Шағын ЕХРО-2014

Шығыс Қазақстан «жасыл» экономика саласындағы көшбасшы өңірге айналады

Шығыс Қазақстан «жасыл» экономика саласындағы көшбасшы өңірге айналады

24-мамырда Өскемендегі «Алтай» технопаркінде елімізде тұңғыш рет VІІ Астана экономикалық форумның қисынды жалғасындай болған «Өскемен EXPO-2014» көрмесі өтті. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен ұйымдастырылған шараға Парламент депутаттары, Нобель сыйлығының лауреаттары Курт Вютрих пен Святослав Тимашев, әлемнің 12 елінен келген ірі кәсіпкерлер мен ғалымдар, дипломатиялық миссия өкілдері қатысты. Астанадағы форум аясында Елбасымен кездескен шетелдік қонақтар Кенді Алтайдың жаһандық сұраныстар мен сын-қатерлердің шешімін ұсынар тың жобалардан кенде емес екеніне куә болды.
Астана форумының қисынды жалғасы
Облыс әкімі көрменің кереметтерін мәртебелі меймандарға өзі таныстырды. 86 жобаның ішінен үш аталым бойынша үздік деп танылған 21 жобадан бөлек, инновациялық сенсацияға баланып үлгерген, қазірде қолданысқа кеңінен тарай бастаған жобалар мен әуесқой өнертапқыштардың креативті идеялары да көрме қонақтарының назарына ұсынылды. Жемісін беріп үлгерген жобалар технопарктің ауласында таныстырылды. Соның бірі – «ДЭТ-320» маркалы шынжыртабан трактордың жаңғыртылған үлгісі.
– Біздің өңірде қыс мезгілінде 40-50 градус аяздар болып, жолдар жабылып қалады. Сондықтан аталмыш тракторлар тек кен қазу ісінде ғана емес, жолдарды тазалау жұмыстарына да таптырмайтын техника саналады. Мұндай тракторлар қазір Ресейдің өндірісінен алынып тасталған. Өйткені, техниканың қозғалтқышы бір рет шағылса, жөндеу мүмкін емес. Ал біздің семейлік өнертапқыштар оның қозғалтқышын ауыстырып, тоқтап қалған тракторларға қайта жан бітіріп отыр, – деді аймақ басшысы кезекті жобаның маңызын түсіндіріп.
Меймандар Шығыста салына бастаған су электр стансаларының әлеуетіне ерекше қызығушылық танытты. Аймақ басшысы Қазақстандағы жалпы су қорының 60 пайызы біздің облыста шоғырланғанын, мұндағы су арналарының көбі тау өзендері болғандықтан, оларды қуат көзі ретінде пайдалану ойластырылып отырғанын айта келе, әзірге 13 жоба қолға алынғанын жеткізді.
Көрмеге қатысушылардың кейбірін күн мен желден қуат алатын вагон-баспана қызықтырса, енді бірі «КЭМОНТ» АҚ өндіретін электр реттеуші панельдің мүмкіндіктеріне таңдай қақты.
Ал технопарктің кіреберісінде есімі жалпақ жаһанға мәшһүр ғалымдардың батасын алуға асығып әуесқой өнертапқыштар тұрды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ мемлекетке пайдалы қондырғыларды ойлап тапқан талапты жастарға аузы дуалы ғалымдар батасын беріп қана қоймай, жобаны патенттеп алу ең маңызды дүние екенін ескертумен болды. Солардың бірі – күршімдік Мейіржан Серікбаев бұл жерге мал тезегін әрі қуат пен қорек көзі, әрі тыңайтқыш ретінде пайдаланатын жылыжай жобасын ұсына келіпті. Оқушы өнертапқыштардың арасында Нобель сыйлығының лауреаттарына өз жобасын ағылшын тілінде таныстырып, ерекше ықыласқа бөленгендері де болды. Көршілес Қытай өнертапқыштарының көрмеге ұсынған жобалары да осы жерден орын тауыпты.
Ал «Болашақтың қуаты» жобалар байқауында жеңімпаз атанған жобалар ғимараттың үстіңгі қабатында таныстырылды. Олардың арасында өзімізден бөлек Астана, Алматы, Қарағанды қалалары мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан сынға түсіп, үздік танылған тың жобалар бар. Еліміздегі аталмыш үш қала да бұл байқауға ерекше белсенділік танытқанын айтқан жөн. Мәселен, Қарағанды бұл сынға – 9 жоба, Астана – 8, Алматы – 7 жоба ұсынған. Шетелдік қонақтардың көрме залында жоспарланған уақыттан артық айналуы жобалардың қаншалықты мазмұнды болғанынан хабар берсе керек. Ғалымдар жобалардың күмәнді тұстарын нақтылап, сын-ескертпелер мен оң бағаларын берсе, кәсіпкерлер өнертапқыштардан байланыс мекенжайларын сұрап жатты.
Көрмедегі жобаларға жаһандық жаңашылдығы тұрғысынан алғаш болып оң бағасын берген Саутгемптон университетінің профессоры, нанаофизика және фотоника саласының білгірі Алексей Ковакин болды.
-Бұл өлкенің индустрия саласында елдеріңіздегі көшбасшы өңірлердің бірі екенін білетінмін. Десе де бір ғана облыстың әлеуеті осындай болса, тұтас ел ретінде жаһандық «жасыл» экономикаға берерлеріңіз қаншалықты екенін елестету қиын емес. Тек бір ережені ескерген жөн. Қазір барлық мемлекеттер балама энергия көздерін табуға ұмтылып отыр. Осы тұрғыда сіздер тыңнан түрен сала білулеріңіз қажет. Ал егер өзге елдердің жаңалығын көшірмелейтін болсаңыздар, әрдайым артта жүретін боласыздар. Сондықтан тек өздеріңізге ғана тән жобаларға көптеп көңіл бөлген жөн, – деді әйгілі физик.

