Әлібек АСҚАРОВ, жазушы: – Кітапханамызда ХІІ ғасырдағы қолжазбалар да сақтаулы
Қорда 6 миллионнан астам кітап бар
– Әлібек аға, сізді негізінен көпшілік қауым қаламгер ретінде жақсы біледі. Ал кітапхана ісімен айналысып жүргеніңізді біреу білсе, біреу білмес. Осы орайда атқарып отырған қызметіңіз жайында әңгімелей отырсаңыз?
– Бұл қызметке келгеніме үш-төрт айдың ғана жүзі болды. Бұған дейін бір жарым жыл Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананы басқардым. Жаңа қызметте де негізгі күшті қоғамдағы кітапқа деген қызығушылықты арттыруға, оқырман белсенділігін көтеруге жұмсап жатырмыз.
Кітапхана дегеніңіз – ежелден көл-көсір білім мен ғылымның ордасы ғой. Ұлттық мұрамыз сақталған асыл қазынамыз да осы – кітапхана. Қазіргі ақпараттық заманда кітапханаларымыз заманауи жабдықтармен жарақтанып жатыр. Міне, сол жаңа технологиялардың қаншалықты дәрежеде енгізілгенін көріп-білу үшін Өскеменге арнайы келіп, Пушкин атындағы кітапханада облыстың кітапханашыларымен кездесіп, осы саладағы өзекті мәселелерді біраз қаузадық. Шығыстағы бұл облыстық кітапхана шын мәнінде ең алдыңғы қатарлы, ең үздік кітапханалардың көшін бастап отыр деуге болады. Ал өзім басқарып отырған Алматыдағы кітапхана туралы бірер сөз айтсам, 1991 жылы кітапхана «Ұлттық» деген мәртебеге ие болды. Қорда 6,4 миллионнан астам кітап пен құжат бар. Кітап қоры жыл сайын 94 мың дана әдебиетпен толығып отырады. Бұл кітапхана еліміздің мәдени-рухани кемелденуіне зор үлес қосып келеді. Мекеме қазіргі заманғы жаңа технологиялармен жабдықталған. Өзіңіз білесіз, қазіргі оқырманның талабы өте жоғары, оны ұдайы ескеру керек. Сондықтан дәстүрлі қызметтерден басқа, қызмет көрсетудің жаңа түрлерін енгізуге ұмтылудамыз. Оқырманды кітапханаға тарту, кітап оқуды насихаттау мақсатында мәдени-көпшілік шараларды, кітап көрмелерін, ақын-жазушылармен кездесулер мен шығармашылық кештерді, жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімін жиі өткіземіз. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен қолға алынған «Бір ел-бір кітап» акциясы да кітап оқуды насихаттауға, халықтың отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Былтыр жаппай оқуға Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты өлеңдер жинағы ұсынылды. Тіпті, әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлер де ақынның өлеңдеріне үлкен қызығушылық танытты. Биыл бұл акция барысында оқырмандар Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» мен «Басында Үшқараның» повестерін оқиды. Өткенде Сайын ағамыздың ауылы Қапалға ат басын бұрып, Талдықорғанда үлкен конференция өткізіп қайттық, келесі конференцияны Қызылордада өткізуді жоспарлап отырмыз. Жастардың бәрі бірдей кітап оқымайды демеймін, оқитындары да бар. Бірақ қазіргі экспансия, ақпараттар шабуылы заманында бұл акция да – жұртқа кітап оқытудың бір амалы. Осындай амал-тәсілдерді тауып, кітап оқуға адамдардың қызығушылығын арттыру қажет.
Сирек қорға келушілер аз
– Ал сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорымен қалай жұмыс істейсіздер?
– Бізде әртүрлі залдар бар, студенттерге арналған зал, ғалымдар мен зерттеушілерге арналған зал дегендей. Бірақ шынын айту керек, кітапхананың төменгі қабатында орналасқан сирек қорға келетін оқырман аз. Қанша адам келетінін сұрастырып көрсем, ол жердегі қадым жазуын бес-алты адам ғана оқиды екен. Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуын оқитындар баршылық, ал қадымды оқитындар ілуде біреу-ақ. Сирек қорда көтерілмеген тың дүниелер өте көп, қазір онда 30 мыңдай басылым бар, оның мыңға жуығы – көне қолжазбалар. Кітапханадағы ең көне, көлемі үлкен қолжазба кітап он екінші ғасырдың еншісінде. Кезінде көбісін оқуға тыйым да салынды ғой, уақыт өте келе ол құжаттарды қарайтын адамдар табылып та қалар. Ал күтім жасау жағына келсек, кітапхананың бас мамандары қорды сақтау бағытында ізденіп, әрқилы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Басылымдар мен қолжазбаларды консервациялау, залалсыздандыру, физикалық, химиялық және биологиялық тұрақтандыру, қазіргі заманғы материалдарды қолдану арқылы құжаттарға реставрация және түптеу жұмыстары жасалды. Бір сөзбен айтқанда, осы жұмыстармен айналысатын арнайы қызмет бар, олар құжаттарды ғылыми консервациялау лабораториясында кітаптың қағазы мен сиясын, сурет-өрнектердегі бояуларды зерттеп, оларға нұқсан келтірмей химиялық жолмен тазалаудың, қалпына келтірудің әр алуан түрлерін қарастырады.
– Әлем әдебиетінен аударма жасау ісі қалай жүруде?
