Брифинг

Қызылқайыңда кен орны ашылса…

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Шығыс даласының қолат-қойнауы байлыққа толы. Өркениеттің тағаны өндіріс екенін ескерген еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жер байлығын игеруді қолға алып, әр өңірде өндіріс ошағын салып, кен орнын ашып келеді. Бұл бастаманың жалғасы ретінде алдағы уақытта Тарбағатай ауданына қарасты Қызылқайың ауылында 1500 адамды жұмыспен қамтитын кен орны ашылмақ.

Жер байлығын халықтың қажетіне жарата білу – мемлекеттің басты міндеті. Әр өңірде кен орындары ашылса, жұрттың экономикалық кем-кетігі толығып, әрбір адам жұмыспен қамтылары анық. Бұл бастаманы заң аясында жүзеге асырып, инвестиция тарту керек екендігін ел Президенті де өз Жолдауында айтқан болатын.

– Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Жер байлығын игеру барысы жұрт көңілінен шығып, халықты жұмыспен қамтыса, елдің қуанары анық. Ал жұмыс барысы жұрттың көңіліне күдік ұялатса, халықтың қарсы болуы –  заңдылық. Оған дәл қазіргі таңда Күршімде болып жатқан жағдай мысал бола алады. Орталық комуникациялар қызметінде брифинг өткізген Тарбағатай ауданы әкімінен осы мәселенің жай-жапсарын сұраған едік.

– Менде бар ақпараттар бойынша бұл мыс өндіретін үлкен кен орны болмақ. Осыған дейін Тұғыл ауылының халқымен геологиялық зерттеу бойынша қоғамдық тыңдау өткен. Мыстың оксидтік және сульфидтік деген екі түрі болады. Аталған кен орнына сульфидтік, яғни, ашық түрде диірмендерге салып мыс өндіретін болады. Бұл жерден айта қоярлықтай экологиялық зиянды көріп тұрған жоқпын. Геологиялық зерттеу жұмысының нәтижесі шыққан соң халықпен қайтадан қоғамдық тыңдау өткізетін боламыз. Сол жерде халықпен бірге жер қойнауында қанша байлық бары, экономикалық тиімділігі, экологиялық зияны бар-жоғы талқыланатын болады, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.

Аудан әкімінің айтуынша, кен орны ашылып жатса, бүкіл облысқа мултипликативті эффект береді деп отыр. Кен орнын салу үшін 3 мың адам бір мезетте жұмыс істейтін болса, ары қарай тұрақты түрде 1500 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді.

– Мен өзімнің жұмыс тәжірибемнен осындай бастаманы өткізгенмін. Аягөз қаласында қызмет еткенімде Ақтоғай кен орны салынды. Одан ешқандай халық экологиялық зиян көрген жоқ. Сол кен орны арқылы Аягөз ауданының бюджетіне 10 млрд қаржы түсіп отыр. Бұл қаржының артығын облысқа беріп, ары қарай аудан емін- еркін өмір сүре алады деуге болады. Сондықтан кен орны ашылса, ауданның бюджеті нығайып, салық базасы құрылады. Жұмыс орны ашылып, қуатты электр кернеуі тартылады. Тіпті руданы тасып, қайтарда ауданға көмір әкелсек, ол да еселеп арзанға келмек. Бұл жоба жүзеге асса, 1,5 млрд доллар инвестиция тартылмақ. Қалай айтсақ та, аудан үшін өте тиімді жоба болады, – деді баспасөз мәслихаты барысында аудан әкімі.

Жоба заң шеңберінде, экологиялық талапқа сай жүзеге асса, жергілікті жұрт үшін тиімді болады. Сондай-ақ шекаралық аудандағы тұрақтылық мәселесі де шешімін таппақ.

 

 

Осы айдарда

Back to top button