Неміс физигі «нағыз патриот күн энергетикасымен шұғылдану керек» деді

Шығыс Қазақстан «жасыл» экономика саласындағы көшбасшы өңірге айналады

Бірнеше айдан бері «ЭКСПО» деп елеңдеген біздің облыстың кәсіпкерлері мен кәсіпорындары айтулы көрмеге жаңашылдығы басым бірегей жобалар ұсынып, айырықша дайындықпен келгенін көрсетті. Бірінші қабаттағы облыс кәсіпорындары өнімдері де, төртінші қабаттағы конкурс жеңімпаздарының жобалары да танымал ғалымдардың, жалпы жиынға қатысушылардың назарынан тыс қалмай, үлкен қызығушылық тудырды. Енді ғана қолға алынып жатқан жаңа жобалар мен тың бастамаларға олардың тарапынан толықтырулар мен пікірлер де айтылып, қолдау білдірілді.
Әсіресе, әлемдік танымал сарапшы, неміс физигі Клаус Тиссенді біздің аймақтың жаңартылған энергия көздері саласының әлеуеті ерекше әсерде қалдырды.
– Сіздерде күн, жел, ұлан ғайыр кең дала бар – осы табиғи байлықты пайдаланбай отыруға болмайды. Тіпті, Қазақстанның туында көк аспандағы жарық күн бейнеленген – бұл тағдырдың белгісі. Қазақстанның нағыз патриоты күн энергетикасымен шұылдануы керек. Мен Өскеменге келе жатқанда менің «жасыл экономика» туралы ойым сіздердің елдеріңіздің ойымен сәйкес келетінін білдім. Мен сіздердің елдеріңіздің «күн энергетикасы» әлеуеті туралы баяғыдан бері білемін. Сіздер күн батареяларын өндіретін зауыт салдыңыздар, маған осы өндірісті көруге мүмкіндік туып отырғаны үшін мен бақыттымын. Айтпақшы, мен бұл жерден басқа нәтиже күткен жоқпын, көрме, адамдар, атмосфера – осындағы, Астанадағы, бәрі де үлкен әсерге бөледі. Астана экономикалық форумынан кейін бірден Өскеменге ұшып келдік. Біз Германияда сіздермен тығыз байланыс орнату үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деген әлемдік сарапшы Қазақстанның, аймақтың жаңартылған, баламалы энергия көздерін пайдалануды жетілдіруі қажет екенін тағы да атап көрсетті.
– Сондықтан осындай әлеуетке ие болып тұрғанда атом энергиясын дамыту қажет емес, осы табиғи көздердің беретін мүмкіндіктерін пайдаланыңыздар. Сіздер Германия 10 жылдан соң соңғы атом станциясын «өшіретінін» білесіздер. Өкінішке қарай, бұл күрделі мәселе, бірақ одан бас тартқаннан ешкім ешнәрседен ұтылмайды. Жапония да атом энергетикасымен айналысқан ел екенін білесіздер. Чернобыль мен Фукусиманың зардаптары ерте ме, кеш пе қайталанбас үшін жаңартылған энергияға ден қою керек.
– Осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетіне жұмыс сапарымен барған кезде сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ лекциясына қатыстым. Мен де ММУ-дың түлегімін. Сонда сіздердің президенттеріңіз ең алғаш рет дамудың еуразиялық жолы туралы айтты. Ол қазір өз идеясын өз халқымен бірге іске асырып келеді. Бұл туралы Шарль де Голь де айтқан болатын. «Еуразиялық аймақ Лиссабоннан Владивастокқа дейін созылып жатыр» деп. Ең маңыздысы – бұл еуразиялық тұтастық бастамасы. Сонда бөлек аймақтармен қақтығыс болмайды, – деген ғалым Клаус Тиссен аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА осындай шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
«Өскемен ЭКСПО-2014»-тің мәні мен маңызына, біздің аймақтың әлеуетіне өз еліміздің мамандары да айырықша тоқталды. Қазақстандағы «Жасыл экономика» үшін және G –GLOBAL дамыту коалициясы бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрайымы Салтанат Рақымбекова Шығыстағы бірқатар кәсіпорындар елімізде жасалып жатқан «жасыл» компаниялар тізімдемесіне енгізілетінін атап айтты.
