Көз жанарларын қалпына келтірді
Қарттықтың ауылы таяған сайын түрлі аурулардың бой көрсете бастайтыны рас. Соның бірі – егде тартқан жандардың көз бұршағының бұлыңғыр тартып, ағаруымен сипатталатын «катаракт». Бұл кеселмен әсіресе қариялар жиі ауырады. Сондықтан болар, ел Үкіметі әр жыл сайын осы науқасқа шалдыққандарға жеңілдіктер жасайды.
Көздің көру қабілетін біртіндеп кеміте беретін осы сырқатқа шалдыққан науқастарға өткен жылы облыс тарапынан арнайы квота қарастырылған еді. Десек те, бұл игілікке қол жеткізе алмай жүргендер көп. Мәселен, аудандық емхана бірлестігінің окулист дәрігері Бақтыгүл Қалбабаева бірнеше жылдан бері сұрау салып, аталмыш жеңілдік түріне бірнеше ай бұрын ғана қол жеткізгендігін сөз етті. Әсіресе облыстық офтальмолог маман Зарина Айдарханқызының ерекше көңіл бөлуінің арқасында, ауданымыздағы 20 тұрғынға тегін ем көрсетуге жағдай жасалыпты. Оған ауданымыздың экологиялық тұрғыдан полигон аймағы екендігі де себеп болса керек.
Ал өздігінен ем қабылдауға зейнеткерлердің қалталары көтермейтінін ескерсек, бұл жеңілдік үлкен көмек екенін түсінуге болады. Мысалы, бір көзге ғана ота жасау 120-150 мың теңге тұрады екен. Осыған орай өткен жылдың қыркүйек айында окулист-хирург дәрігер Дастан Тұрғанбаев ауданымызға арнайы келіп, жергілікті тұрғындарды қабылдап, аталмыш сырқат түрімен науқастанғандарға қажетті ақпарат беріп қайтқан еді. Осыдан кейін қазан айынан бастап Семей және Өскемен қалаларындағы офтальмологиялық орталықтарда жерлестеріміз үшін көз жанарына ота жасау басталып кеткен болатын. Бүгінгі таңға дейін 14 науқас көздеріне тегін ота жасатса, тағы екі зейнеткер осы айда операция үстеліне жатады. Осы ретте Бейбігүл Абдулкакимова, Рыскен Мұсабекова, Тілеуғайша Кожкина, Ғазиза Нұрақмет, Тиыштыбала Омарова, Жұмагүл Осбаева, Бижамал Ілбісінқызы, Марат Қалиев, тағы басда да жерлестеріміздің Азамат Иманқұлов пен Олжас Алпышев сынды білікті хирургтердің шеберліктері нәтижесінде дерттеріне шипа тапқанын айта кеткеніміз жөн. Қариялар қос жанарларының қайта көре бастағанын үлкен ризашылықпен жеткізуде. Көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Дәкен Әлиасқарова дүниенің жарығын қайта көруге себеп болған ақ халатты абзал жандарға ақ тілегін білдіріп, жүрекжарды лебізін айтады. Аудандық емхана бірлестігінің басшысы Алмагүл Балтақаева мен көз дәрігері Бақтыгүл Қалбабаева, Айжандай медбикеге де аналық алғысын жаудырған кейуана көзі ашылып, көңілі жайланғанын жеткізді.
Ал аудандық орталық аурухана басшысының орынбасары Майра Қожақова облыстық офтальмолог Зарина Айдарханқызы бастаған білікті мамандарға ризашылығын білдіре келе, аталмыш көмек түрі әр сырқат түрі бойынша жылма-жыл берілсе деген тілегімен де бөлісті.
Тоғжан Рахымбекқызы
Абай ауданы.