Жолдау жол нұсқайды

Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек – Тоқаев

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәсіпкерлікке қолдау көрсету және аталған саланы реттеу деген желеумен кәсіпкерлерге көрсетілетін қысымды азайту, бәсекелестікті дамыту мәселелерін талқылау қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Президент осы мақсатта елдегі бизнес өкілдерімен арнайы кездеспек.

– Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетіне қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет. Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Осы айдарда

Back to top button