«Дидардың» қонағы

Әлібек Қаңтарбаев: қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: – Сағыныш – менің рухани аккумуляторым

Әлібек Қаңтарбаев: қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: – Сағыныш – менің рухани аккумуляторым


Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Құрметті профессоры, Катонқарағай ауданы мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы Әлібек Қалиұлыжелтоқсанда жетпіс жасқа толады. Аузынан сүбелі сөз, қаламынан қарымды дүниелер туған қабырғалы жазушымен мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан едік. Айтары бар ақсақалдың әңгімесі мынау.

Анамның бір ауыз сөзі Алтайда қалдырды

– Ассалаумағалайкум, ардақты Әлаға! Мұқағали, Оралхандар көрмей кеткен, төл ағаларыңыз, өз ағаларыңыз – Қалихан мен Бошекең ырық бермей өткен, енді-енді есігіңізді қағып тұрған, жігеріңізді жанып тұрған Жетпісіңіз құтты болсын! Кешегі күні арсы-күрсі асығып жеткен, абыз жастағы Қаңтарбаевқа тасынып жеткен, бүгіндері өткеннің өртеңді жағалауларында қап қалған, кесек ойлармен апталған, төс айылы босамаған Алпысыңызды сағынбайсыз ба? Қандай сезімдесіз?

– Сезім дейсің бе?.. Алағай-бұлағай. Үкіметтің әнеу бір ауылдық кеңес хатшысы, көгілдір көз келіншек толтырған бір жапырақ қағазы бойынша Жетпіске таяп қалғаным рас. Алайда… Мен саған бір қызық айтайын: тұмса табиғат пендесіне түкке татымайтын болымсыз өмір, тойымсыз көңіл берген көрінеді. Мейлі алпыс, мейлі жетпіс, мейлі сексенге кел, бәрібір, сол тоймаған қалпыңда дүниеден баз кешерің рас. Жетпістің тоғызында мынау пәтуасыз жалғанға қол сермеген Қалихан Ысқақ көкемді былай қояйын, тоқсаннан асып барып көз жұмған Бошекемнің аузынан қаусадым, шаршадым, болдым, толдым дегендей тойымдылық сөздерін естімеппін. Пенденің мұқым билігі – Жүректің құзырында. Қолдағы құжат тілі қандай санды көрсетіп тұрмасын, жаңағы бейшара жүрек оған әсте де көнгісі келмей, шарқ ұрады. Бұл философияның ақиқаттығына алпысқа тұяқ іліктірген шақта көзің жетер. Текке арамтер болмайын.

Сағыныштың орны мүлдем бөлек қой. Қазірде көгілдір таулардың арғы бетіндегі көгілдір мұнар арасынан сағымданып көрінетін, ендігәрі басыңды тау мен тасқа ұрсаң да қайта оралуы мүмкін емес балалық балдәурен, жай отындай жарқылы жанарды қарықтыратын жастық шақ, онан кейінгісі ме… онан кейінгі қу тірліктің топалаңға айналған түйіншегін тарқатамын деумен таң атырып, күн батырған күлді-көмеш күндер… Қызық, осылардың барлығы жасамыс жасқа келген шақта бір-бірімен тұтасып, үлкен бір сахналық көрініске айналып кетеді екен. Сенсең де, сенбесең де ерік өзіңде, менің бойымдағы сағыныш тым-тым ерек. Алапат. Мені титықтата шаршататын да, керісінше – келер таңға ентіктірмей, мынау сұрқай дүниеден түңілдірмей жетектейтін де, жеткізетін де – сағыныш. Сағыныш – менің рухани аккумуляторым. Оның қоры түгесілген күні мен де жоқтыққа айналатын шығармын…