– Осы көрмеге келгенде өңірде басқа-басқа, аты әйгілі Жапонияның ғалымдарымен де бірлесе жасалып жатқан жобаға дейін бар екендігі бізді таңғалдырды. Дәстүрлі уран реакторын алмастыруға арналған торий энергетикасы жобасы, басқа да біз көрген бірқатар жобалар «Болашақтың энергиясын» көрсететін «ЭКСПО-2017» көрмесінің аса қызықты жобаларының бірі болады деп ойлаймын. «Өскемен ЭКСПО-2014» «ЭКСПО-2017» көрмесіне алдын ала жасалған нақты дайындық екенін көрсетіп отыр. Бұл – Қазақстанда, өңірлерде ең алғаш рет ұйымдастырылып отырған маңызды шара. Халықаралық көрме бюросының ЭКСПОНЫ өткізуде алға қоятын басты шартының бірі – қоғамдық ұйымдардың, қоғамның көрмені өткізуге бастамашы болып, қолдау көрсетуі. «Жасыл» экономика тұжырымдамасы өткен жылы ғана жасалып, енді ғана көңіл бөлініп жатқанына қарамастан Шығыстың өзінде де бірнеше ондаған кәсіпорын осы бағытта жұмыс істеп, өнімдерін өндіріп жатқанын көрдім. Олардың бәрі біз әзірлеп жатқан «жасыл» компаниялар тізімдемесіне енгізіледі, – деді ол.
Форумның пленарлық отырысында сөз алған аймақ басшысы бұл көрме өңірдегі кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің өз істеріне жаңа идеялар мен инновациялық технологияларды енгізу, бәсекеге қабілетті өнімдер шығару жолындағы ізденістеріне қарқынды серпін беретін старттық алаң болатынын атап көрсетті.
– Біздің облыс республикада өндірілетін инновациялық өнімнің 25 пайызын шығарады. Соңғы үш жылда инновациялық белсенді кәсіпорындардың саны бір жарым есеге көбейді. Ал инновациялық өнім көлемі үш есеге артып, 99 млрд. теңгеге жетті. Өткен жылы Өскеменде күн батареяларына арналған кремний пластиналарының өндірісі іске қосылған. 13 бірдей шағын су және жел электр стансаларының жобалары жасалып жатыр. Биыл Тұрғұсын су стансасы мен Өмеш жел стансасы іске қосылуы тиіс. Курчатов қаласында ядролық физиканы дамытуға қажет инфрақұрылым да, мамандар да, ғылыми база да жеткілікті. Энергия өндірісін әртараптандыру кезек күттірмейтін мәселе екенін ескерсек, атом энергетикасына, соның ішінде торийдің артықшылықтарына көңіл бөлуіміз қажет. Осында жиналған аузы дуалы мамандар біздің әлеуетімізді толық көрді деп ойлаймын. Ұсынылған жобаларға қатысты ескертулеріңіз немесе кеңестеріңіз болса, біз қуана қабылдаймыз, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев әлемнің жетекші елдеріндегідей Қазақстанда да жаңа энергия көздерін іздеуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атады. Аталмыш министрлік тарапынан табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға да жаңаша көңіл бөліне бастағанын айтқан вице-министр «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы мен су ресурстарын басқару бағдарламасының бұл салаға жаңа серпін бере бастағанын жеткізді.
Жылдан-жылға балама қуат көздерінің үлесін ұлғайту стратегиясы 2020 жылға қарай өз жемісін беру керектігін айтқан ол бүгінгі көрме Астанада өтетін «EXPO-2017» көрмесіне алдын ала дайындық болып қана қоймай, күн бұрын елордада аяқталған экономикалық форумның көшпелі отырыстар кезеңін бастап бергенін атап көрсетті.
– Еліміздің «жасыл экономикаға» көшіп, аталмыш салада үлкен жетістікке жетуіне Шығыс Қазақстанның зор үлес қосатынына сенім мол. Мұндағы табиғи жағдай да, мамандар әлеуеті де осылай деуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұнда осының барлығын үйлестіріп, іске асыруға арналған алаң бар, – деді Ерлан Нысанбаев.