– «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүз томдық әлем әдебиетінен аударылатын классиктердің тізімі жасалған. Ол тізімді Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет институты бекіткен, талқылаудан да өтті. Жазушылар одағындағы небір марқасқа қаламгерлер қарады, ұсыныстар жасалып, нәтижесінде ең үздік балл алған жұмыстар 100 томға енді. Сол 100 томның 91-і аударылды. Сонау Гомердің «Иллиадасынан» бастап жапондық Муракамиге дейінгі аралықтағы қазаққа керек деген әдебиеттің бәрі аударылды. Одан кейінгі екінші жүз томдық бағдарламаның екінші кезеңіне қазақтың ең үздік прозасы мен поэзиясы жинақталған. Қазір 43 том жарық көрді, «қазақ әдебиетінің кітапханасы» сериясымен шығып жатыр. 100 томдық «Бабалар сөзі» толығымен шыққанын білесіздер. Аударма жағы қалыпты деп айтуға негіз бар. Бір жылы кітапханашы ретінде Бакуге үлкен бір мәдени форумға бардым, кітапханаларын араладым. Олар орыс қарпінен латынға толық көшкен ел ғой. Сол латын әрпімен әлем әдебиетінің 200 томын шығарып үлгеріпті. Аударылғаны бар, аударылмағанын қайта аудардық дейді, өйткені, ол мемлекетте қаражаттан тапшылық жоқ.
«Аңшылар хикаясы» деген серияны жазып жатырмын
– Қазіргі ақпараттық заманда орталық газеттердің танымдық дүние беру жағына көңіліңіз тола ма?
– Мүлде бермей жатыр деп айту жаңсақтық болар. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газеті руханиятқа қатысты қомақты дүниелерді жариялап отырады. Өткен жолы бір ақсақал келіп, мен «Егеменді» оқымаймын деді. Сосын мен: «аға, алғашқы 5-6 бетін алып тастасаңыз ар жағында оқитын дүние жетерлік қой» деп айттым. Мемлекеттік басылым болған соң мемлекеттің саясатын жүргізетіні шындық. Бірақ олар рухани дүниелерді «Қазақ әдебиеті» газетінен кем беріп жүрген жоқ деп айтар едім. «Айқын» газетінде де тың материалдар беріледі, «Түркістанда» бастан-аяқ ел мүддесі туралы жазады. «Жас қазақ» газеті кейде тәуір дүниелермен көзге түседі. Мәселе – газеттердің танымдық, елдік дүние бермей жатқанында емес, мәселе – солардың жұртқа жетіп, жетпей жатқанында. Халық қазір бар ақпаратты теледидар мен әлеуметтік желілерден алады. Ғаламтор деген өсек-аяңы көп дүние, өтірігі де бар, кейде бассыз кетіп қалады, өйткені, олар үшін жауап беретін ешкім жоқ. Оларды бір жүйеге түсіру үшін арнайы Заң керек. Мәселен, рухани дүниелерді жариялау жағынан сіздердің «Дидарларыңыз» маған ұнайды. Тек облыстың жаңалықтары ғана емес, небір әдемі, танымдық дүниелер өте мол.
– Әйелдер тақырыбына қалам тербеуге не себеп болды? Қазір не жазып жүрсіз?
– Бір дүниені бір дүние түрткілейді ғой. Аршаты ауылының арғы жағында демалып жатырмыз. Қасымда аңшы жігіттер бар, жиі келіп тұрады. Осындай әдемі табиғат аясында демалған кезде Гүлзина мен Жәнімхан туралы повесті бұрқыратып жазып тастадым. Повесть «Алтайда алтын күз еді» деп аталды, әйелдер цикліне қосылған жоқ. Жалпы, елге жиі шығып, жұртшылықпен кездесіп тұру керек. «Жазушы адам үнемі ғашық болып жүруі керек. Табиғатқа, әсемдікке, қыз-келіншекке. Жалпы, барлық дүниеге. Бұл – менің сөзім емес, Бексұлтан Нұржекеевтікі. Ал «Тұрғабыл мен Мағиза» туралы хикаяны Қырымбек Көшербаевтан естіп, қатты тебірендім. «Әйел парасаты» циклі қазақ әйелінің ұлылығына арналған. Шетелдерге жиі іссапарға шығып тұрамыз, сол жақтағы ағайындар жылына бір рет өздері кіші құрылтай өткізіп тұрады екен. Сол кіші құрылтайдың негізгі мақсаты- өздерінің түп-тамырларын жоғалтпау, жастарды бір-бірімен таныстыру екен. Мысалы, Мюнхендегі қазақ жігіті неміс қызына, Франциядағы қазақ француз қызына үйленбейді. Олар тек қазақ қызымен отау құрады. Франкфуртте Шенол деген мықты нейрохирург ініміз бар, қазақ қызына үйленгісі келетінін жиі айтатын. Бір күні «Аға, қазақ қызын Гамбургтен таптым» деп қуанып телефон шалып тұр. Қазір Гамбургке көшіп барып, үлкен клиниканы басқарып отыр. Осының бәрі «Әйел парасаты» циклін дүниеге әкелуіме түрткі болды. Қазір «Аңшылар хикаясы» деген серияны жазып жатырмын, аяқтауға уақытым болмай жатыр. Ғалым Доскенов Алтайдың тарихын жаз дейді. Қазір, құдайға шүкір, барған жердің бәрінде мүмкіндік бар ғой. Барнаул мен Таулы Алтайдан көп кітап алдырдық. Алтай туралы біз білмейтін аңыз-әфсаналар көп. Алтайдың өзі Ресейдің емес, түркінің жері ғой, алтайлықтар өздерін түркілерміз дейді. Сол мағлұматтардың бәрін жинақтап, «Алтай тарихы» туралы деректі проза жазуды қолға алмақпын. Негізі, «Алтай-алтын бесік» деген альбом бар, бірақ ол сафари жанрында жазылған.
– Әңгімеңізге көп рақмет.
Сұхбаттасқан – Эльмира Тайырқызы