Коронавирус па, тұмау ма?
Айна Ескенқызы
Елімізде коронавирус індеті қайтадан бас көтерді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, екінші қаңтарда ковидтен бір адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте республика көлемінде 76 жаңа жағдай тіркеліп отыр.
Төртінші қаңтардағы ақпарат бойынша, елімізде COVID-19 инфекциясынан барлығы 2 600 адам (2 406 КВИ+ және 194 КВИ -) ем алып жатыр, оның ішінде 259 пациент стационарда, 2 341 пациент үйде емделіп жүр.
Жеті адамның жағдайы ауыр, алтауы аса ауыр халде жатыр. Екі науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Естеріңізге сала кетейік, коронавирустан басқа, Қазақстанда H1N1 шошқа тұмауының өршуі тіркелді. Мамандардың айтуынша, коронавирус індеті бірнеше жыл бойы барлық басқа ауруларды ығыстырды. Енді COVID-19 ауруы бәсеңдеген кезде шошқа тұмауы қайта бас көтерді.
Облысқа келетін болсақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, үшінші қаңтарда Өскемен қаласында ковидтің жаңа бір жағдайы тіркелді. Өңірде өткен жылдың шілде айынан биылғы үшінші қаңтарға дейін COVID-19 коронавирус инфекциясының 1385 расталған жағдайы тіркелген-ді (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 193,2), оның ішінде 1325 жағдай (95,7%) клиникалық симптомдармен және 60 жағдай (4,3%) симптомсыз.
Облыста дерттің тәуліктік таралу қарқыны 0,07%. Барлығы 72 инфекциялық төсек болса, екі науқас стационарға жатқызылды, сонда төсек қорының 2,8%-ы пайдаланылуда.
Бұған дейін инфекциялық стационардан 62 пациент сауығып шықты, олардың 61 өскемендік, біреуі Шемонайха ауданынан, 1254 адам амбулаториялық ем-дом қабылдады. Қалпына келгендердің жалпы саны – 1296 адам, – деді ведомствода.
Алайда қараша, желтоқсан айларында тұрғындар қатты тұмауратып, ковидке ұқсас белгілер байқалғандығы туралы әлеуметтік желілерде көптеп жаза бастады. Сол кезде денсаулық министрі Ажар Ғиният Қазақстанда «омикрон», «цербер» коронавирусының штамдары, сондай-ақ тұмаудың бірнеше түрі тіркелгенін айтқан болатын.
Қазір елімізде «омикрон» вирусы қатты өршіп тұр. «Омикронның» бірнеше түрі бар. Вирус өзгереді, ол қоршаған ортаға бейімделеді де, ары қарай өмір сүре береді. Біздің елде «цербер» түрі де тіркелген. Сондай-ақ тұмаудың үш түрі, соның ішінде шошқа тұмауы да бізде бар, H1N1 вирусы да және аденовирус те тіркелді. Біз микст-инфекция мен суперинфекция жүріп жатқанын көріп отырмыз, вирустар бірінің үстіне бірі қабаттасып, вирустық инфекция одан да ауыр жүріп жатыр, – деп түсіндірген болатын министр.
Отбасылық дәрігерлер дәл қазір тұмаудың осы түрі адамды делсал етіп, ағзаның қалыпты жағдайын бұзатынын айтады және өте көп жерде тараған. Инфекция ауа тамшылары арқылы жұғады, негізгі симптомдары – жөтел, түшкіру.
Сала министрі вирустардан қорғану үшін екпе алу қажеттігін үнемі ескертеді. Ауруды азайтудың негізгі әдісі – аурудың белгілері пайда болған кезде өзін-өзі оқшаулау және қоғамдық орындарға бармау екенін де естен шығармау керек.
Ғалым-дәрігерлер инфекцияларды белгілі бір белгілермен ажыратуға болады дейді. Мысалы, COVID-19 кезінде дәм мен иістің бұзылуы жиі кездеседі, тұмау кезінде инкубациялық кезең коронавирусқа қарағанда әлдеқайда қысқа. РСВ вирусынан көбінесе жас балалар зардап шегеді, бірақ ол егде жастағы адамдар үшін де қауіпті және қартайған адамдарда төзімділігі жоғары болады.
Бұл инфекциялардан болатын өлім-жітімнің 90 пайызы егде жастағы адамдарда байқалады. Әрине, қазір карантин шараларын енгізудің қажеті жоқ, бірақ адамдар жеке қорғалуы керек. Қарттар мен созылмалы ауруы бар науқастар үйден бетперде киіп шығуы керек. Олар сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болғаны дұрыс. Егер олардың отбасында біреуде тұмаудың симптомдары білінсе, онда олар егде жастағы туыстарына жұқтырмас үшін оқшаулануы керек дейді дәрігерлер.
Сол себепті де арқаны кеңге салмай, әлі де сақтану, ауырған жағдайда дереу оқшаулану керектігін әр тұрғын есінде сақтаса, карантин шараларын енгізудің қажеті болмайды.