– Төр Алтайда кіндігіңіз қиылды. Қазақтың қаймақты сөзінің пірі Қалиханына іні, от ауызды, орақ тілді Оралханына дос, онан кейінгі Алтайдан шыққан жас «перілер» Дидахмет пен Асқаровына аға болдыңыз. Олардың барлығы қазақ зиялыларының Олимпі – Алматыда тірлік кешті, отауларын сонда құрды. Танымалдылыққа ие болды. Ал сіз… аңшылардың қара қосқа тастап кеткен пілтелі мылтығындай Алтайдан тұяқ оздырған жоқсыз. Ғұмырыңыз қазақтың көркем әдебиеті мен рухани тірлігінің отын көсеп, қоламтасын қағыстырып, күлін шығарумен өтіп келеді. Ұлтымның соры қайнап, сорпасы төгілген тілі мен діліне жоқшы боламын деп жан алып, жан бердіңіз. От шайнап, жалын бүріктіңіз. Шыққан төбеңіз қане?

– Бәрі рас. Бәрі де менің меншікті шындығым. Бағым да, сорым да, титімдей қуанышым мен толағай мұң-шерім де осы тірлік қазанында миқойыртпаққа айналып кеткен. Бағы қайсы, соры қайсы – жіліктеу қиямет. Елеп, екшеудің де қажеті шамалы енді. Жаңа өзің тізбелеген, Төр Алтайдың бауырында дүниеге келіп, бойларына Алла дарытқан ерек дарындарымен алаштың біртуарларына айналған азаматтардың барлығы да менің рухани жақындарым. Қалихан көкем қазақтың көркем әрі шұрайлы тілінің эталонына айналса, Оралхан жарықтық біздегі көркем проза жанрының мифология, романтика бағытын шырқау көкке бірақ шығарды. Құбылысқа айналды. Жоғарыдағы қос алыптың сарқытын ішкен, өзіммен аттас інім Асқаров бүгінгі таңда қазақ прозасының алдыңғы қатардағы өкілі. Қазақ әдебиетінің бауырын сыздан көтере алмай жатқан сафари жанрын әлемдік деңгейге көтерді. Мен үшін Дидахметтің орны тіптен бөлек еді: титімдей кезінен артымнан ерген, қарақос-интернаттың қара нанын бөліп жеген бауырым еді. Онда әулиелік қасиеттер болған сынды: соңғы шығармаларының баршасы тек өлімді, ары қайт-бері қайт күйде жатқан, жазылмас дертке шалдыққан пенделердің зауал шақтарын қаузап кеткенінен-ақ іш тартқанмын…

Ауылдан тұяқ оздырмағаным рас. Тағдырым шығар. Жазмыш деген оның «жұрағаты» тағы бар. Ту сонау 1972 жылы Оралхан (Бөкеев қой) Алматыға, «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас алаш») шақырғанда, қырық бесінде жесірліктің қап-қара, түте-түте шәлісін жамылып, қос жанары шөлдің құдығындай тым тереңге тартып, көз жасы суалып қалған қайран анамның бір ауыз сөзін жерге тастай алмай, Алтайда қалып едім. Бес-он жылдан соң шығармашылық ортаға қайтара оралармын деген үміт-жобам қысыр боп шықты: кәрі таудың қойнау-қолатын сарыжұрт етіп ширек ғасырға жуық жатып қалдым. Қаңтарбаев деген өлең-жыр қуған, жетіқат көктегі жын-шайтан, ібілістермен бітіспес майданға түскен шайырдың нағыз жазатын – от шайнап, жалын бүріккен аймүйіз шақтарын іздеген жан, оларды Катонқарағайдың түкпір-түкпіріндегі жүдеу мектептердің босағасынан теріп алатыны шындық. Шығармашылыққа жан-тәнімен ұмтылған, алайда оған толықтай қол жеткізе алмаған пенденің драматрагедиясы деген осы, бауырым…

Шыққан төбем – оқырманымның жүрегі

– «Дидардың» 1995 жылдан бергі саржамбас топтамаларын ақтарған адамды ондағы сіздің мақалаларыңыз бен ашылып әрі ашынып жазған публицистикаларыңыз айран-асыр ететіні рас. Ұсақ суреттеме, сипаттамаларыңыздың өзі көркем шығарма секілді оқылатыны – бөлек әңгіме. Әңгіме – өткірлікте! Тіпті кейбіреулерін оқып отырғанда: «Апыр-ау, мына ағамыз кейбір сәттерде қарақан басын құрбандыққа шалып жібере жаздапты ғой» дегендей оқыс ойларға да барып қалатынымыз бар. Айып етпеңіз, жалаң сойылмен танкіге шапқан есірік жанның әрекеті сынды. Неге өйттіңіз? Әулие едім демеймін, алайда мына ғұмырдағы ұтысыңыздан, ұтылыстарыңыздың топаны әлдеқайда мол шығар?

