Әлі де бейқам жүргендер көп
Өскеменде мониторингтік топтардың сауда орындарында санитарлық талаптардың сақталуын тексеру жұмыстары жалғасуда. Қоғам белсенділері мен топ мүшелері Назарбаев даңғылында орналасқан шаштараз бен бірнеше дүкенді аралап шықты.
Тексерушілер тек «Мир обуви» дүкенінде ғана санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың толық орындалғанын көрді. Сатушылар мен тұтынушылар бетперде таққан, санитайзерлер көрнекі жерде тұр, әлеуметтік арақашықтық та сақталған. Ал шаштараз бен «Автомото» дүкенінің маңындағы сауда бөлімшелерінде, керісінше, бетперде кию режимі мүлде сақталмайтынына куә болды. Назарбаев даңғылы, 8/1 мекенжайындағы көтерме-сауда орталығының үш қабатына да рейд жүргізген топ бұл жерде де санитарлық талаптар қатаң түрде сақталмағанын анықтады. Тексерушілер нысанның кіреберісте отырған күзетшісінен бастап дүкен сатушыларына дейін маскалық режимге немқұрайды қарайтындарына көз жеткізді.
– Медициналық масканы тексерушілер үшін емес, өз қауіпсіздіктеріңіз үшін тағыңыздар. Сондай-ақ айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін де жауапкершілікті ұмытпау керек. Мұны осы бастан түсініп алған жөн, әйтпесе мониторингтік топ қайта-қайта келіп, сақтық шараларын еске салып жүрмейді ғой, – деп ескертті «Шығыс – адалдық алаң» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бахытқызы.
Бұл жерде тұтынушылардың сақтық шараларын мейлінше сақтайтыны байқалды. Көп адамның ішінен маскасыз көзге түскен бірді-екілі адамға тексерушілер тарапынан ескерту жасалды.
– Күнделікті тексеру барысында сатушылар мен тұтынушылардың сақтық шараларына әлі де селқос қарайтынын көріп жүрміз. Олардың барлығына әкімшілік хаттама толтырылып, санитарлық талаптарды орындаудың маңыздылығы түсіндірілді, – деп атап өтті облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.