Түйткіл

Қойға қырын қарамайық

Қазақ – ықылым заманнан бері мыңғыртып мал өсіріп, хал-қадерінше соның қызығы мен тауқыметін қоса көріп келе жатқан халық. Ұлан-байтақ жерімізді малсыз көз алдыңа елестету тіпті де мүмкін емес.

Берікхан ТАЙЖІГІТ

Кеңестік кезеңде де мал шаруашылығына, әсіресе қой өсіруге әжептәуір көңіл бөлінетін. Қой өсіруде жақсы нәтижелерге қол жеткізген шопандар жоғары мінбелерден сөйлеп, лайықты марапатталып жататын-ды. Мемлекет қой санын өсіруге кәдімгідей ден қойды. Тіпті, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары коммунистік партия Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізуді мақсат етіп қойып, жастарымызды ата-баба кәсібін жалғастыруға  шақырып, үлкен бастама көтерген болатын. Билік жас өрендерді қой бағуға үгіттеп, жер-жерлерде қой өсіруші комсомол-жастар бригадалары құрылды. Алайда бұл бастаманың да сол тұстағы жүйенің алдамшы саясаты екендігін сезген жастар қой бағудан түбегейлі бас тартқан болатын.

Сонау тоқсаныншы жылдары жүйе өзгеріп, әркім «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заманда жазиралы дала жайылған малдан бір сәтке ажырап қалған кездерде  сахара төсі құлазып қалған еді. Дүкен сөрелері азық-түлік пен киім-кешектен босап, жұртымыз дағдарысқа ұшыраған сәттер де есімізде. Жұрт бір қойың бір шиша араққа бағаланып, елден береке қашқан  дәуренді де бастан кешірді. «…Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, кең дала құлазиды ел кеткен соң» демекші, қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласы құлазып қалған да кезеңдер болды. Алайда ел есін тез жиып, нарық кезеңіне енгенін түсінді, жекеменшікке қарай бұрыла бастады. Сол бір өтпелі кезеңдерден лайықты  сабақ алған бірқанша азамат бүгінгі күні мыңғыртып мал өргізіп келеді. Бүгінде қой малын өсіріп жатқан жандардың ерен еңбектері бағаланса дейсің.

Қой бағудың қиындығы көп, қызығы мол кәсіп екендігін аталарымыз ежелден-ақ айтып кетті емес пе. «Мал өсірсең қой өсір,табысы оның көл-көсір» деп оны қастерлеген.

Қой шаруашылығының ет-жүн бағытындағы тауарлы өндірісі Солтүстік және Оңтүстік Американың, Аустралия мен Оңтүстік Еуропаның, Орталық Азияның, Оңтүстік Африканың қоңыржай және субтропиктік аудандарында жақсы дамығанын байқауға болады. Бір кездері Қазақстанда биязы жүнді қой өсіру жолға қойылып, одан киім тоқу, тігу сияқты өндіріс шарықтап дамыды. Бүгінгі күні осының бәрі әжем айтқан ертегі тәрізді. Қой баққан қазақ қырқып алынған биязы жүнді қайда қоярларын білмей ауыл маңындағы сай-саланы  Шопан атаның жүнімен толтыруда. Әсілі, меринос қойлар өте сапалы жүн береді. Алайда соны өңдеу, кілем тоқу мен тері-былғары өнеркәсібінде қолдану өзекті мәселеге айналғалы қашан?!. Жалпы, жүн өндіруден жетекші елдер – Аустралия, Қытай, Жаңа Зеландия, Уругвай және Ресей. Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша қойы ең көп ел Аустралия болып саналады.  Онда 130 млн-нан астам қой бар екен. Одан кейін Қытайда 112 млн-нан астам қой бар. Ал Қазақстандағы қойдың саны 16 млн-нан сәл ғана асыпты.

Жалпы, қой басқа үй малдарына қарағанда қолға ерте үйретілген көрінеді. Ғалымдардың айтуы бойынша,  қой бұдан 10-11 мың жыл, ешкі 11-12 мың жыл бұрын қолға үйретілген көрінеді. Бүгінгі күні әлемде қой саны 1,2 млрд  басқа жетіп отыр.

Негізі, қойдың сүтін қайнатып ішумен бірге одан айран, қатық, кілегей, қаймақ, сүзбе, ақірімшік, қызылірімшік, сарысу, іркіт, тасқорық, уыз, сірне, құрт және т.б. жасайды. «Жесең – ет, ішсең –  сүт, кисең – киім» бола білген қойдың бір кездері  елтірісі де кәдеге асып жататын. Одан сапалы шапан, бас киім, жаға, т.б. тігілетін.

Бізде уақытша болса да қойға қырын қарайтын замандар болғаны рас. Дегенмен, ол кезеңдер артта қалған сыңайлы. Өйткені жұрт қойдың қадірін білді…

                                                                

Осы айдарда

Back to top button