Денсаулық сақтау

КТ, МТР зерттеулерінен кезек күтпей-ақ өтуге болады

Айна Ескенқызы

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне үш жыл болды. Осы уақытта бұл жүйенің жұмысына талай сын-ескертпе айтылып, көпшілік тарапынан наразылық та болды. Біз осы мақаламызда сақтандырылған азаматтарға қандай медициналық қызметтер қолжетімді екенін және жүйеде болудың қандай тиімді жақтары бар екенін талдауға тырыстық.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 16,2 млн адам тіркелген немесе ел халқының 82,6%-ы осы жүйені таңдаған. Алайда 3,4 млн адам әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Біздің өңірге қатысты айтсақ, 120 мың  шығысқазақстандық сақтандарылмаған.

Облысқа келген сапарында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру нәтижесінде 2021 жылмен салыстырғанда медициналық қызметтерді қаржыландыруды 25%-ға арттыруға мүмкіндік туғанын атап өтті. Оның ішінде профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді қаржыландыру – екі есе, консультациялық-диагностикалық қызметтер – 1,5 есе, стационарлық көмек – 1,2 есе, жоғары технологиялық медициналық қызметтер – 2,2 есе, оңалту шараларын қаржыландыру 1,5 есе ұлғайған. Сондай-ақ КТ, МРТ және ПЭТ сияқты ақысы қымбат зерттеулердің саны да көбейгені байқалады.

– Одан басқа соңғы уақытта біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының есебінен бағасы қымбат жаңа технологияларды қаржыландыру бойынша шаралар қабылдадық. Мысалы, гамма-пышақты қолданумен радиохирургиялық емдеу әдісі, ретинобластома кезіндегі селективті интра-артериялық химиотерапия, омыртқаның тері арқылы транспедикулярлық фиксациясы, омыртқаның транспедикулярлық пластикасы, түзетуші тибиалдік остеотомия, радиозотоптық диагностика қызметтерінің 18 атауы сияқты жаңа жоғары технологиялар сақтандырылған азаматтарға тегін, – деп нақтылады министр Өскеменге келген сапарында.

Облыс халқының жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділігіне келетін болсақ,  2022 жылы шамамен 3 млрд теңгенің осындай қызметтері көрсетілген, бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға жоғары.

2021 жылы өңірде жоғары технологиялы қызметтерге барлығы 1 972 673 мың теңге қаржы жұмсалса, 771 604 мың теңгенің қызметі МӘМС пакетінде, 201 069 мың теңгенің жоғары технологиялы қызметтері ТМККК (тегін кепілдендірілген медициналық көмек) пакетінде көрсетілген. Ал биыл МӘМС пакетінде 2 299 364 мың тенгенің, ТМККК  пакетінде 665 860 мың теңгенің жоғары технологиялы қызметтері қолжетімді болған. Осыдан-ақ сақтандырылған азаматтарға жоғары технологиялы медициналық көмектің көптеген түрін тегін алуға мүмкіндік зор екенін аңғаруға болады.

– Медициналық сақтандыру пакетіне қыруар қаржы бөлінгенімен өңірлерден осы мақсатқа қосымша қаражат бөлу туралы өтініштер әлі түсіп жатады. Ондай кезде министрлік өкілдері өтінімдерді мұқият зерттеп, аудит жүргізеді. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге 61 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 11 млрд теңге облыстың медициналық ұйымдарының аудитінен кейін қосымша қарастырылды, – деген болатын Ажар Ғиният.

Үш миллион теңгенің отасы тегін жасалды

Облыста жүрек-қан тамырлары аурулары ең жиі кездесетін дерттердің бірі. Сол себепті де осындай науқастардың Астана мен Алматыдағы орталық клиникаларға сандалмауы үшін өңірде кардиология саласын дамытуға көп көңіл бөлініп келе жатыр. Облыстық аурухананың кардиохирургиялық бөлімшесі заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, мамандары жыл сайын шетелдің озық клиникаларында білімін жетілдіреді. Өңірдегі ең көп жоғары технологиялы медициналық қызметтер де осында көрсетіледі. Жыл басынан бері кардиохирургиялық бөлімшеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 203 жоғары технологиялы операция жасалды, оның 181-і жоспарлы  түрде болса, 53 ота шұғыл жасалған.

– Егер адам ауырып қалса, оған инновациялық технологиялардың көмегімен диагностика жасау және емдеу қажет болса, онда науқас тұрғылықты жеріне қарамастан бізге жоспарлы медициналық көмекке жүгіне алады. Басты шарт – МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесінің болуы, – деді медициналық ұйымда.

Кардиохирургтердің түсіндіруінше, егер науқасқа хирургиялық ота жасау қажет болса, пациент ауруханаға жоспарлы түрде жатуға дайындала бастайды. Ол үшін оған жолдама берген емхана қажетті талдауларды жинап, оны  емдеуге жатқызу бюросы порталына қояды.

Кеше ғана облыстың кардиохирургтері жүрекке күрделі ота жасау арқылы 40 жастағы ер адамның өміріне араша түсті. Қазір науқас сауығып, үйіне шығуға дайындалуда.

