Ауыл шаруашылығы

Көршілес аудан көлдетіп жатыр

Самар ауданына көршілес жатқан Абай облысының Көкпекті ауданында биыл шөп бағасы біраз төмендеген. Оған шабындықты көлдете суару технологиясының арқасында қол жеткізіліп отыр.

Былтырдан бастап бұл ауданда көпжылдық шөп молынан егіліп, шабындық жерлер көлдетіп суару тәсілімен суарыла бастаған. Көлдетіп немесе жайып суару тәсілі Үлгілі малшы, Теректі, Тассай, Көкжайық ауылдарында қолға алынған. Нәтижесі қуантарлықтай. Ауданда шөп көбейіп, бағасы арзандай түскен. Былтыр бір тіркеме шөп 100-120 мың теңге болса, биыл 30 мыңға дейін төмендеген.

Қазір Көкпекті ауданындағы су тоспалары жөнделіп, жаңадан осындай су реттегіш құрылғылар орнатылуда. Бұл көктемгі тасқын суды тежеп, шабындық жерлерге жіберу үшін қажет.

Көкпекті ауданында биыл 10 мың гектарға жуық жерге көлдетіп суару технологиясы енгізілген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 20 мың гектардан асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта биыл Көкжайық ауылындағы Ақтоған су арнасына жөндеу жүргізіліп, 200 гектар аумаққа көпжылдық шөп егілген.

Аталған ауданның ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қар суын, тасыған өзен суын бөгеп, тоспаларға жіберіп, мол суды топыраққа жая, қанықтыра суарудың пайдасы өте көп. Жерді көктемде жақсылап бір суарғанның өзі бір жылға артығымен жететін көрінеді. Жерге әбден сіңген жайылма судан шөп бітік шығады, топыраққа тасқын сумен органикалық заттар молынан келіп, шабындық жердің құнары артады. Бұл тәсіл көктемгі тасқын кезінде ауылдарды су басудан да қорғайды.

Ауылға барғанда тұрғындармен, қожалық иелерімен сөйлесе қалсаң, шөптің аздығы, қымбаттығы арқаға аяздай батып тұрғанын айтады.  Көршілес аудан игілігін көріп отырған көлдетіп суару технологиясын қуаңшылықтың, судың зардабын жыл сайын тартып келе жатқан Күршім, Тарбағатай, басқа да  жері қуаң аудандарда неге кеңінен қолданбасқа? Шөп жоқ деп малын сатып жатқан ел болмас еді сонда.

                                   Жамал Ермен

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button