Ұлыс оң болсын

“Қырдағы ел ойдағы елмен араласып…”

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Көктемде бір жылылықтың, жаңарудың, жаңғырудың, қайта түлеудің сипаты бар. Күннің шуағы қуаттана түскен шақта қыстан қымтырылып шыққан шаруалар да малдың көкке аузы ілінер шақты тағатсыздана күтіп, ерекше күйге бөленеді.

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып», – деп ұлы Абай жырға қосқандай, көрші-қолаң, ауылдары іргелес ағайындар бір-біріне соғым басы беріп, қыстан қалған сүріден дәм татысып, төрт түліктің жәйін сөз етісіп, мәре-сәре болып қалады. Әсіресе еліміздің батыс өңірінде жақсы сақталған көрісу немесе амал мерекесі де Ұлыстың ұлы күнінің бастауы ретінде тойланып келеді. Осы ұлттық мерекелі үрдіс бүгінде басқа аймақтарға да тарап, насихаты кең қанат жая бастағанын аңғарамыз. Алты айғы қыстан аман шығып, жердің бусанған шағында қатынау мен хат-хабардан тиылған байырғы бабаларымыз жол кешіп жан-жақтағы қарттарын түгендеп, көрші-қолаң, жамағайынымен көріскен-ді. Бір-біріне «жыл қайырлы болсын» деп бақ-береке тілескен.

Міне, осындай тектілік пен ізгіліктің ізіндей болып бізге жеткен мереке биыл Тарбағатай ауданында да өзіндік өрнегімен бастау алды. «Кәрі құданың» қыстайғы әлегі басылып, жер-ана жіпсіген айда ауданның қараша халқы әз Наурызды жаңа бір тыныспен, өзгеше бір көңіл-күймен қарсы алуға бекінген. Себебі, жиырма бес жылдан кейін жеке аудан  болған тарбағатайлықтардың еңсесі көтеріліп, келешекке деген үміт-жұлдыздары жарқырай түсті.

Жуырда Абай орта мектебі мен Ақжар Мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен әз Наурыздың бастамасы болған  Амал мерекесі ұйымдастырылды. Шаттыққа толы шырайлы мерекеге ауыл тұрғындары жиналып, қариядан бата алып, «қырдағы ел ойдағы елмен араласып» көңілді меркенің куәгері болды. Игі шарада Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Омарбекұлы сөз алып, халықты мерейлі де мәртебелі мерекемен құттықтады. Ауылдың қазыналы қариялары қауышып, төс қағыстыра амандасып, күншуақта жастар арқан  тартысып, алтыбақанда тербелді.  «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп ақжарма лебіздер айтылып,  үлкен-кішілер бір-біріне жақсылық тілеп жатты. «Осындай ұлтымыздың игі дәстүрлі мерекесіне дастарханын жайып, наурызкөжесін жасап, береке мен бірліктің өнегесін көрсеткен Ақжардағы Абай орта мектебінің директоры Назым Әкібаеваның білерлігіне жұрт риза болуда» дейді жергілікті тұрғындар.  Ауданның ақсақалдар алқасының төрағасы Мырзахан Шакенов жиналған көпшілік алдында ақ батасын берді.

Осындай игі мейрам Жетіарал ауылында да жалғасын тапты. Мәдениет үйінің қызметкерлері ауылды аралап, мекемелерге, сауда дүкендеріне кіріп, көшедегі халықпен құшақ жая амандасып, төс қағыстырып, қыстан аман шыққандары жайында саулық сұрасып көрісті. Ән-жырдан шашу шашты.

Сонымен қатар Ақжар ауылының Ойши тұрғындары да Қараша саябағында киіз үй тігіп, ақ дастархан жайды. Мерекелік тағамнан дәм татушы тұрғындар мен қонақтарға шашу шашылып, мәдениет үйінің қызметкерлері өнерлерімен мерекені әрлей түсті.

Дербес аудан ретінде Ақжарда бірінші рет тойланатын әз Наурызға тарбағатайлықтар айрықша қарқынмен дайындалуда. Ұлыстың ұлы күні Ақжар ауылының Қабанбай батыр атындағы саябағында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты ұлы-думан мерекесі тойланбақ. Ақжар Мәдениет үйінің «Ұлыс оң болсын!» атты театрландырылған көрінісі, мектептер мен мекеме ұжымдарының  сахналық көріністері, қол күресі, бағанаға өрмелеу, қаппен ұрыс, қошқар көтеру секілді спорттық шаралар ұйымдастырылады.

 

Осы айдарда

Back to top button