Қазақтың дәстүрінде даналық бар
Наурыз – жақсылық пен қуаныштың, бақыт пен берекенің мерекесі. Наурыз – бірлік пен татулықтың, ырыс пен ынтымақтың мейрамы. Осы орайда өңірімізде тұратын өзге ұлт өкілдері де Ұлыстың ұлы күнін тойлауға ерекше атсалысуда.
Өткен жылдың қараша айында Өскемен қаласы әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Кел, сөйлесейік!» атты қазақ тілін үйрету курсы ашылған болатын. Қазіргі таңда кітапхана мен оның қаланың әр шағын ауданындағы бөлімшелерінде жүздеген өскемендік мемлекеттік тілді үйреніп жатыр. Мереке қарсаңында аталмыш тіл курсына қатысушылар арасында «Әз Наурыз – бірлік мейрамы» атты қазақ ұлтының салт-дәстүрлерін насихаттаған шара өтті.
Байқауға тіл үйренуші талапкерлерден құралған төрт топ қатысты. Бірінші топ Амал – Көрісу күнінен шағын қойылым қойды. Көрісу күні кейбір аймақта қауышу күні деп те аталады. Наурыздың он төртінен басталатын бұл мейрам көктем мерекесінің нағыз басы. Бұл күні туған-туыс, көрші-қолаң «Жасың құтты болсын!» деп бірін-бірі құшақтап, жақсылық тілейді, арадағы өкпе-ренішті ұмытады. Ал екінші топ қазақтың «Бесікке салу» дәстүрін, үшінші топ «Тұсау кесу» рәсімін көрсетті. Ал төртінші топ «Аластау» жоралғысын жұртшылық назарына ұсынды. Осылайша өзге ұлт өкілдері өздерінің қазақ тілін қаншалықты меңгергендіктерін ұлтымыздың салт-дәстүрі арқылы тамаша көрсете білді.
– Менің қазақ тілін үйрену курсына қатысқаныма әлі көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ нәтиже бар. Әрине, бос уақытым көп болса, тіпті жақсы болар еді, тілге көп уақыт бөлер едім. Бірақ көбіне жұмыстан қол тие бермейді. Жалпы мен қазақтарды, оның салт-дәстүрін қатты жақсы көремін. Салт-дәстүрінде ғасырлардан тамыр тартқан даналық бар. Бұл курстан бөлек мен қазақ тілін үйрену бойынша интернет курстарды да оқып жүрмін, – дейді украин қызы Елена Щербинина.
- Жалпы «Кел, сөйлесейік» курсы Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың бастамасымен қала әкімінің қолдауымен өткен жылдың қараша айында ашылған болатын. Басында топта 5-6 адам ғана болса, қазір 200-ден аса тіл үйренуші бар. Жалпы «Кел, сөйлесейік» клубы кітапхананың қаладағы Согра, КШТ, Аблакетка, Прохладный, Защита секілді аудандардағы филиалдарында да жұмыс істейді. Бұл клубта қазақ тілін меңгергісі келетін адамдар тілді үйрене алады. Жасқа шектеу жоқ. Курсқа қатысушылар тек ауызекі тілді ғана емес, лексиканы да, грамматиканы да, ситуативті жағдайларда қалай сөйлеу керектігін, диалог бойынша қалай қарым-қатынас құруды үйренеді.
Бұл шараға біз бір ай дайындалдық. Арнайы сценарий жаздық. Оқушыларымыз да өздерінің ұлттық костюмдерін дайындап, осынау Наурыз мерекесіне арналған шараны ынта-ықыласпен ерекше күтті. Қазіргі таңда қазақ тілін үйренгісі келетіндердің қатары күннен-күнге артып отыр, – дейді қазақ тілінің мұғалімі Назерке Айдынқызы.
Осылайша қатысушылар өздерінің өнер-дарынымен де, мемлекеттік тілде сөйлеу білімдерімен де жиналғандарды таңғалдырды. Байқау қорытындысы бойынша қатысушыларға сыйлықтар табыс етілді.
Мейрам Екпін