– Мен «Дидарға» нағыз жазатын, жазбаса мүлдем болмайтын кезеңде келдім. Мемлекетіміз өткендегі іріп-шіріген формациядан бір сабақ жіп алмай, жаңа қоғамнан сауға сұрап, босағада тұрған. Ұлттық идеология бошалап көше кезіп, пенделер адами, ізгілік қасиеттердің белін опырып, тек қана өліп қалмаудың қарекетіне көшкен. Адамдардың әлеуметтік тірлігі алдыңғы қатарға шыққан қоғамнан имандылық пен ізгілік, мәдениет пен рухани құндылықтар іздеу – абсурд.

Біз жаздық. Өлтіре жаздық. Сылап-сыйпап, мәдениетті болғансып «сіз-біз» деп сүйкектетумен аш-аламан жұртты бетінен қайтару, ізгілікке үндеу мүмкін емес екендігіне көзіміз әбден жетті. Өзің ойлашы, ширек ғасырға тарта уақыт жас ұрпаққа имандылық, ізгілік, періштепиғыл уағызын шерткен Қаңтарбаев әділеттен тайып, бас сауғаласа, топалаң кезеңде болып жатқан мұқым шындықтан, ақиқаттан бас тартып жартастың қуысына жасырынса, онымды басқалар кешірсе де өзім кешіре алмас едім. Ерте ме, кеш пе, әділет үшін де біреулер қарақан басын құрбандыққа шалуы керек қой. Ер азамат анасынан мықтылардың алдында құрдай жорғалау үшін, тізерлеп өмір сүру үшін тумайды. Бұл – аксиома! Десек те, дәл осы біз іздеген, біз күрескен, менің замандастарым жоқтаған имандылық пен ізгіліктің эволюциялық формуласы бүгінгі таңда пенде танымастай өзгеріске ұшырап, алағай-бұлағай күйді бастан кешіп жатқанын көргенде – ішім тотияйын құйғандай қақырайтыны рас. Қасқыр боп ұлып кетудің ар жақ, бер жағындамын…

Көпіртіп жаздық. Өткір жаздық. Билік те сол кезеңде ашылып, ашынып жазуға мүмкіндік бере қалды. Баспасөз өкілдері қоғамның барлық салаларында балақты түріп, білекті сыбанып ұрандап жүрдік. Қазақтың соңғы екі-үш ғасырдың ішінде жоғалтқан-тонатқан асылдарын жатып кеп іздедік. Шаң-тозаңнан арылтпаққа әрекеттендік. Тіл үшін, дін үшін, діл үшін ғазауат майданын аштық. Қиын да қызықты, сондай бір әдемі де жарқыл жылдар еді-ау. Білесің бе, мен шығармашылық адам ретінде сол бір жалақыға да жарымай, қақпай көріп, тоқпақ жеп, шекеміз көгеріп жүрген, алайда алаулатып, жалаулатып жүрген аш-аламан, ұранды шақтарымызды өлердей сағынамын. Журналист пен жазушы үшін ең үлкен шығармашылық әрі кәсіби ләззат – шындықты қанын сорғалата жазу. Мынау пәтуасыз қоғамда бізсіз де жазған дүниелерінің көлеңкесіне ит екеш ит те жатуға қорланатын журналистер мен қаламгерлер жетіп айырылады. Сондай – қортық деңгейлі әрі делитант қаламгерлерден арылған шақта қазақ журналистикасы керемет, ғажап биіктерге көтерілетініне сенімдімін!

