Кәсіби біліктіліктің тағы бір белесі

Кәсіби мерекелері қарсаңында шығысқазақстандық кардиохирургтер тағы бір белесті бағындырды. Өңірде тұңғыш рет жүректің ақауына тороскопиялық бейнебақылау арқылы миниинвазивті ота жасалды. Күрделілігі жетінші деңгейлі операцияны жерлес кардиохирургтер Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықтың мамандарынан жасақталған бригаданың көмегімен жүзеге асырды.
Астанадан жеткен бригаданың құрамында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы №1 кардиохирургия меңгерушісі Мурадым Мырзағалиев, кардиохирург Дархан Сугенбаев, анезтезиолог дәрігер Шаймұрат Төлегенов, операция медбикесі Қымбат Мұхаметжанова бар. Сонымен қатар шеберлік сабағына қатысу үшін Керекуден бір кардиохирург дәрігер арнайы келіпті. Ота жасауға жергілікті кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еділ Ботабаев бастаған біздің бір топ дәрігерлер де қатысты. Өткен жылдың соңында облыстық аурухана жергілікті бюджеттің есебінен жүрекке ота жасау үшін қажетті аспаптармен қамтылған Karl Stors кардиохирургиялық бейнебақылау құрал-жабдығына қол жеткізген болатын. Ерекше ота осы құралдың көмегімен жасалды.
-Әлемде отаның бұл түрі баяғыдан жасалып жүргенімен, облысымызда алғаш рет қолға алынды. Осындай жүрек ақауларына операция кезінде бұрын кеуде тұсы тілініп, үлкен жарақат салынатын. Науқас отадан кейін жеті-сегіз күн жататын, тігілген жерден су ағып, асқынулар қаупі жоғары болатын, Ал бүгін омырау тұсынан сәл ғана тілік жасалды (3 см), яғни пациенттің ағзасына көп зиян келмейді, екі-үш күнде өз аяғымен жүріп кетеді, – деп түсіндірді облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмаханов.

Астаналық кардиохирург Мурадым Мырзағалиевтың айтуынша, 56 жастағы әйел адамға жасалған отаның бірінші тиімділігі – косметикалық, яғни, кішкентай ғана тілікпен жасалса, екіншіден, оңалу мерзімі қысқа болмақ.
Өңірдің кардиохирургиялық қызметі өзінің бастауын 2013 жылдан алады. Дәл сол жылы Жайық Жұмаханов белгілі кардиохирург, астаналық орталықтың директоры Юрий Пямен жолығып, облысқа кардиохирургия қызметінің қажеттілігі жөнінде мәселе көтереді. Көп ұзамай Юрий Владимировичтің қолдауымен облыста кардиохирургия бөлімшесі ашылады. Осы уақыт аралығында облыста жүрекке 2000-ға жуық әртүрлі ота жасалған. Бас дәрігер алғашқы жылдары жас мамандарын Новосібір қаласындағы академик Мешалкин атындағы клиникада екі жылдай оқытып, біліктіліктерін ұштайды. Бүгін кардиохирургтердің ең жасы 29 жаста болса, ең үлкені – 37 жаста. 32 жастағы Дархан Қадырбаев өз бетімен 200-ден астам ота жасап үлгеріпті. Кардиохирургияда оталардың күрделілігі жеті деңгеймен өлшенсе, біздің мамандар осылардың кез келгенін қиналмастан жасай береді. Былтыр жүрегіндегі тамырларының барлығы бітеліп қалған өте ауыр жағдайдағы науқасқа мамандарымыз күрделілігі жетінші деңгейлі операцияны сәтті орындап шықты. Қиындығы 5-6 деңгейлі оталарды күнделікті жасай береді.
Дәрігерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова облыстық көпсалалы аурухананың жұмысымен танысып қайтты.
