Өнер

Күршімдіктер музыка майталманын еске алды

Күршімде ескікөз тұрғындарын елең еткізген айта қаларлықтай елеулі шара өтті. Бүкіл саналы ғұмырын өңірдің дамуына арнап, Күршім ауданының мәдениет саласын өгіздей өрге сүйреген көрнекті музыкант, өмірден мезгілсіз өтіп кеткен дарынды азамат Сарыбай Нұрғалиевті еске алуға арналған кеш ұйымдастырылған  болатын.

Бұл сауапты да өнегелі басқосуға марқұмның қазіргі кезде Алматы қаласында тұрып жатқан жары Бақытжан мен екі ұлы –  Нұрлан мен Расул әдейілеп шақырылған-ды.

      –  Баянда ойнағанда тыңдаған жұрттың бәрін таңырқатқан Сарыбай Нұрғалиевтің негізгі мамандығы флейташы болатын, –  деп еске алады белгілі музыкант, домбырашы Тынымхан Мамырбеков. –  Талапты да жан-жақты жігіт қандай аспапты ұстатса да, аз уақыттың ішінде шебер меңгеріп алатын. Көзін көрген жұрт оны баяншы деп таниды, өйткені оның аудан көлемінде, тіпті облыста өтіп жататын алуан түрлі мәдени шараларда баяншылығымен көзге түсіп жүретіні рас еді және ол баянды асқан шеберлікпен, ерекше ынтамен ойнайтын.

Алдымен марқұмның аруағына арналып, «Алтын Алтай» дәмханасында ас берілген болатын. Әдейілеп қатым түсіріліп, Сарыбай Хасенұлының көзін көрген, әріптес болған адамдар осынау ақкөңіл де адал, көргенді де көпшіл азамат жайлы естеліктер айтып, қашанда әзіл-қалжыңға бейім тұратын жарқын жанның қызықты мінезін, түрлі қылықтарын әңгіме етті.

Кешке  марқұм Сарыбай Нұрғалиевті еске алуға арналған концерттің шымылдығы ашылып, онда өнердегі жолын музыка пәнінің мұғалімдігінен бастаған ұлағатты ұстаздың шәкірті болған, өздерін әлі күнге шәкірт санайтын бүгінгі көпке әйгілі өнер тарландары ән шырқады. Мысалға, белгілі әнші Есен Мәженов, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі,  Семейден келген көрнекті өнерпаз Қайрат Қамидолдин, бүгінде Өскемен қаласында тұратын Мырзабек Есекеновтер ұстаздары жайлы жүрек тебірентерлік естеліктер тірілтіп, соңынан домбыраға қосылып шырқаған  тамаша әндерімен жиналған жұртты тәнті етті. Жалпы, осы екі сағаттан астам уақытқа созылған тамаша концерттің жиналған жұрттың көңілінен шығып, ұмытылмастай әсер қалдырғаны шындық.

Ал әлдеқандай себептермен бұл кешке келе алмай қалған туған-туыс, дос-жаран, әріптестері сахна төріне қойылған үлкен экран арқылы көрсетіліп, өздерінің жүрекжарды естеліктерін айтып жатты. Мәселен, Астана қаласында тұратын белгілі музыкант, Сарыбай Хасенұлымен ұзақ жылдар бойы осы салада қатар жүріп еңбек еткен Дәулетхан Сарбасов, Өскеменде тұратын туған нағашысы Советхан Ысқақов, Сарыөлең ауылының түлегі, «Астана-Опера» театрының әншісі Берікхан Халелов келе алмай қалғандарына өкініш білдіре отырып, марқұм жайлы естеліктерін толғады.

      –  Сәкең оқуын бітірген бойда сол кездегі Раздольное орта мектебіне келіп, бізге музыка пәнінен сабақ берген болатын, –  деп еске алады осы кешті ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген Есен Мәженов. –  Шынымды айтсам, бүгінде шын өнерпаз атанып, әншілік өнерімен көзге түсіп жүргендердің барлығы –  Сарыбай ағамызға қарыздар. Ол кісі сәл бейімділігі бар баланы тез байқап, әлгі жеткіншекпен көңіл қоя айналысатын еді. Ерінбейтін, өзі де тыныштықтан  айырылып, бізге де маза бермейтін. Тентек болып, тыңдағысы келмеген баланы шапалақпен тартып жіберетін кездері де болып тұратын. Сол кезде ағайымызға ренжіп жүретін едік, сөйтсек ол кісінің бар ықылас-пейілін арнаған ниеті бізден бір нәрсе шығарудың қамы екен ғой. Сол үшін марқұмның алдында әлі күнге бас иіп, сағынышпен еске алып отырамыз.

Кейіннен Күршім аудандық мәдениет бөліміне ауысқан С.Нұрғалиев онда да тынымсыз басшы атанып, аудандағы небір дарынды түлектердің тұсауын кесіп, талабын шыңдай білді. Ол дайындаған концерт, ол ұйымдастырған хор атаулы облыс көлемінде үнемі алдыңғы орындардан көрініп, жүлдеден-жүлдеге ие болып жүрді. Заманның аумалы-төкпелі кезеңінде тұрмыс тауқыметіне ұшыраған кейбір ұстаздардың, өнер адамдарының күнкөріс үшін басқа салаларға бет бұрғаны рас. Сәкең қандай қиындық көрсе де, өзінің жүрек қалауымен таңдап алған мамандығына адалдығынан айныған жоқ. Қандай тар кезеңге тап келсе де, ол өнердің ақсамауы, өнер адамдарының келешектен түңілмеуі үшін барын сала еңбек етті. Мәдениет бөлімін басқарған кезінде қоластындағы қызметкерлерінің хал-ахуалына жіті көңіл қойып, шама-шарқынша жағдай жасады. Жастарды оң жолға баулып, ақыл-кеңесін, жәрдем-көмегін аямады.

Амал қанша, осынау күллі халық құрметтеген дарқан дарын, шалқар көңіл иесі 2000 жылдың 5 қыркүйегінде, 49 жасында кенеттен көз жұмып, тілеулес жұртты аһ ұрғызып кете барды. Арада 23 жыл өткенде еске алып, аруағын аунатқан көңіл жақын ауылдас, әріптес, сыйластардың баса айтқаны да осы болатын.

Кеш аяқталған сәтте сөз кезегі берілген С.Нұрғалиевтің қосағы  Бақытжан, інісі Дәулет, қарындасы Гүлнәр, ұлдары Нұрлан мен Расул аяулы арыстарын еске алып, есімін ел санасында жаңғыртып жатқан тілеулес қауымға шын жүректен шыққан алғыстарын арнап, мұндағы жерлестеріне риза екендіктерін ортаға салды. Соңынан өнерпаздар қауымы, жақын-жуық азаматтар сахна төрінде бас қосып, естелік суретке түсті.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button