі аса маңызды экологиялық тапсырмалардың бірі – жан-жануарлар мен құстар арқылы адамдарға тарайтын жұқпалы аурулардың алдын алу. Олардың ошағын тауып, залалсыздандыру.
2014 жылдың қыркүйегінде «Багратион» (Ұлан ауданына қарасты Привольное селосы) эксперименттік-өндіріс учаскесіндегі биологиялық белсенді қоспалардың мал ағзасына әсер етуін зерттейтін өндірістік тәжірибе өз жұмысын бастаған. Нәтижесінде мал салмағының 6-8 пайызға, сүттің 5-7 пайызға артқандығын көріп отырмыз, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ профессоры А.Воробьев.
Жобаның артықшылығы – технологиялық өндірістің арқасында жыл бойы өндірілетін ет және сүт өнімдері тұтынушылардың тұрақты сұранысына ие болмақ. Осылайша, табиғи компоненттерден жасалған экологиялық таза әрі биологиялық белсенді қоспалар мал және құс шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттырып, әлемдік стандартқа сай экологиялық таза әрі сапалы өнім ұсынуға жол ашпақ.
Серік Құсанбаев