Денсаулық сақтау

Көпбалалы отбасылар тегін тексеріледі

Көпбалалы отбасылар тегін тексеріледі


Аймақ басшысы Даниал Ахметов көпбалалы аналармен кездесу барысында ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөліп, әсіресе көпбалалы отбасыларды тегін медициналық тексерістен өткізу қажеттігі жайында сала басшыларына нақты тапсырма берген еді.

Осыған орай төрт және одан көп баласы бар отбасыларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында «Саламатты ана мен бала» деген атпен облыста кең көлемді шара басталды. Айлық барысында облыстағы 26 мыңнан астам көпбалалы отбасының мүшелері тұрғылықты жеріндегі емханаларда дәрігер кеңесі мен диагностикалық тексеруден өте алады. Стационарлық емді қажет ететін болса тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде кешенді медициналық қызметтер көрсетіледі.

-Кәмелет жасына дейін балаларға барлық медициналық қызмет түрі тегін көрсетілетіндігі белгілі. Осы айлық аясында барлық көпбалалы ананы балаларымен бірге толық тексеруден өтуге шақырамыз. Кешенді тексерулердің нәтижесіне қарай науқастар диспансерлік есепке алынып, ары қарай дәрігердің бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен қамтылады, -деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Бұл шараға облыстағы медициналық ұйымдардың психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері де белсене қатысып, көпбалалы отбасыларына қажетті көмекті алуға қандай құжаттар жинау керектігі жайында кеңес береді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілмек.

Айта кету керек, өңіріміздегі перинаталдық орталықтарды заманауи қондырғылармен жабдықтауға 3,5 млрд. теңге жұмсалды. Перзентханаларда әлемдік стандарттарға сай 40-тан астам жаңа технологиялар енгізілді. Өскемендегі Ана мен бала орталығы жуықта медициналық қызмет көрсетудің төртінші деңгейіне шығып, балалар нейрохирургиясы мен кардиохирургия, офтальмология, оңалту қызметтері іске қосылады. Алтай және Аягөз аудандарындағы орталық ауруханалар бірінші ақпаннан бастап аймақтандырудың жаңа деңгейіне шықты. Демек, бұдан былай аталған ауруханалар Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім және Жарма сияқты жеті ауданның әйелдерін қабылдайды. Бұл ауруханалар жылына төрт мың әйелді босандырып, науқастарға сапалы медициналық көмек көрсете алады.

Өңірімізде медициналық қызметкерлерді оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2020 жылға қарай 300 дәрігер шетелде оқып, біліктіліктерін халықаралық деңгейде арттырады. Облыстағы медициналық мекемелерді жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Соның арқасында облыс тұрғындарына инсульт, инфаркт, патологиялық босану, сәбидің шала тууы жағдайларында дер кезінде білікті медициналық көмек көрсетілетін болды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button