Космостық деңгейде жабдықталған орталық

Облыстық мамандандырылған медициналық орталығында (бұрынғы №1 Өскемен қалалық ауруханасы) орган алмастыру операциясы былтыр маусым айында алғаш рет қолға алынғаны белгілі. Танымал хирург, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті
үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың құрметті директоры, профессор Жақсылық Досқалиевтің басшылығымен шеберлік-сыныбы шеңберінде бүйрек алмастыруға жасалған екі ота да сәтті аяқталды. Бұл жерде хирургтердің біліктіліктері ғана емес, орталықтың заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы да шешуші рөл атқарыпты.
Операция бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Белыхтың сөзіне қарағанда, пациенттердің бірі – 49 жастағы әйелдің бүйрегін алмастырудан тіпті Астана мен Алматы қалаларындағы клиникалар да бас тартқан көрінеді.
– Күршімдік әйел Астана мен Алматыда тексеріліп, ол жақтың дәрігерлері бас тартқан соң, бізге келді. Сол кезде оның бір өкпесі ғана қалыпты жұмыс істеп тұрды. Оған қоса жүрегінің туғаннан ақауы бар екен. Қанын жасанды бүйрек – гемодиализ аппаратында аптасына үш рет тазартып, өмір сүріп жүрген. Біз астаналық дәрігерлермен консилиум өткізіп, өзіміздің мүмкіндіктерімізді таразылап, тәуекелге бардық. Әрине, егер бізде медицинаның соңғы талаптарына жауап беретін құрылғылар болмаса, ондай көзсіз тәуекелге бармас едік. Нәтижесінде біз науқасқа сіңлісінің бүйрегін салып бердік, қазір екеуі де өздерін жақсы сезінеді, – деп түсіндірді Сергей Борисович.
Еліміздің Шығыс аймағын ағза алмастыру қызметімен қамтамасыз ету мақсатында №1 Өскемен қалалық ауруханасында екі жыл көлемінде дайындық жұмыстары жүргізілген. Аурухананың базасы осындай жоғары технологиялы медициналық қызметтерді көрсетуге жалпы алғанда дайын болатын. Енді жетіспейтін құрал-жабдықтарына қол жеткізу ғана қалған.
– Осы тұста «Казцинк» компаниясының көрсеткен демеушілік көмегі өлшеусіз. Трансплантология бағытына қажетті 26 озық құрал-жабдық сатып әперді. Оның ішінде электрохирургия аспаптары, бейнеэндоскопия кешені, басқа да толып жатқан құрылғылар бар. Сонымен қатар симуляциялық оқу сыныбын жабдықтап, хирургтеріміздің қолдарын үнемі жаттықтырып, дағдыларын ұштауға жағдай жасап берді, – деп жалғастырды операция бөлімшесінің меңгерушісі. Жабдықтардың кейбіреуі «Парыз» қайырымдылық қорынан бөлінген қаражатқа алынған екен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, нәтижесінде республикалық үшінші аймақтық клиника өз жұмысын бастап кетті.
Сергей Белых тамаша заманауи құралдармен жабдықталған медициналық орталықтың бірін алғаш рет Ақтау қаласында көргенін айтады. Жеке клиниканың ашылу салтанатында болған кезде ол өзін космос кораблінде жүргендей сезініпті. Айтысына қарағанда, біздің орталықтың жабдықталуы мен операция блогының бүгінгі көрінісі содан бірде-бір кем емес.
Тәжірибені үздіксіз ұштауға болады
Егер ертеректе хирургтер дағдыларын адамдарға операция жасау кезінде біртіндеп жетілдіре түссе, бүгінде олардың жаттығуы үшін арнайы симуляциялық бөлме жабдықталған. Бүгінгі таңда медицинада оталарды негізінен аз инвазивті эндоскопиялық тәсілмен жасау тенденциясы дамып келе жатқанын ескерсек, бұл – мамандар үшін тапстырмас тәжірибе жинақтау құралы. Дәрігерлер онлайн режимінде жаңа техникалық әдістерді меңгере алады, тіпті бүкіл операцияны жасап шығуларына болады. Барлығы өңінде ота жасап жатқандай сезіледі. Тіпті адам денесіне ине кірген кездегі терінің, тілік жасағандағы жасушалардың қарсыласу күші де айқын білінеді.
– Мен 40 күндік еңбек демалысынан кейін осы жерге келіп, өзімді тексеріп көрдім. Ұзақ үзілістен қолдарым үйреншікті дағдыларын ұмыта бастағанының куәсі болдым. Сол себепті бұл – таптырмайтын жаттықтыру орны. Хирургтеріміз қолдары қалт етіп босаса, осында келіп, жаттығады, – деп бөлісті бөлімше меңгерушісі.
Жасалатын оталар тегін
Қазір елімізде екі мыңнан астам адам жаңа бүйрекке зәру болса, өңірдегі науқастардың саны – 190. Облыстық мамандандырылған медициналық орталығында әзірге ағза алмастырудың екі операциясы ғана жасалған. Жалғастыру үшін біздің орталық медициналық қызметтің осы түрін көрсете алатын клиникалардың республикалық тізіміне енуі тиіс. Барлық құжаттар әзірленіп, өткізілген. Сергей Белых бұл мәселенің оңды шешілетініне сенімді. Өйткені о баста орталық Шығыс өңірін қамту мақсатында ашылғанын жоғарыда жаздық.
– Сатып алынған құрал-жабдықтар босқа қаңтарылып тұрған жоқ, – деп сабақтады ары қарай сөзін операция бөлімшесінің меңгерушісі. – Олар басқа оталар жасау үшін толығымен қолданылуда. Мысалы, бізде қан тамырларына, микроқантамырларына, урологиялық оталар көптеп жасалады. Электрохирургиялық құралдар осы бағыттарда пайдаланылып жүр. Урологиялық операция блогын қайта жаңартудан өткізгеннен бері 787 ота жасалған. Әлі де болса тағы бір бейнеэндоскопиялық кешеннен бас тартпас едік. Әр операция бөлмесіне УДЗ құралы артық болмайды. Бұның барлығы айналып келгенде қызмет көрсету сапасын арттыруға, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Сергей Белых сөзінің соңында орталықта жасалатын оталардың барлығы тұрғындар үшін тегін екенін де ескертті. Олар кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлеміне кіреді.
Айна Ескенқызы