Денсаулық сақтау

Кәсіби мерекеде 100 автокөліктің кілтін тапсырды

Кәсіби мерекеде 100 автокөліктің  кілтін тапсырды

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ медицина қызметкерлері күніне орай аталмыш салада айрықша қызмет көрсеткен дәрігерлерді марапаттап, аймақтағы ауруханаларға 100 автокөліктің кілтін тарбыс етті.
Медициналық пакетпен толық жабдықталған «УАЗ» маркалы 100 автокөлік Республика алаңына келіп қаз-қатар тізілгенде, әр ауданнан келген ақ желеңді жандардың жүзіне нұр, көңіліне қуаныш ұялады.
Халық үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет ететін абзал жандарды әуелі облыс әкімі құттықтады.

Кәсіби мерекеде 100 автокөліктің  кілтін тапсырды

– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ біздің алдымызға қойып отырған ең басты міндеттерінің бірі – ел азаматтарының денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру. Адамның ең басты байлығы – денсаулық. Бүгін біз күнделікті жауапты қызметтерімен жалпыұлттық міндетті орындауға зор үлес қосып отырған медицина саласының барлық қызметкерлеріне зор ризашылық білдіреміз. Медицина деген ерекше сала, ол жерге ешкім байлық қуып, абырой іздеп бармайды. Мұнда тек адамға жақсылық ойлайтын жандар ғана қызмет етеді. Сіздер жүрек қалауымен біздің деніміздің саулығын күзетіп жүрсіздер. Қызметтеріңзде жауапкершілік пен қырағылықты көрсетіп қана қоймай, мейірімділік те танытасыздар, – деп сөзін сабақтаған аймақ басшысы өңірдегі осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Облыстағы денсаулық сақтау саласы Ұлт жоспарының «100 нақты қадамына» сай дамып келеді. Соның бір бағыты салаға жоғары технологиялар енгізу, жеке меншік медицинаны дамыту болып табылады. Бұл салаға бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Мұны өз көздеріңізбен көріп жүрсіздер. Тек соңғы жылдарда ғана он нысан қолданысқа берілді. Облыс орталығындағы қан орталығы мен оңалту орталығы, Семей қаласындағы жедел жәрдем станциясы, сондай-ақ, қолданысқа берілген жеті ауылдық дәрігерлік амбулатория осы сөзіме дәлел болады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 60 тан астам ауылдық дәрігерлік амбулатория мен дәрігерлік бекетті, 15-тен астам аурухананы жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп те қойды. Ауылдардағы медицина нысандарын заманауи қондырғылармен қамтамасыз ету үшін миллиардқа жуық теңге бөлінді. Ал бүгін көліктер тапсырып отырмыз. Бұдан бөлек дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөліп келеміз. Жылдың екінші жартысында 12 дәрігер еуропа елдерінен жарты жылдық іс-тәжірибеден өтеді. Қазір олар ағылшын тілін үйреніп жатыр, – деген облыс әкімі аталмыш саладағы кейбір олқылықтарды да тілге тиек етті. – Жыл сайын облыстың медицина саласына 200-ден астам жас маман келеді. Оларға толық әлеуметтік пакетпен көмек көрсетіп келеміз. Соған қарамастан тек Өскеменнің өзінде 67 дәрігерге баспана жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін арнайы отбасылық жатақхана салып жатырмыз.
Құрметті дәрігерлер, сіздерден заман ағымы кәсіби шеберліктеріңізді үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Сіздер ауырмаңыздар, сіздер аман болсаңыздар, біздің де деніміз сау болады.

Өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен сатып алынған бұл көліктерге жергілікті бюджеттен 330 млн. теңге бөлінген. 100 автокөліктің тек 24-і ғана Семей қаласындағы жаңадан салынған жедел жәрдем станциясына бөлінген, қалған көліктердің барлығы ауылдық жерлердегі ауруханаларға жіберілді.

– Төл мерекеміздің қарасаңында, қаржылық дағдарысқа қарамай, автокөлікпен көмектесіп жатыр. Бұл алыстағы ауылдарға қызмет көрсетуге оң әсерін тигізеді. Сондықтан Елбасына, өңір басшысына көп рахмет. Бізге бес санитарлық автокөлік бөлді. Біз оларды Алтыншоқы, Көкөзек, Науалы сынды алыс жерлердегі ауылдық амбулаторияларға бергелі отырмыз, – дейді Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жексенбай Тілеуберлин.

Салтанатты шарада медицина саласында елеулі еңбек еткендер мен ұзақ жыл жұмыс істеген ақ желеңді абзал жандар марапатталды. Оларға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев арнайы төсбелгілер табыстады. «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісіне облыстық ауруханасының гематолог дәрігері Дина Әміренова, Курчатов қалалық аурухананың балалар дәрігері Қарлығаш Тілеуғабылова, Көкпекті ауданы ауданаралық аурухананың балалар дәрігері Сандуар Смағұлова, Ана мен бала орталығының нефролог дәрігері Любовь Горкунова ие болды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл еңбек етіп, жеткен жетістіктері үшін Өскемен қалалық жедел жәрдем станциясының қосалқы станция меңгерушісі Нина Панина, Зырян ауданы, Серебрянск қалалық ауруханасының дәрігер-зертханашысы Елена Киреева, Ұлан ауданы, Саратовка ауылы дәрігерлік амбулаториясының терапевт дәрігері Еңлік Нұрбаева, облыстық қан орталығы директорының орынбасары Светлана Шмурыгина марапатталды.

Иә, марапатқа ие болған бұл кісілер ажалға араша болып жүрген сан мыңдаған дәрігерлердің бірнешеуі ғана. Түн ұйқысын төрт бөліп, өзгенің өмірін ойлап жүрген абзал жандарға қандай марапат болса да артық болмас. Әне, облыс орталығынан шығып, жан жаққа бытыраған су жаңа автокөліктер асығыс ауылға тартты. Ауылда оларды асығыс шақыратындар аз болса екен.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button