Ұту мен ұтылыс дедің бе? Екеуінің аражігін ажыратпай-ақ қояйын, тоқетер әңгіме мынада: оқырмандарым менің имандай шынымды айтып отырғаныма имандай сенді. Менің шыққан төбем де, тауым да – оқырмандарымның жүрегін шымыр еткізген, көңілдерінен шыққан дүниелерім.

– Сіздің шығармашылық жағрапияңызға көз жүгірткен адам, одан көркем әдебиет жанрларының барша «өкілдерін» тауып алатыны шындық: поэзия да, проза да, драма да, тіпті көркем публицистика дейсіз бе, бәрі бар. Байқағаным: соңғы жылдары деректі прозаны темірқазық етіпсіз. Себеп-салдарын жіліктеп берсеңіз? Сонан кейін… Осы жанрларды Қаңтарбаев ағамыз қалай безбендер еді?

– Біздерді қойып, қазақтың кешелі-бүгінгі классиктерінің күллісі әп дегендегі тырнақалды шығармаларын поэзиядан бастаған. Неге дейсің бе? Қазақ – эпикалық халық. Өмірлерін өлең-жырсыз елестете алмайды. Тіпті, поэзияның қай ел, қай жұрт екендігінен мақұрым қазақтың кейбір бозбалалары мен бойжеткендері, кемпірі мен шалы жиын-тойларда өз сөздерін «пәлен ақын бұлай депті, алай депті» деп, немесе тілектерін өлең формасында беруге тыраштанып жатады. Бұдан поэзия қолжаулық боп кетіпті дегендей ұшқары ой тумаса керек. Олардың шатпырағы поэзия емес. Еліктеу дейміз бе, «болмасаң да ұқсап бақтың» кері ме, әлде көрініп қалуға тырысу ма, әйтеуір жұмбақ дүние. Ал шындығында поэзия – жалқы. Ол заманға, қоғамдық формацияға бағынышты болмауға тиіс. Поэзия – адамзаттың ары мен ожданының автопортреті, ақын жүрегінен сығып алынған уыз. Қорқақ адамнан ақын шықпайды. Ол ең алдымен қалың жәмиғаттың шері мен шеменін, олардың ішкі жан дүниелерінде болып жатқан алапат дауылдар мен үскірік борандарды, көкіректеріне сыймай асып-төгіліп жатқан ақжал толқынды сезімдерін кестелеуге міндетті. Жалған дүбір мен жалған пафос өлең болып жарытпайды. Қазірде көзге түсіп жүрген біраз ақындарымыздың биліктің жаңғырығына айналып кеткеніне қынжыламын…

Көркем әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі де, ең ауыры да – проза. Сондықтан оған кім көрінгеннің тісі бата бермейді. Қазір осы шығыста қалам ұстап жүрген жастардың ішінен сен маған прозамен шұғылданып жүрген біреуді тауып берші. Жоқ. Таба алмайсың. Болашақта қазақтың көркем әдебиеті ақындардан тапшылық көрмес, ал жазушы дефицитке айналып кетсе, мен оған таңырқамаймын. Драматургиямыз ұсақтап кетті. Мынау деген драматургтарымыздың қаузап жүргендерінің өзі – от басы, ошақ қасының бәкін-шүкіні. Неге бұлай болып кетті дейсің бе? Оның түп төркінін ішкі саясаттан іздеу керек. Және… көпшілігіне «нан» тауып беріп, асырап жүрген тарихи тақырыптардың қос омырауын баяғыда қақтап сауып алғамыз…

Деректі прозаң не, көркем прозаң не, айырма тым аз: екеуінде де кәдуілгі өмір. Десек те көркем шығармада өтірікті шындай, шынды қудай етіп із жасырып кету мүмкіндігі мол. Ал деректіде… Менің көбіне-көп онан сауға сұрап кеткен себебім: өтіріктен, екіжүзділіктен, аярлықтан қаштым. Деректі шығармада жалған айта алмайсың. Кейіпкерлеріңнің бірі болмаса, бірі тірі. Өзіңмен таласа-тармаса тірлік кешуде. Жалған айтып, тым асыра көпіріп кетсең, бетіңе түкіріп кетуі әбден мүмкін…

«Дидар» – менің әуежайым.

