Ұлыстың ұлы күні

Қыдыр баба мен Көктем ару келді

Хасен Зәкәрия, Күршім

Аудан орталығындағы №1 Күршім орта мектебі – іргелі де жүлделі білім ордасы. Мектептің ұйымшыл ұстаздары әрдайым береке мен бірліктің, жаңашылдық пен алғырлықтың үлгісін көрсетіп, қай кезде де табыс биігінен табылып келеді. Аталған білім мекемесі облыстың ауыл мектептері арасында үш жыл қатарынан алдыңғы орынды бермей келеді. Биылғы әз Наурыз мейрамын да бұл ұжым өзгелерден ерекше тойлады.

Басқалардан бұрын, 17 наурыз күні басталған Ұлыстың ұлы мейрамы мұнда ерекше сипатта өтіп, көрген жұрттың көзайымына айналды. Алдымен білім ордасының ауласына екі бірдей киіз үй тігіліп, олардың іші барынша көркем безендірілді. Содан соң мектептегі 33 сыныптың оқушылары  алдын ала келісілген кесте бойынша бірнеше топқа бөлініп, мерекені кезекпен тойлап өтті. Бұл салтанатты шараға ата-аналар, еңбек ардагерлері, аталар мен әжелер шақырылды, қонақтар өз тілектерін ортаға салып, бата берді. Осы арада өнерпаз балалар мен ұстаздар күні бұрын даярлаған концерттерін көп назарына ұсынып, хал-қадірінше өнер көрсетті. Бұл бағытта да ұстаздардың айтарлықтай тапқырлық көрсеткені айқын байқалып тұрды.

Бізде «Қамқоршылық кеңес» атты мектепішілік қоғамдық ұйым жұмыс істейді, дейді мектеп директоры Ерболат Мәжібаев. Құрамында сегіз адамы бар бұл кеңестің мүшелері көпшілік дауыспен үш жылға сайланады. Кеңес мүшелері осындағы қандай шарадан болмасын сырт қалмайды. Керісінше, өздерінің ұсыныстарын айтып, барлық игілікті істерге мұрындық болып жүреді. Аудандағы белсенді азаматшалардың бірі  Надежда Потанина басқаратын осы ұжым бұл жолы да барынша белсенділік көрсетіп, мерекенің ойдағыдай өтуіне аянбай күш салды. Барлығымыз бірлесе ақыл қосып, биылғы Наурызды жылдағыдан ерекше өткізіп, жаңашылдық көрсетейік деген келісімге келдік.

Бұл ұсынысты ата-аналар да бір кісідей қолдап, шамалары келгенше жәрдем көрсетіп, қолғабыс жасады. Олар мерекелік дастарқан жаюға көмектесіп, наурызкөже пісірді, ал жақсылап пісірілген бұл қасиетті дәмнің әдейілеп келген адамдарға молынан жеткенін атап айта кеткім келеді.

Ерболат Мәжібайұлы бұл мектептегі басты мақсат шәкірттерге ұлттық тәрбие беру екенін айтты. Сонымен бірге мектеп-ата-ана-оқушы  арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсуге де баса көңіл бөлінеді. Ал мұның осындағы әр көріністен айқын байқалып тұрғаны рас, ұл-қыздардың барлығы бірдей ұлттық мәнермен киініп, қазақы дәстүрді ықыласпен дәріптеді. Аралас мектептегі орыс балаларының да келген адамға шын пейілмен «Ассалаумағалайкүм!» деп сәлем беріп, мерекемен қазақша құттықтап жатқанын мектеп ұжымының осы бағыттағы бір жетістігі деп ұғындық.

Мереке барысында әр сынып өз бетінше концерт қойып, жиналған жұртты тамашаға кенелтті. Олар тек ән шырқап, би билеумен шектелген жоқ, кәдімгідей сахналық қойылымдар қойып, ұлттық дәстүрден көріністер көрсетті. Тұсау кесу, шашу шашу, бесікке бөлеу сияқты көріністердің барынша шынайы бейнеленгенін айтпай кетпеске болмас.

Жиналған жұрттың арасына Қыдыр баба мен Көктем аруы шақырылып, олар да көпшілік назарына айта қаларлықтай қызықты көріністер ұсынды. Көктем аруы өз өнерін ортаға салып, Қыдыр баба жиналған қауымға батасын берді. Бұдан кейін түрлі спорт сайыстары өтіп, жастармен қатар ересектер де сынға түсіп, тиісті марапаттарға ие болды.

 

Осы айдарда

Back to top button