Экология

күкірт қышқылы заводын қайта құрылымдайды

Айжанат Бақытқызы

Өңіріміздегі ең ірі металлургиялық кәсіпорын – «Казцинк» ЖШС қоршаған ортаға жүктемені азайту бағытындағы іс-шараларын жалғастыруда. Бұл жайлы компанияның бас экологы Қазтай Тәкеев «Казцинктің» 2022 жылғы табиғатты қорғау қызметінің нәтижелері мен биылғы жоспарларына арналған брифинг барысында айтып өтті.

Жиында айтылғандай, соңғы 26 жылда компания бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Өскемен металлургиялық кешені күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін 2001 жылғы 69 мың тоннадан 2022 жылы 16 мың тоннаға дейін азайтты. Қоршаған ортаға әсерді бұдан әрі қарай да төмендету көзделетіндігі айтылды.

Металлургтердің айтуынша, соңғы бір жылда Өскеменде 35 түрлі экологиялық бастама енгізілген.

        – Кәсіпорынның табиғат қорғау бойынша тиімді жұмыстарын «Қазгидромет» мәліметтері растайды. Жыл қорытындысы бойынша Өскеменде күкірт диоксидінің (SO2) орташа мөлшері 0,7 шекті рұқсат етілген концентрацияны құрады. Ал ауадағы қорғасын мөлшері 0,5 шекті рұқсат етілген концентрация деңгейінде, нормадан аспайды. Яғни, екі жағдайда да рұқсат етілетін шекті деңгейден төмен, – дейді «Казцинктің» бас экологы Қазтай Тәкеев.

Бұл жетістікке Өскемен металлургиялық кешеніндегі бірқатар іс-шаралардың арқасында қол жеткен. Мәселен, жабдықтарды жоспарлы жөндеу, технологиялық үдерістерді оңтайландыру, сондай-ақ сүзгі жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілген. Мұның ішінде абаттандыру бағытындағы жобалар да бар.

«Казцинк» қалдықтармен жұмыс істеу кезінде ресурстарды ұтымды пайдалану қағидасын ұстанады. Мысалы, кенді технологиялық өңдеуден кейін қалған бос қалдықтармен шахталардың пайдаланылған бос жерлерін толтырады. Құрамында күшән (мышьяк)-темір бар қалдықтар кәсіпорын аумағында жиналмай, бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы арнайы өндірістік қалдықтар қоймасында көміледі. Ал металлургия өндірісінің су төгу үлесі барынша аз: өзге кәсіпорындармен жалпы көлемде 1%-дан төмен.

Компанияның алдағы жоспарларына тоқталар болсақ, «Казцинк» биыл табиғат қорғау іс-шараларына 722 миллион теңге жұмсамақ. Оның ішінде атмосфералық ауаны қорғауға 315 миллион теңге жұмсау көзделіп отыр. Алдағы екі жыл құрамында күкірті бар газдарды өңдеу үдерісін жетілдіруге арналмақ. Бұл үшін күкірт қышқылы заводын қайта құрылымдау қажеттігі айтылды. Бұл мақсатта тиісті жобалар әзірленіп те қойған.

        – Бірінші жоба құрамында күкірті бар газдарды күкірт қышқылы заводына тасымалдауды қамтамасыз ететін бөлімшені қайта құрылымдауға бағытталған. Сол жерде олар тауарлық күкірт қышқылына қайта өңделеді. Ал екінші жоба – құрамында күкірті бар газдарды тазарту жүйесі элементтерінің бірін қайта құрылымдау. Аталған іс-шаралардың шығарындылар көлемін азайтуға тікелей әсері болмаса да, кәсіпорынның атмосфераға түсетін әсерді азайту жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі. 2025 жылдың соңына дейін қолданыстағы қондырғыларды жіті тазартумен жабдықтау жоспарланып отыр, бұл күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін тағы мың тоннаға төмендетуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Қазтай Тәкеев.

Сонымен қатар 2022 жылдан бастап Өскемен металлургиялық комбинаты қолайсыз метеорологиялық жағдай кезеңдерінде экология департаментімен бірлесіп, белсенді іс-шаралар атқаратындығы жайлы айтылды. Мәселен, қаланың әр жерінде, сондай-ақ кешен құбырларында бірлескен көшпелі тексерулер бірнеше рет ұйымдастырылған. Бұл тәжірибе биыл да жалғасын тауып, жыл басынан бері болған қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың барлық кезеңінде бірлескен өлшеулер жүргізілген. Олардың нәтижесі бойынша, компанияның барлық қажетті шараны сақтағандығы және рұқсат етілген шекті мөлшерден ауытқулардың жоқтығы расталды.

Кездесу барысында БАҚ өкілдеріне Өскемен металлургиялық кешенінің өндірістік алаңына экскурсия ұйымдастырылып, технологиялық газдарды тұту жүйесі көрсетілді.

 

 

Осы айдарда

Back to top button