Құрылыс компаниялары заңсыз әрекеттерге жол берген
Азамат Темірбеков
Өңірдегі бірқатар құрылыс компанияларының тұрғын үй кешендерін салуда заңсыз әрекетке барғандары анықталған. Бұл туралы құрылыс саласында жұмыс істейтін компаниялар мен осы іске жауапты мемлекеттік органдардың басын қосқан отырыс барысында айтылды.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен жиын барысында құрылыс компанияларының осы бағытта атқарған жұмыстары сараланып, алдағы уақытта заңсыз әрекеттерге бармауы үшін қандай қадамдар жасауы керектігі жайлы айтылды. Отырыс аясында баяндама жасаған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев бүгінгі күні көппәтерлі тұрғын үй құрылысын заңды жолмен жүргізудің негізгі үш жолы барын атап өтті. Оның біріншісі – бірыңғай оператордың, яғни қазақстандық ипотекалық компаниялардың кепілдігін алу, екінші әдісі – екінші деңгейлі банктердің жобаларына қатысу болса, үшіншісі – көпқабатты тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызған соң үлескерлердің ақшасын тарту. Аталған әдістердің әрқайсысына қатысты заңнамалық тұрғыда бекітілген талаптардың барын алға тартқан басқарма басшысы құрылысты бастамас бұрын құрылысшылардың осы бағыттардың бірі бойынша рұқсаты болуы керектігін атап өтті.
Дей тұрғанмен, облыс орталығында көпқабатты тұрғын үй кешендерін салып жатқан құрылыс компанияларының біразы бүгінгі таңда аталмыш салада бірқатар бұзушылықтарға жол берген. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Инна Валлдың айтуынша, қазіргі уақытта жиырмадан астам құрылыс компаниясы пәтерлерді алдын ала броньдауға байланысты әрекет жасаған көрінеді.
– Біздің басқарма сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңға сәйкес құрылыс компанияларының нысандарды қолданысқа беру жұмыстарына мониторинг жүргізді, – дейді Инна Валл. – Былтыр облыс орталығының аумағында тоғыз құрылыс компаниясы 14 тұрғын үй кешенін қолданысқа берсе, қазіргі уақытта Өскеменде 27 құрылыс компаниясы 48 коммерциялық көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр.
Жауапты тұлғаның хабарлауынша, 28 тұрғын үй кешенін салып жатқан 23 құрылыс компаниясы пәтерлерді тікелей броньдау әдісін жүргізіп жатқан көрінеді. Мұндай жағдайда осы бағытта сәйкес рұқсат алмаған компаниялар тұрғындардың қаражатын заңсыз қолдану әрекеттеріне баруы мүмкін екенін атап өткен ол аталмыш компаниялардың барлығына жеке-дара тоқталып, олардың әлеуметтік желілер арқылы халықты тарту үшін жариялаған жарнамаларын жиналыс қатысушыларына көрсетті. Дегенмен кейбір құрылыс компаниялары мұндай жарнаманы сұраныс нарығын анықтау мақсатында ғана жариялап, азаматтардан пәтерлерді алдын ала броньдауға қатысты ешқандай қаражат жинамағандарын хабарлады.
– Құрылыс нысандарын салуда кестеден кешігуге, оны артығымен орындауға болады. Ең бастысы – бүгінгі күні барлық 23 компания заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, халықтың қаражатын заңсыз тартып отырғандығы. Бірнеше айдан кейін адамдар осында келіп, өздерінің заңды талаптарын қоятын болады, – дейді Даниал Ахметов.
Осылайша, аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы саласында қарапайым халықты тақырға отырғызып кететін құрылыс компаниялары сияқты мәселелерді болдырмауды құзырлы органдарға қатаң тапсырды. Сонымен қатар бұл жерде құрылыс компанияларының мұндай бұзушылықтарға баруының белгілі бір себептерінің болуы да мүмкін екенін атап өткен облыс әкімі оларға барлық кемшілікті бір ай ішінде ретке келтіру керектігін ескертті.