Баламалы энергияның шексіз көзі бар

Бұдан кейін сөз тізгінін алған Нобель сыйлығының лауреаттары Қазақстанның бұл салада бастамашы ретінде атқарып отырған қызметін жоғары бағалайтындарын айтты.
«Бұл өңірді түсті металлургия саласына ерекше көңіл бөліп отырған өлке ретінде білетінбіз. Бұл салада қолданылатын технологияларыңыз ешбір елден кем емес. Көрмеден ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жаңаша көзқараспен келіп отырғандарыңыз ұнады. Әсіресе, малдың тезегін түрлі қажетке жарату идеяларының сан алуандығын көріп таңғалдым. Бұл елдің табиғи жағдайы да балама және жаңармалы қуат көздерінен қуат алуға аса қолайлы. Тек соның бәрін тиімді әрі дер кезінде игере білу қажет. Ал қазіргі аяқ алыстарыңызға қарап бұл міндетті мүлтіксіз орындайтындарыңызға сеніп отырмын», – деді Нобель сыйлығының химия саласы бойынша лауреаты Курт Вютрих.
«Астанадағы экономикалық форум аясында Президенттеріңізбен кездесу барысында ол біздің алдымызға бірнеше мәселені көтерді. Ол көтерген мәселенің кейбірінің ғана шешімі біздің қолымызда бар екенін аңғардық. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ – ұлттық шеңберден тыс мәселелердің шешімін нұсқауға қабілетті тұлға. Астанадағы экономикалық форум халықаралық деңгейде байланыстар орнатып, ғаламдық мәселелерді шешуге мүмкіндік берсе, Өскемендегі бүгінгі көрме сол диалог алаңының сәтті жалғасы болып отыр.
2007 жылы алғаш рет жаһандық экология мәселесі жаһандық саясаттың басты нысанасы болу керектігі де сіздердің тараптарыңыздан айтылды. Сол кезде-ақ G-Global идеясының өміршең болатынын сезгенмін. Қазіргі таңда әлем алдында ғаламдық жылынудың зардабын жою және оның жағымды тұстарын пайдаға асыру жобаларына сұраныс көп. Өндірістік қалдықтарды шығаруды мемлекетаралық деңгейде реттеу жөніндегі идеялар бірқатар экологиялық мәселелерді күн тәртібінен түсіруі мүмкін. Адамзаттың орташа өмір сүру жасын ұзарту бойынша түрлі идеялар бар. Бұл жағынан да сіздерден ойға қонымды ұсыныстар күтуге болады. Жалпы, жасыл экономикаға көшу идеясы статикалық қысқамерзімді көзқарастарды көтермейді. Бұл тұрғыда Қазақстанның ұзақмерзімді көзқарасқа құрылған қадамын атап өтпей болмайды», – деді Нобель сыйлығының техника саласы бойынша лауреаты Святослав Тимашев.
Күн энергетикасы бойынша әлемдегі танымал сарапшы Клаус Тиссен болса, күн энергиясын пайдаланудың бірнеше жолы бар болғанымен, олардың мүмкіндіктері әртүрлі екенін ескертті. Бүгінде әлем ғалымдары оларды әртүрлі модульге бөліп қарастырып жатқанын, күннен қуат алатын қондырғылардың біржақты немесе екі жақты панельге сүйену керектігін зерттеп, қондырғылардың жылжымалы немесе жылжымайтын болуы қажеттігі төңірегінде бас қатырып отырғанын түсіндірді. Ғалым баламалы энергияның шексіз көзі бар Қазақстан үшін атом энергетикасын пайдалану аса қажет емес деген пікірін де айтып қалды.
Бұлардан кейін сөз алған халықаралық білім беру қозғалысының президенті Лали Бердзенишвилли де, Жерорта теңізі іргелі физика институтының президенті Джузеппе Эрамо да, жапондық «Киото Нейтроникс» компаниясының президенті Такаша Камей де өз ойларын ортаға салып, көрмеден алған әсерлерімен бөлісті.
Такаша Камей мырза торий энергетикасының артықшылықтарына жан-жақты тоқтала келе, аталмыш элементтің қоры жөнінен әлемде үшінші орын алатын Қазақ елі үшін бұл сала да аса пайдалы арнаға айналуы мүмкін екенін меңзеді.
Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников Шығыс Қазақстан еліміз бойынша «жасыл» экономика саласындағы көшбасшы өңірге айнала алатынын, бүгінгі көрме өңірдегі бизнестің дамуына, сырттан инвестицияның ағылуына жол ашқанын атап көрсетті.
Бұл форумға «Астана-Экспо-2017» ұлттық компаниясының өкілдері де қатысты. «Жасыл» экономиканы және G-Global дамуын қолдаушы коалицияның басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова солардың атынан сөз алып, бүгінгі көрме 2017 жылы Астанада өтетін шараны көз алдымызға әкелгендей болғанын айтты. Шығысқазақстандықтар аталмыш көрмеге облыстар арасында бірінші болып үлес қосқанын да атады. Бүгінгі шара «Астана-Экспо-2017» ұлттық кампаниясының өкілдерін «ЭКСПО-2017» сайтынан «Өскемен Экспо-2014» атты бұрыш ашу, әуесқой өнертапқыштар арасында волонтерлар байқауы мен «Экологиялық таза бизнес» конкурстарын жариялауға шабыттандырыпты.
Техас университетіндегі нанотехнологиялар институтының директоры Анвар Захидов көрме де, форумда өз деңгейінде өтіп жатқанын айта келе, аймақ басшысының болашақтың энергиясын іздеуші жергілікті ғалымдардың әрқайсысын жеке танитынына тәнті болғанын жасырмады. Соның құрметі ретінде Техас ковбойының символы саналатын төсбелгі сыйлады.
– Әлемде зерттеліп жатқан балама қуат көздеріне қатысты жобаның барлығын бүгінгі көрмеден көріп таңғалдық. Бірақ бұл жерде оның барлығы ескі қондырғылар негізінде жобаланған. Егер осы құнды идеяларды жаңа қондырғылар арқылы іске асырсаңыздар, әлем бойынша алдыңғы үштікке қиналмай енесіздер, – деді ол.
Пленарлық отырысты қорытындылаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мамандар айтқан ұсыныстардың барлығы қаперге алынғанын айтты. Отырыс соңында бірнеше меморандумдарға қол қойылып, «Болашақтың қуаты» байқауында үздік шыққан 21 жобаның авторлары Нобель сыйлығы лауреаттарының қолынан марапат алды.