Риддердің 40 жастағы тұрғыны облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімшесіне шұғыл түрде түскен еді. Коронарография негізгі коронарлық артерияның 95%-ы тарылғанын көрсеткен. Сондай-ақ науқастың тамырларының анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты аортокоронарлық шунттау (бұдан әрі-АКШ ) және стент орнату мүмкін еместігі анықталады. Дәрігерлер жұмыс істеп тұрған жүрекке маммар-коронарлық шунттауды жүргізуге шешім қабылдайды.

– Әдеттегі АКШ-тан айырмашылығы, бұл операция кезінде пациент аз жарақат алады. Шунтқа қажетті ішкі кеуде артериясы эндоскопиялық жолмен, кеуде қуысының сол жақ жартысындағы үш кішкене пункция арқылы оқшауландырылды. Содан кейін қабырғааралық кішкене тілік арқылы айналма шунт сау тамырларға тігілді. Қан енді осы «жаңа» тамыр  арқылы зақымдалған учаскеге әсер етпей, еш кедергісіз өтеді, – деп түсіндірді кардиохирург Дастан Қадырбаев.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операцияның дәстүрліден бір артықшылығы, жасағаннан кейін ауырсыну синдромы айтарлықтай төмендейді. Ота жасалғаннан кейін екінші күні пациент тұрып, өздігінен қозғала алады, қалпына келтіру кезеңі де айтарлықтай қысқарады. Соның арқасында науқас қалыпты өмірге тезірек оралуы мүмкін.

– Дәрігерлерге көп рақмет айтамын. Мен өзімді жақсы сезінемін. Бәрі жақсы. Оларға деген алғысым шексіз. Қалпыма келу процесі жылдам жүріп жатыр, жақын арада жұмысқа қайта ораламын деп үміттенемін, – дейді Николай есімді Риддер қаласының тұрғыны.

Айтпақшы, мұндай операция кардиохирургқа техникалық жағынан күрделірек. Оны сәтті өткізу үшін мол тәжірибе, нақты дағды мен жоғары технологиялық жабдық қажет. Бүгінде бұл әдіс еліміздің екі жетекші клиникасында ғана кеңінен қолданылады, енді медициналық көмектің бұл түрі біздің өңірде де қолжетімді. МӘМС шеңберінде жасалған отаның құны – 3 миллион теңге.

Тоғыз айда кардиохирургия бөлімшесінде 110-ға жуық АКШ операциясы (аортокоронарлық шунттау), 45 клапандарды жасанды протездермен ауыстыру отасы жасалды, 48 электрокардиостимулятор орнатылды.

Тексеруден өту жеңілдеді

Медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелген, сақтандырылған тұрғындардың көпшілігі бейінді мамандарға қаралуға, КТ, МРТ сияқты аппараттармен тексеруден өтуге кезекті ұзақ тосуға тура келетініне шағымданады. Ауруы жанына батқан адамдар аяғы ақылы клиникалардың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Осы жерде тұрғындарға жағымды жаңалықты қуана хабарлаймыз.

Өскемен қаласында КТ зерттеуін төрт медициналық ұйымда өтуге болады. Олар: облыстық аурухана, облыстық Ана мен бала орталығы, облыстық Мамандандырылған хирургия орталығы және Nova Medical Centre диагностикалық клиникасы. Бұлардың ішінде тек соңғысы ғана жекеменшік, қалғандары мемлекеттік емдеу орындары. МРТ зерттеуінен облыстық аурухана, онкология орталығы, МРТ Магнезия орталығы және Nova Medical Centre диагностикалық клиникасынан өтуге болады. Бұлардың алдыңғы екеуі мемлекеттік, соңғылары жекеменшік.

Егер науқасқа КТ, МТР зерттеулерін өтуге жолдама берілген емдеу ұйымында кезекті ұзақ күту керек болса, пациент өз бетімен жоғарыда аталған медициналық ұйымдардан кезек аз клиниканы таңдай алады. Содан кейін өз емханасына келіп, жолдаманы кезегі аз клиникаға қайта жаздырып алуы керек. Бұл жерде зерттеу жасайтын орталықтың мемлекеттік не жеке меншік болуы маңызды емес. Ең басты шарт – клиника МӘМС жүйесінің тасымалдаушысы болуы тиіс.

– Осы тұста тұрғындарды алаңдатқан мына бір мәселеге назар аудару қажет сияқты. Айталық, жолдама беріп отырған емхана зерттеу жасайтын клиникамен келісімшартымыз жоқ деп бас тартады екен. Бірақ ескертіп айтамын, емхана мен клиника арасында келісімшарттың болу болмауы маңызды емес. Тек КТ, МРТ зерттеулерін жасауды ұсынып отырған клиника МӘМС жүйесінің тасымалдаушысы болса жеткілікті. Егер учаскелік терапевт басқа клиникаға жолдама беруден бас тартса, емханада пациенттерді қолдау қызметі бар, соған не болмаса бізге шағымдануға болады. Әдетте бұл мәселені  пациенттерді қолдау қызметі оң шешіп береді, – деп түсіндірді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының ақпараттық-түсіндіру бөлімінің басшысы Салтанат Адамова.

 

 

Осы айдарда

Back to top button