Әлібек Қаңтарбаев: қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: – Сағыныш – менің рухани аккумуляторым

– Жазушылар одағының облыстық филиалына басшылық жасап жүрсіз. «Қазақ тілі» қоғамы тағы бар. Одан қалса ертелі-кеш облысымыздың әр пұшпағында өтетін әртүрлі жиындарға да шақырып жатады. Сіз қатысады деген басқосуларға Өскемендегі ұлт руханиятына бүйректері бұратын, сөз бен пәлсапа құдіретін қадірлей, әспеттей білетін көптеген жастар іздеп жүріп барып, рухтарын жанып қайтатынын білемін. «Рухани жаңғыру» деген жоба да сізді айналып өтпейді. Өзіңіз илеп жүрген терінің иі қанатын түрі бар ма?

– «Танауыма су жетпей, таңымды таңға ұрып, мемлекеттің шаруасынан көкжұлын болдым» деп көлгірси алмаймын. Үкімет бұл атқарған жұмыстарыма көк тиын да төлемейді. Баршасы қоғамдық міндеттер. Алайда, мына менің замандастарымда жауапкершілік деген аса зор әрі қасиетті ұғым қалыптасқан. Одан аттап кету – қиянат. Мойынға артылған міндетке деген киелі жауапкершілікті бала кезіміздегі ата-анамыздың ұлттық тәрбиесі, сонымен қатар кеңестік идеология қанымызға мейлінше сіңірген. Жазушылар одағы филиалына директор боп тағайындалғаннан бастап алдыма қойған екі мұратым бар еді: олар – кезінде жарық көрген, алайда бертін келе әртүрлі себептерді желеу етіп жабылып қалған әдеби-көркем «Ақ Ертіс» және «Мәдениет жаршысы» атты қос журналды қайтара дүниеге әкелу және өңіріміздің қалам ұстап жүрген ақындары мен жазушыларының кітаптарын облыстық бюджеттің қаржысы арқылы жарыққа шығару. Құдайға шүкір, бүгінгі күні осы екі жобама да облыс әкімі Даниал Ахметов қолдау білдіріп отыр. Журналымыз «Төр Алтай» деген атаумен жаңа жылдан бастап шыға бастаса, өңір қаламгерлерінің кітаптары кезек-кезегімен 2018-2023 жылдар аралығында жыл сайын жарық көріп отырмақ. Жазушылар одағының филиалы өткен жылы облыстық мәдениет басқармасының қаржылық қолдауымен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырып өңірлік үлкен айтыс және жыр мүшәйрасын өткізді. Ол биыл желтоқсан айында өтеді. Дәстүрге енгізу де ойымызда. Мәдениет басқармасының басшысы Азамат Маратұлының руханиятқа деген ынта-ықыласы ерекше. Осындай басшылар көп болса, ертеңгі күніміздің ертегіге айналары рас. Қыркүйектің басында Үржар ауданында Әсет Найманбайұлының 150 жылдық тойы халықаралық деңгейде дүрілдеп өтті. Семейде марқұм Тұрсынғазы Рахимовты еске алуға арналған үлкен мәдени шара да табысты болды. Бұл айтып жатқандарым бер жағы ғана. Өңіріміз рухани жаңғырып, қағынып-сілкініп жатыр. Жағалай жәмиғатқа аса керекті игілікті шаралардың басы-қасында өңір қаламгерлерінің жүргені – көңілге үлкен медеу. Жұбаныш. Үнемі өксіп, жылай бергеннен мүйізіміз шығатын болса, ол ендігі Алтай бұғысының он екі салалы шаңырақ мүйізіндей болар еді ғой. Бір ауық жақсылықтарды да айтып қоялық… Енді сұрағыңның да иі қанған шығар, бауырым.