Ғылымда жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті

Шығыс Қазақстан «жасыл» экономика саласындағы көшбасшы өңірге айналады

Алыстан ат терлетіп келген мәртебелі меймандар, атап айтқанда, Нобель сыйлығының лауреаттары Курт Вютрих пен Святослав Тимашев, сондай-ақ, Клаус Тиссен, Алексей Кавокин, Джузеппе Эрамо сынды ғалымдар облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да студент жастармен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі жоғары оқу орындарының оқытушылары мен үздік студенттері, жас ғалымдар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
– Біздің өңірдің білім-ғылым саласындағы жетістіктері жаман емес. Студенттеріміз бен мектеп оқушыларымыз көптеген халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсат осы жастарымыз әлемге белгілі ғалымдармен, соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттарымен бетпе-бет жүздесіп, пікірлерін тыңдасын, сұрақтарына жауап алсын деген ойдан туған. Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейтінін ескерсек, уақытты тиімді пайдалану қажет, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өткізіліп отырған «Өскемен ЭКСПО-2014» шағын көрмесінің мән-маңызына тоқталып өтті.
Ашық сұхбат түрінде өрбіген кездесуде құрметті қонақтар залға жиналған қауымның кезекпен қойған баламалы энергетика, инновациялық технологиялар, ядролық қарудан бас тарту арқылы атомды бейбіт мақсатта пайдалану, физика және химия салаларын қамтыған сан алуан сауалдарына нақты әрі толымды жауаптар берді, ғылымда жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті, «Өскемен ЭКСПО-2014» көрмесінің өткізілуі мен ондағы көпшілік назарына ұсынылған жобалар туралы ойларын жеткізді. Сондай-ақ, белгілі ғалымдар ғылымды терең меңгеру үшін жастарға шет тілдерді, әсіресе, ағылшынша үйренуге, ұдайы ізденісте болуға, тынбай еңбектенуге кеңес берді.

