Ауыл шаруашылығы

Күздік дақыл өсірудің тиімділігі мол

Азамат Темірбеков

Өнімділігі жоғары әрі жинап алу маусымы ұзақ күздік дақылдарды өсіру өңірімізде соңғы жылдары кеңінен қолға алына бастады. Бүгінде осы бағытта жұмыс істеп жатқан шығысқазақстандық шаруалардың арқасында облысымыз аталмыш дақыл түрін өсіру бойынша ел аймақтарының алғашқы бестігіне қосылды.

Шілденің соңын ала тамызға дейін созылатын күздік дақылдарды ору науқаны қазіргі уақытта аяқталуға жақын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, екі жыл бұрын өңірде күздік дақылдарды егу екі есеге төмен болған. Яғни өңір шаруалары күздік дақылдарды 26,7 мың гектар алқапқа еккен еді. Былтыр егіс алқаптары 45 мың гектарға дейін ұлғайып, оның ішінде күздік бидай 37,1, қара бидай – 7,8, тритикале – 0,04 мың гектар алқапқа отырғызылды.

Келер жылдың қамына кіріспек

Бүгінде күздік ауыл шаруашылығы дақылдарының 47,2 пайызы жиналып бітті. Атап айтсақ, қазіргі уақытта күздік бидай алқаптарының 18,7, ал күздік қара бидайдың 2,5 мың гектары орылып болды.

Шаруаның ендігі мақсаты босаған егіс алқаптарын қайта жыртып, келер жылдың күздік дақылдарын себу. Ол үшін жерді қопсытып, қажетті минералдармен тыңайту қажет. Шығыс өңірінің шаруалары күздік дақылдардың күздік бидай, қара бидай, күздік рапс пен тритикале сияқты төрт түрін өсірумен айналысады. Алты ай бойы ақ көрпеге оранып жататын  өңірде дақылды қар астында қыстатудың машақаты мол екенін білетін көпшілік бұл шаруамен айналысудың  не пайдасы бар деп ойлауы да мүмкін. Десек те климаты қатаң әрі жазы қысқа өңір үшін күздік дақылдарды егу өте тиімді екенін біреу білсе, біреу білмес.

Барлық күздік дақылдар, соның ішінде бидай жаздың соңы, күздің басында отырғызылып, көшеттері қалыптасады. Қар астында қыстап, арнайы баптаудан өткен дақылдар ерте көктемде өсе бастайды. Осылайша, көктемде басқа дақылдар енді ғана отырғызыла бастағанда күздік дақылдар көктеп қояды. Мамандардың айтуынша, қолайлы климаттық жағдайда күздік дақылдардың өнімділігі көктемде отырғызылатын дақылдарға қарағанда жоғары әрі ору уақыты ұзақ болғандықтан ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін көрінеді.

 Алғашқы бестіктеміз

– Шығыс Қазақстан облысы елімізде күздік дақылдардың егіс алқаптары бойынша Түркістан, Жамбыл, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарынан кейінгі бесінші орында, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян. – 2020 жылғы статистикалық есепке сәйкес, облысымызға республика бойынша күздік дақылдардың 4,5 пайызы тиесілі.

Бүгінгі күні бізде осы бағытта жұмыс істейтін 100-ден астам ірілі-ұсақты шаруашылық құрылым күздік дақылдардың қырманына қызу кіріскен. Басқарма басшысының айтуынша, қолайлы климаттық жағдайда күздік дәнді дақылдарды тамыз айының екінші онкүндігінен кешіктірмей жинап алу жоспарланған.

– Күздік бидайдың орташа өнімділігі бұған дейін гектарына 19,9, ал қара бидайдікі – 13,5, тритикаленікі – 10 центнер болады деп болжанған еді. Алайда дақылдардың қазіргі уақытта орылған көлеміне қарап, болжанған көрсеткіштен әлдеқайда асып түскенімізді байқадық. Атап айтсам, күздік бидайдың өнімділігі гектарына 20,4 центнер болса, қара бидайдікі 21 центнерге жетті. Ел аумағын жайлаған қуаңшылыққа қарамастан, өткен жылдармен салыстырғанда дақыл түсімінің айқын төмендеуі байқалған жоқ, – дейді Владимир Гайламазян.

«Бригада», «Гром», «Этнос»…

Күздік дақылдардың пайдасын көрген өңір шаруалары соңғы жылдары аталмыш дақыл түрлерін асылдандыруға да көптеп көңіл бөле бастады. Атап айтсақ, бүгінде облыста бұл іспен айналысатын 26 шаруашылық болса, оның 16-сы тұқымшар, жетеуі элиталы тұқымшар және үшеуі тұқым өндіретін оригинатор. Былтыр аталмыш шаруашылықтар биылғы өнімге 18,5 мың тонна тұқым дайындаса, оның 52 пайызы асыл тұқымды дақылдар.

Соңғы екі жыл көлемінде ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығы жөніндегі бағдарлама шеңберінде Солнечная кентінде орналасқан Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы күздік бидайдың асыл тұқымды «Бригада», «Гром», «Этнос» сияқты түрлерін сұрыптап шығарған. Бұған қоса, Опытное поле кентіндегі Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе стансасы күздік бидайдың «Нұр-38», қара бидайдың «Өскемен» сорттарын өсірді.

– 2020 жылы егілген тұқымдардың сорттық құрамын талдау нәтижесінде отандық селекция – 37, ресейлік селекция – 48, беларусьтік селекция – 10, алыс шетелдерден әкелінген селекция бес пайызды құрайтынын анықтадық, – дейді Владимир Гайламазян.

Жауапты тұлғаның айтуынша, қазіргі таңда шығысқазақстандық шаруашылықтар отандық селекциядан бөлек, Ресейдің, Беларусьтің, Украинаның, сондай-ақ Франция, Канада, Австрия мен Германияның экспорттық өнімдерін де пайдаланады. Дегенмен, егіс алқаптарындағы отандық селекция үлесі жыл өткен сайын артып келеді. Өйткені отандық сорттардың Алтайдың қытымыр қысына төзімді, желіне жамбастамайтын қасиеті бар.

Теріскейде түсім мол

– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің болашақта күздік дақылдар отырғызылатын егіс алқаптарын ұлғайтуға әлеуеті жеткілікті. Мұны бір ғана биылғы көрсеткіш дәлелдеп отыр. Яғни ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда күздік дақылдар егілетін алқаптар 18,3 мың гектарға ұлғайған, – деп қосты Владимир Гайламазян.

Бүгінгі күні облыс бойынша күздік ауыл шаруашылығы дақылдарын 11,1 мың гектар алқапқа еккен Үржар ауданы көш бастап тұр. Ал 10,3 мың гектар алқабы бар Бородулиха екінші орынға жайғасса, 9,29 гектарға күздік дақылдар еккен Шемонайха ауданы үшінші, ал 8,56 мың гектар алқабы бар Глубокое ауданы төртінші орынға табан тіреді.

Алайда бұл істе жауын-шашын түсімі мен жердің құнарлығы басты рөл атқаратыны белгілі. Осыдан болар, егіс алқаптарының көлемі аз болса да Ертістің оң жағалауында орналасқан үш ауданның егіс түсімі Үржарға қарағанда 2-3 есе жоғары, яғни гектарына 19-31 центнерден өнім алуда. Ал Үржарда бұл көрсеткіш әзірге гектарына 10,8 центнерді құрайды.

 

 

Осы айдарда

Back to top button