Жедел кардиологиялық қызметті көрсету аурухананың қабылдау бөлмесінен басталады. Негізгі міндет – миокардтың жіті инфаркті ауруын жоғары технологиялардың көмегімен емдеу. Қабылдау бөлмесі науқастың жағдайының ауырлығына байланысты үш аймаққа бөлінген. Шұғыл көмекті қажет ететіндер қызыл аймаққа түседі. Жіті коронарлы синдром диагнозымен түскен пациенттерді қабылдайтын бөлме 24/7 режимінде істейді. Ал инсульт диагнозымен пациенттер жексенбі, дүйсенбі және сейсенбі күндері осы ауруханаға жеткізіледі. Бригада дәрігерлері жедел жәрдеммен әкеле жатқан науқастың жағдайын ақпараттық жүйе арқылы алдын ала біліп, толық дайындықта қарсы алады.
-Инсультке шалдыққандарға үш сағат ішінде, инфарктқа күдігі бар науқасқа он екі сағаттың ішінде шұғыл жәрдем көрсету мерзімі «алтын уақыт» деп аталады. Егер осы мерзімде пациенттерге дәрігерлік көмек көрсетілсе, олардың толықтай оңалып кетуіне кепілдік беруге болады, – дейді бас дәрігер. Дер кезінде жеткізілсе, инсульттен сал болып қалу немесе инфаркт алу қауіпі азаяды.
Ауруханада үш бірдей ангиограф аппараты іске қосылған. Жылына 4000-нан астам науқас осы аппараттардың қызметін пайдаланады. Оның соңғысы 2016 жылы сатып алынған General Electrik ангиографы бірінші қабатта орналасқан. Ангиография зертханасы мен кардиологиялық қабылдау бөлмесінің, инсульт бөлімшесінің қатар орналасуы жедел түскен науқастардың барлығына осы аспаптың көмегімен жедел көмек көрсетуге, шұғыл ота жасауға мүмкіндік береді. Бас ми қан тамырлары, жүректің тамырлары, аяқ-қолдардың тамырларын тексеретін пациенттерді тәулік бойы аптаның жеті күнінде тоқтаусыз қабылдай береді.
2007 жылы шығарылған Siemens ангиографы өте мобильді, оны коронография, стент қою және электркардиостимуляторларды орнату кезінде қолдану ыңғайлы. Сол себепті осындай диагноздармен жоспарлы түскен науқастарға қызмет осы аспапта көрсетіледі. Моральдық тұрғыдан ескірсе де, аспап қолайлы болғандықтан аурухананың бюджетінен 60 миллион теңге бөліп, соңғы рет өткен жылы жөндетіп алыпты. Енді оған қосалқы бөлшектер де шығарылмайды екен. Тағы бір Philips ангиографы 2012 жылғы. Өте баяу қозғалғанымен бұл құрал аяқ-қолдардың қан тамырларын, мойынның тамырларын анық көреді. Сол себепті тамырларға жасалатын барлық жоспарлы операциялар осы аспаптың көмегімен жүзеге асады. Жылына 1000-ға жуық науқас осы аппаратта тексеріледі.
Өткен жолы Юрий Пя келген кезде кардиохирургия қызметіне жоғары баға беріп кетті. Бірақ жаңа кардиохирургиялық орталықты ашу жөнінде айтып еді. Бүгінгі таңда ауруханаға жапсарлас салынатын жалпы аумағы 5000 шаршы метр болатын қосымша ғимараттың жобасы жасалып жатыр. Жоба жылына 4000 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
– Орталық JCI халықаралық стандартына толық сай жабдықталатын болады. Сол кезде заманауи үлгідегі ангиограф сатып алынады. Семей жедел жәрдем ауруханасында осындай қымбат құралдың нейробағыттағы нұсқасы тұрса, бұл жерге кардиобейінді түрін алмақпыз. Барлықтарыңызды келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Әсем Нүсіпова.
Өкінішке қарай, өткен жылы облыста «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштеріне қол жетпеген төрт бағыттың бірі – қан айналымы жүйесінің аурулары. Облыстық аурухана ұжымының кәсіби біліктілігі мен осы салаға құйылмақ қаражаттың нәтижесінде алдағы кездерде жағдай жақсара түседі деген үміт бар.
Айна Ескенқызы