Еліміздегі бірегей кәсіпорын

Бұдан соң құрметті қонақтар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған Өскемендегі фотоэлектрлі пластиналар шығаратын «Қазақстан Солар Силикон» зауытында болып, оның жұмысымен танысты.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы құрамындағы инновациялық, жоғары технологиялық аталмыш кәсіпорын әлемдегі озық технологиялармен толықтай жабдықталған. Мұнда ғалымдарға күн батареяларына қажетті, күн сәулесін энергияға айналдыратын фотоэлектрлі ұяшықтар жасау үдерісі көрсетілді.
– «Қазақстанда шығарылған» деген жазуы бар күн батареялары толықтай өзімізде өндіріледі. Яғни, кремний шикізатын игеруден бастап, дайын тауар жасауға дейінгі үдерістердің бәрі осы жерде іске асырылады. Біздің зауытта Еуропа елдерінен жеткізілген заманауи үлгідегі күрделі қондырғылар орнатылған. Айталық, француздың «ЕСМ» және «SEMCO» фирмалары шығарған негізгі технологиялық құрылғылар сынақтан сәтті өткізіліп, жұмыс істеуде, – деп түсіндірген «Қазақстан Солар Силикон» ЖШС-нің бас директоры Василий Ли кәсіпорында жыл сайын бүкіл бір электр станциясы өндіретін қуат беруге қауқарлы өнім шығарылатынын мақтанышпен айтты.
Аталмыш зауытта еліміз үшін мүлдем жаңа өнім, яғни, күн батареяларының басты бөлшектері – фотоэлектрлі пластиналар шығарылады. Өндіріс Францияның дайын технологиясын тұтас көшіруге негізделген. Басты шикізат – Алматы облысының аумағынан қазылып алынатын таза кремний. Мұндай саф кремний әлемде екі-ақ жерде кездеседі, Аустралияда және Қазақстанда. Өскемендік пластиналар Астанадағы зауытқа жөнелтіліп, сонда күн батареялары құрастырылады.
– Сіздердің елдегі кремнийден фотоэлектрлі пластиналар өндіретін тұңғыш әрі жалғыз кәсіпорынның жұмысын көзбен көрдік. Бұл шынымен де ультразаманауи өндіріс орны деп атауға лайықты зауыт екен. Дегенмен, кремний қымбат шикізат, сондықтан алдағы уақытта күн батареяларын өндіруде бағасы бірнеше есе арзанға түсетін органикалық материалдарды пайдалануға көшу қажет деп есептеймін. Жалпы алғанда сіздердің облыста «жасыл экономика», яғни, баламалы қуат көздерін өндіру бағытында бірқатар жобалар қолға алынып, жұмыстар атқарылып жатқанына куә болдық. Көңіліміз толды, – дейді Англиядағы Саутгемптон университетінің профессоры, физик-теоретик, нанофизика және фотоника жөніндегі маман Алексей Кавокин.

Святослав Тимашев, Нобель сыйлығының лауреаты:

– Қазақстанның инновациялық әлеуеті өте жоғары, керек десеңіз Ресей мен Белорусь елдерінен де асып түседі деп ойлаймын. Әрине, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттің инновациялық жобалар саны басым болуы мүмкін, алайда, сапа мен бағыттаушылық тұрғысынан алып қарасақ, сіздер оқ бойы озып тұрсыздар. Мәселен, адамзатқа ортақ ғаламдық проблемалар – парниктік газдардың мөлшерін азайту, экологиялық мәселелерді шешу, жаңартылатын энергия көздерін табуда Қазақстанның алған бағыты дұрыс және атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі де көзге көрінеді. Бір ғана мысал айтайын, біз аралаған мұндай фотоэлектрлі пластиналар шығаратын зауыт Ресейде жоқ. Соның өзі көп нәрсені аңғартады.

Есімжан Нақтыбайұлы,
Жанаргүл Мұқатай,
Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button