Өкпе дертіне шалдыққандардың тынысы қашан ашылады?
Облыс орталығының сыртындағы Опытное поле кентінде орналасқан облыстық туберкулезге қарсы диспансер жаңа ғимаратқа зәру. Биік дуалмен қоршалған аулада диспансердің бірнеше нысаны орналасқан. Олардың барлығының табаны 1972 жылы қаланыпты. Өткен жылдың қазан айында терапевтік бөлімше орналасқан ғимараттың қабырғалары қақырай сөгілгенде, оны апатты деп жауып тастауға мәжбүр болған. Науқастардың бір бөлігін хирургия бөлімшесіне, қалғандарын Семей мен Тарбағатай ауданындағы емдеу мекемелеріне көшіруге тура келіпті.
Диспансердің бас дәрігері Динара Сәдуақасова үшін түйіні шешілмей тұрған бір ғана проблема бар. Ол –диспансерге қажет жаңа типтік ғимарат. Одан басқа мәселелерді өз күштерімен шешуге үйреніп алған.
-Біз науқастардың емделуі мен олардың осында жайлы орналасуына барынша тиімді жағдайларды қолымыздан келгенше жасап келеміз. Өз күшімізбен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Палаталар мен кабинеттер тап-таза, тіпті дәрі-дәрмектің жағымсыз исі де сезілмейді. Бірақ ең бастысы ол емес. Біздің ғимаратымыз инфекциялық талаптарға сай емес. Эпидемиологиялық талаптар бойынша бір науқасқа жеті шаршы метр қажет болса, бізде бар болғаны бес шаршы метр. Соның салдарынан төрт кісілік бөлмеде алты адамнан қысылып жатыр, – деп түсіндірді бас дәрігер.
Айтпақшы, ғимараттың қабырғасында сызат пайда болған кезде төтенше комиссия құрылып, Алматыдан арнайы мамандар шақырылған екен.
-Алматылық сарапшылар бұл нысан мүлде жарамсыз, пайдалануға болмайды деген шешім шығарып кетті, – дейді басшы. Бұл күнде апатты ғимарат лентамен қоршалып, қаңырап бос тұр.
Облысқа туберкулезге қарсы диспансердің жаңа типтік ғимараты қажет екендігі жөнінде көптен айтылып жүргенімен, барлық уәде сиырқұйымшақталып кетеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында әлеуметтік маңызы зор нысанның құрылысы 2014 жылы басталады деген әңгіме де болған кезінде.
-Тіпті 2014 жылы Глубокое ауданы әкімінің шешімімен бізге арнайы жер де бөлінген. Ол жерге геологиялық барлау жұмыстары да жүргізілді. Барлық шешімдер қолымызда. 2015 жылы жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауға тендер де жарияланған болатын. Бәрі тағы аяқсыз қалды, – деген түсініктеме берді Динара Сәдуақасова.
Сонымен қатар, типтік емес ғимаратта диспансерден шыққан кәріз қалдықтарын тазалайтын арнайы станция да жоқ. Кәріз сулары әзірге тек залалсыздандырылып қана келеді.
Қалыптасқан жайсыздықтарға қарамастан диспансердің дәрігерлері мен орта медициналық қызметкерлері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып келеді. Бас дәрігердің мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы ересектер арасында өкпе дертіне шалдыққандардың көрсеткіші 24 пайызға төмендесе, балалар арасында 16 пайызға азайыпты. Емдеу мекемесінде облыстың түкпір-түкпірінен 310 адам емделуде. Емдеу орны заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Болатбек Елшібеков, басқа да мамандар үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Бір хирургті хирург-фтизиатр мамандығына арнайы оқытып алыпты. Өткен жылы ұжымның қатары он дәрігермен толықса, олардың жетеуі жас маман.
-Жылына жедел және жоспарлы түрде 150-170 ота жасаймыз. Бүгінде басымдылық аз инвазивті операциялық әдістерге беріледі. Оның басты артықшылығы – органдарды сақтап қалу мүмкіндігі жоғары және әйел адамдарға косметикалық тігістер жасай аламыз, – дейді Болатбек Елшібеков.
Мамандардың айтуынша, Кох таяқшасы емге өте төзімді келеді. Сол себепті қазіргі науқастардың басты проблемасы – олардың ағзаларының дәрі-дәрмекке көндігіп алуында екен. Медицина қанша дамыды десек те, өкпе дерті құрамы күрделі үш-төрт препаратпен ғана емделеді.
– Оның үстіне бізге науқастардың кейбіреуі дәрі-дәрмекке төзімділіктің алғашқы белгілерімен түседі. Ем-дом қабылдаудан жалыққандардың қашатын кездері де кездеседі. Пациенттердің басым бөлігі бұрын бас бостандығынан айырылғандар немесе нашақорлар. Қызметке жаңа кіріскенімде, ең бірінші қауіпсіздік шараларын жөнге келтірдік. Қоршаудың биіктігі үш метр, екі қатар кірпіштен соғылған. Солардың тесіктерін бітедік. Барлық медбикелердің қалтасында дабыл түймелері бар, өйткені, олардың қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайлар да кездескен. Қашып кеткендерді полицияның көмегімен іздеп-тауып, Риддер қаласындағы мәжбүрлеп емдейтін емдеу мекемесіне жөнелтеміз. Екінші жетістігіміз, барлық құжаттарды ретке келтірдік. Бұған дейін бақылау ережелеріне сай келмеген барлық нысандар соттың шешімімен жабық болатын. Екі жылда өз күшімізбен жөндеу, тазалық жұмыстарын жүргізіп, барлық шектеулерден құтылдық, – деп жалғастырды сөзін Динара Сәдуақасова.
Диспансерде науқастармен әлеуметтік қызметкерлер, психологтар жұмыс істейді. Алты уақыт құнарлы тамақпен қамтамасыз етілген. Пациенттердің кейбіреуінде жеке басын растайтын құжаттар да жоқ. Әлеуметтік қызметкерлер осы проблемамен де айналысады. Жыл басынан бері 27 адамның құжаттары жөнделіпті.
Өңірімізге ауадай қажет әлеуметтік нысанның құрылысы жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сергей Попов мынадай түсініктеме берді:
-Денсаулық сақтау басқармасы туберкулезге қарсы диспансердің барлық құжаттарын, оның ішінде нысан құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жөнелткен болатын. Мәселе бүгінде бюджет қаржысының тапшылығында болса керек. Қазір басымдылық берілген бағыттар ғана қаржыландырылуда. Оның үстіне қаржыны республикалық бюджеттен күту керек.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Инна Валлдың берген мәліметтеріне сүйенсек, жобалық-сметалық құжаттамаға қатысты барлық құжаттар толық әзірленген, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жіберілмек. Тек жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін ғана 250 млн. теңгеден астам қаржы керек. Бұл құжаттама әзірленген күнде, үш жыл ғана жарамды екен. Осы уақыт аралығында диспансердің құрылысына қажетті қаражат толық табылмаса, ЖСҚ әзірлеуге жұмсалған миллиондар желге ұшады.
Айна Ескенқызы