БәрекелдіӨнер

ҚОС ЖОЛДАМА ҚОС ЖҮЙРІККЕ БҰЙЫРДЫ

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Өскемендегі Оқушылардың шығармашылық сарайында Шығыс Қазақстан білім басқармасы, дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен ақындар айтысы болып өтті.

Еліміздің барлық өңірінде жыл сайын «Жыр алыбы – Жамбыл» атты тақырыппен ұйымдастырылатын бұл айтыстың басты мақсаты – мектеп оқушылары арасында Ж.Жабаевтың шығармаларын насихаттау, ел ішіндегі жас дарындардың суырыпсалмалық қабілетін анықтау. Жастардың поэзияға деген құштарлығын арттырып, ауыз әдебиетінің қоғамдағы рөлін, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Айтыскер жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру, осы байқауға сәйкес жыр-терме үрдісін жаңғырту.

Осыған дейінгі қалыптасқан дәстүр бойынша бұл жолы да жыр бәсекесіне аудандық, қалалық кезеңнің жеңімпаздары болған жалпы білім беретін мектептердің 8-11-сынып оқушылары қатысып, 13 оқушы өз өнерлерін ортаға салды. Аталмыш айтыстың ережесі бойынша әр аудан немесе қала үш ақын қосуына болады. Облыстық сайыстың жеңімпаз екі ақыны жыл сайын 28 ақпан күні Алматыда, Ж.Жабаевтың туған күніне орай ұйымдастырылатын республикалық айтысқа жолдама алуы тиіс.

Осы жолғы жыр бәсекесіне іргедегі Шығыс ауылының Абай атындағы №33 орта мектебінен үш ақын, атап айтар болсақ, Аймерей Асылбек, Ардақ Мәдениетқызы (10-сынып оқушылары)  және Руслан Силамбек (8-сынып оқушысы) қатысты. Бұл жас ақындарды жыр додасына баптап әкелген сол мектептің оқытушысы, ақын Мұратхан Месейхан деген азамат. Жалпы, Мұратхан бауырымыздың Шығыс ауылында ашқан ақындық мектебі бұл күндері әжептәуір қалыптасып қалғандығына осы жолы көзіміз әбден жетті.

Сондай-ақ Өскемен қаласының №35 мектебінің 10-сынып оқушысы Данияр Оралғазыны жетекшісі Назгүл Канкетаева жетелеп әкеліп қосқан екен.

Қазақы қаймағы бұзылмаған Тарбағатай ауданынан, Дәулетбай атындағы мектеп-балабақша кешенінің 10-сынып оқушысы  Әли Ермеков (жетекшісі Дәуренбек Бітімбаев) пен Қ.Біләлов атындағы мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Кәмшат Қайырбекова (жетекшісі Анар Камзина) бақ сынаса, Зайсан ауданынан Көгедай орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айғаным Балғабаева (Мәншүк Қаһарманқызы) мен Қаратал орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мақсат Қалиолда (жетекшісі Серік Қалиолда) өнер көрсетті.

Ж.Болғанбаев атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Еркебұлан Мұхамадиев (жетекшісі Роза Жанабаева) пен Амангелді орта мектебінің 9 сынып оқушысы Гауһар Қабдыкәрімқызы (жетекшісі Гүлнар Жолдыбаева) Самар ауданының атынан сөз сайысына түсті.

Сондай-ақ Ұлан ауданы Қ.Қайсенов орта мектебінің 9- сынып оқушысы Тасқынбек Тілеубекті (жетекшісі Хозы Хуанышбай), Алтай ауданы А.Сумин мектебінің 8-сынып оқушысы Ағыла Бақытханды (жетекшісі Нұрғиса Дайрабаева) және Күршім ауданы, №1 Марқакөл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ермахан Әзімбаевты (жетекшісі Гауһар Шаяхметова) сөз сайысына үкілеп қосқан екен.

«Оқушылардың облыстық айтысы сондай керемет деңгейде өтті, жас ақындардың барлығы ағып тұр екен!» деп жалған сөйлеуге қақымыз жоқ. Жастардың айтыс өнеріне деген талпыныстары, жан-жақты ізденіп, әжептәуір әзірленгендері көрініп-ақ тұр. Ол үшін қуандық, әрине.

Ал енді, айтыстың басты талабы жауаптасып айтысуға келгенде алдын ала дайындалып, айтар өлеңін жаттап-хаттап келгендердің сөздерінің берекесі кете бастады. Осындай сәттерде айтарын ұмытып қап, қалған ойын кәдімгі қара сөзбен айтып салған ақынды да, жетекшілерінің сыбырлап жеткізген жыр жолдарын іліп әкетіп айтқандарды да, домбыраны шертпей, жай ұстап отырып өлең айтқан ақындарды да көрдік. Қалай десек те, жауапкершілігі аса үлкен айтыс өнеріне қойылатын барлық талап-тілектерді сахнаға енді ғана шыққан жас талапкерлерге қоюға әсте  болмайды.

Айтыс өнеріне қойылатын «Әр ақынның өзіндік мақамы, домбыра шертісі мен сөз саптауы, табан астында тауып айтар тапқырлығы, әріптестің сауалынан жалт беріп сытылып кетуі, оңтайлы жерде қарсыласын қарпып жіберуі» деген секілді және тағы да басқа талаптарға сахнаға енді ғана келген жастарды былай қойып, қайсыбір тісқаққан ақындардың өздері бірде жауап берсе, бірде жауап бере алмай жатады. Сондықтан бұл балалардың ұлтымыздың теңдесі жоқ төл өнері айтысқа деген қызығушылығы мен талпынысының өзіне шынайы қуанып, мейлінше қолдау білдіруіміз керек.

Осы кезекте жыл сайын оқушылар айтысын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан облыстық білім басқармасы мен «Дарын» орталығының қызметкерлеріне, сонымен қатар жас талапкерлердің бойындағы дарынды көре біліп, шамалары келгенінше айтысқа дайындап әкелген жетекшілеріне зор алғыс білдіруіміз керек.

Сонымен екі айналымға созылған оқушылардың облыстық айтысы да өз мәресіне жетті. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың оқытушысы, ф.ғ.к. доцент Сәкен Қасенов, белгілі ақын Дәулетберді Жекей және осы жолдардың авторы бастаған қазылар алқасының шешімі бойынша бас бәйгені Тарбағатайдан келген жас тұлпар Әли Ермеков қанжығасына байлады. Жүлделі бірінші орынды, яғни, республикалық ақындар айтысына берілетін екінші жолдаманы Шығыс ауылынан келген Аймерей Асылбек жеңіп алды. Екінші орын Зайсаннан келген өнерпаз қызымыз, әні де, сәні де жарасқан Айым Балғабаева мен Шығыс ауылының тағы бір жас ақыны Руслан Силамбекке бұйырса, жүлделі үшінші орынға тарбағатайлық Кәмшат Қайырбекова, айтыстың ең жас қатысушысы, зайсандық Мақсат Қалиолда, ұландық Тасқынбек Тілеубек және Күршімнен келген Ермахан Әзімбаев лайық деп танылды.

Айтысты ұйымдастырушылар жүлдеге ілінбеген өзге ақындарға «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жыр бәсекесіне қатысып, шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысқандары үшін арнайы сертификаттар табыс етті.

Ендігі тілек, ақпан айының соңында Алматы қаласында өтетін республикалық айтысқа аттанып бара жатқан Әли мен Аймерейдің қоржындары жыр жәрмеңкесінен бос қайтпаса екен!

Жолдарың болсын, қос жолдама ұтып алған қос жүйрік!

Осы айдарда

Back to top button