«Ұлан» үздік шықты
Өскеменде жаяу саяхатшылар туризмі бойынша «Алтын күз» чемпионаты өтті. Оған облыс аумағынан он команда қатысты.
Бағдарламаға сәйкес қатысушылар экотуризм мен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы өздерінің білімдерін паш етті, ең үздік туристік әндер анықталып, тақырыпқа орай жасалған плакаттар мен стендтерге баға берілді.
«Алтын күн» чемпионатының ең басты оқиғасы «Эко-Тур-Эстафета – 2012» болды. Онда біздің өңірдегі шипалы шөптер жайындағы қатысушылардың білімдері сараланып, алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгенге дейінгі атқарылатын іс-әрекет, от жағу, шатыр тігу, жергілікті жерде адаспай жүру бойынша байқаулар өтті. Дегенмен бәрінен қиыны әрі қызықтысы тасқа өрмелеп шығу еді. Қатысушылар бұл сында да өздерінің белсенділігін көрсетті.
Нәтижесінде 1-ші орын Ұлан ауданы, Сағыр ауылынан келген «Ұлан» командасына, 2-ші орын Катонқарағай ауданының «Гүлдер» және білім колледжінің «Лотос» командаларына бұйырды. Ал жүлделі үштікті Бородулиха ауданы, Красноярск орта мектебінің «Эрон 1» командасы тұйықтады. Мамандардың пікірінше, мұндай шаралар өңірдегі туризмді өркендетуге, жастарды экологияны қорғап, сақтауға тәрбиелеуге өз ықпалын тигізеді.