– «Өмір» атты романның Алпыс деген тарауын тауысып, Жетпісінші бөлімін парақтауға «Иә, Алла!» деп кіріскелі отырсыз. Жетпістен не күтесіз, жұртыңызды немен қуантасыз? Онан кейін… Адам баласында кіндігін кескен, туып-өскен жер деген болушы еді. Сізді осы жазда өзіңіздің Катонқарағайыңыз: -«Жер қара, күн жылыда мерейтойыңыздың тұсауын кесе берейік»- деген екен. Сіз келіспепсіз. Неге? Қарапайымдылық па әлде астамдық па? «Дидар» газеті «төркін» жұртыңыз еді. Оның бүгінгі тірлігіне көңіліңіз тола ма?

– Алпыс абыз жас болса, Жетпіс ақсақалдың жасы меніңше. Осы жасқа жеткізген Аллаға мың алғыс! Төңірегімді толтырып жүрген жақсы адамдардан өміршеңдік қуат алсам, кейбір іштарлар мен аярларды көріп күніне мың мәрте өлемін. Жақсы мен Жаман, Халал мен Харам атысып-шабысып, итжығыс түсіп жатқан тірлік деген осы, бауырым. Сөйтіп жүріп жетпіске де кеп қойыппыз. «Бергенімнен берерім көп әлі» деп сынықситын, қылымситын жаста емеспін. Әйтемін, бүйтемін деп өз басымды да, оқырмандардың да басын қатыру – әдепсіздік. Бәрі Алланың қолында. Осы жазда 70 жылдығыма орайластырып «Жұлдыздар сөнбейді» деген прозалық, «Өзегім от пен жалын, өртті демім» атты поэтикалық кітаптарымды шығардым.

Қазақстанның ғажап бір пұшпағы Катонқарағайда туу – мақтанышым! Катонқарағай кілең бір сен тұр, мен атайын дейтіндей хас таланттардың, алдаспан жүзді қайсарлардың, өлермен жанкештілердің мекені. Онда сүйегің қалу шарт емес. Туу – бақыт! Бабаларымның басқа өңірде емес, Төр Алтайда табан тіреп қап қойғанына – екі дүниеде ризамын.

Рас, жазда аудан әкімі Ахметқали бауырым:

– Келіп аунап-қунап қайтыңыз. Кездесулер ұйымдастырайық. Жұртыңызбен жүздесіңіз,- деп екі қайтара айтқан. Барған жоқпын. Неге? «Арық атқа – қамшы ауыр»! Ел-жұртты әуре-сарсаңға салғым келмеді. Катонның жаздағы «ауруы» – шөп. Кәдуілгі созылмалы дерт сияқты. Жазық жері текеметтей ғана тау мен тайгадан қолдағы бірер қара мен он шақты ұсаққа қыстық азық дайындап алу деген – трагедия! Алтайдың тіпті бұғы мен маралдың найза-тұяғы тайып, омақа асатын құз-қиясынан ала жаздай қиқақ қағып қол орақпен шөп шауып көр! Масқара! Сонан соң мұң мен шерден, ақикөз азап пен түпсіз тауқыметтен мәңгі арылмайтын жерлестерімді аядым. Тыныштықтарын бұзғым келмеді. Әкім ініме алғыс айтумен шектелгенмін.

«Дидар» – менің әуежайым. Ұшып-қонарым да, тәубеме түсіретін Аязби-шапаным да сол қара шаңырақ болған. «Дидардың» бес елі бағы – оған кілең бір қаламы жүйрік, ойлары ұшқыр журналистер топтасады. Мұндайды қазақ «Құт қонған шаңырақ» деп жатады. «Дидарлықтардың» басты «кемшіліктері» – олар мүлдем жаман жаза алмайды. Ал кездейсоқ бір дүмше, қотиын журналистер кеп қалса, олар анадай бесаспап топқа мүлдем артық екендіктерін шұғыл сезінеді. Тезірек кетуге мәжбүр болады. Газетіме, оның отын шалқытып, шаңырағын шайқалтпай ұстап отырған ұжымына әманда тілеулес болып, ондағы іні-қарындастарыма бірлік пен береке, жақсылықтар мен сәттіліктер сұрап жүремін Алладан!

-Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button