Өзекті

Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайын

Коронавирустық инфекцияның «екінші толқыны» кезеңінде уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету үшін облыста 40 инфекциялық стационар әзірленіп, толық медициналық жабдықталған 6010 төсек-орын дайындалып отыр.

Инфекциялық стационарлар I, II, III деңгейлердегі сабақтастық пен аймақтандырудың бірыңғай жүйесінде 6010 төсек-орынға (I деңгей – 4 215 (70,1%), II деңгей – 570 (9,4%), III деңгей – 1 225 (20,5%)) жұмыс істейді.
COVID-19-дың алғашқы жағдайы тіркелген сәттен бастап науқастар саны 12 есеге өсті. Бастапқыда 100 инфекциялық, 411 провизорлық төсек-орын әзірленген болатын. Реанимациялық төсек-орын саны 11 есеге, яғни 34-тен 399 төсек-орынға дейін артты. Бұл төсек-орын тапшылығын тудырмай, стационарлар мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.
III деңгейдегі инфекциялық төсек-орындар санын ұлғайту үшін Өскемендегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасы ғимаратына (Пульмонологиялық орталық) күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жерде заманауи жабдықтармен, атап айтсақ ПТР-зертханамен, томографпен, өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарымен, төсек жаны мониторларымен және басқалармен жарақталған 150 төсек-орындық жаңа инфекциялық госпиталь ашылады.
Сонымен қатар, ковидтік пациенттерді орналастыру үшін бірқатар стационарлар, атап айтсақ Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталық, №4 қалалық аурухана, Семейдегі жұқпалы аурулар ауруханасы мен Жедел медициналық жәрдем ауруханасы, Жарма, Катонқарағай, Ұлан, Глубокое, Күршім, Тарбағатай аудандық ауруханалары жөнделді.
Облыста 2078 инфекциялық төсек-орын және 220 карантиндік төсек-орын бар. Инфекциялық стационарларға барлығы 566 пациент (27,2%), карантиндік стационарларға 43 пациент (19,5%) жатқызылды.
Облыс бойынша COVID-19 науқастары үшін төсек-орын қорының жүктемесі 26,5 пайызды құрайды.
Тәулігіне 64 пациент стационарлардан шығарылады, оның ішінде ковидті пневмониясы бар науқастар да бар.
Коронавирустық инфекцияның бүкіл кезеңінде облыста сырқаттанғандардың 97,6%-ы тексеріс пен емделуден өтті.
Стационарларда 783 адам ем алуды жалғастыруда, оның ішінде 72,2%-ы (566 адам) инфекциялық стационарларда және 27,8%-ы (217 адам) амбулаторлық формада емделіп жатыр.
COVID-19-ы бар ауыр және аса ауыр науқастарға медициналық көмек көрсету мақсатында ең озық жабдықталған әрі ауыр науқастарды емдеуге дайындалған Өскемендегі Ана мен бала орталығында және Семейдегі жұқпалы аурулар ауруханасында екі Құзыреттілік орталығы құрылды.
I және II деңгейдегі инфекциялық стационарларда тасымалдауға келмейтін ауыр науқастар үшін көшпелі шұғыл әрекет ету бригадалары ұйымдастырылды, олардың құрамында анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, пульмонолог сынды мамандар бар.
Стационарлық дәрілік көмекке барлығы 8,9 миллиард теңге, оның ішінде коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдеуге қосымша 2,6 миллиард теңге өтінім қарастырылып отыр.
Облыстың медициналық ұйымдарында дәрілік заттардың екі айға жетерлік қоры бар. Облыста ауыр науқастар үшін иммундық плазма дайындалуда. Түрлі қан топтарындағы плазманың 2985 дозасы әзірленген. COVID-19-ы бар 50 ауыр науқасқа иммундық плазманың 107 дозасы құйылды.
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шеңберінде диспансерлік науқастарды амбулаториялық дәрілік көмекпен қамту үшін 11,4 миллиард теңгенің дәрілік заттары жеткізілді.
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті аясында халыққа дәрілік көмекті қолжетімді ету үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында, аудандық ауруханалар мен ауылдарда 55 дәріхана жұмыс істеуде.
Карантин және шектеу шаралары кезеңінде облыстың 404 мобильді медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету бригадасы әлеуметтік маңызы бар аурулар тобынан диспансерлік ауруларды қамтыды, яғни қан айналымы жүйесі ауруына шалдыққан 171799 адамға (99%), қант диабеті бар 32703 адамға (100%), өкпенің созылмалы обструктивті ауруына шалдыққан 8009 адамға (98%) қызмет көрсетті.
Бір науқасты қамтамасыз етудің орташа сомасы 47281,14 теңгені құрады.
2198 COVID-19-ы бар пациент амбулаторлық деңгейде қосымша 22,5 миллион теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтылды.
1,9 миллиард теңге мөлшеріндегі жоғары сұранысқа ие дәрілік заттардың (антиковидті, вирусқа қарсы және ыстықты түсіретін препараттар) және жеке қорғаныш құралдарының Тұрақтандыру қоры құрылды.
Облыста мектеп жасындағы балалар арасында COVID-19-дың 119 жағдайы тіркелді (оның ішінде симптомсыз түрімен – 46 (38,6%), клиникалық белгілерімен – 73 жағдай (61,4%)), бұл – облыс бойынша сырқаттанғандар санының 1,2%-ы.
Барлық 119 науқас оқушы медициналық бақылаумен қамтылды, 78-і емделіп шықты, қалған 41-і амбулаториялық ем алуда. 60 (50,4%) оқушы оффлайн режимінде, 59 (49,6%) оқушы қашықтан оқыды.
Төсек-орын қорын қажетті жабдықтармен жарақтау жұмыстары жалғасуда.
Қолда бар 196 ӨЖЖ аппаратына, 57 цифрлық рентген аппаратына қосымша 50 ӨЖЖ аппараты сатылып алынды және денсаулық сақтау министрлігі сатып алған 100 ӨЖЖ, 10 рентген аппараты жеткізілді. Бүгінде барлығы 346 ӨЖЖ және 67 рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, облыста 1142 оттегі концентраторы бар, оның 76-сы медициналық ұйымдарда бұрыннан болған, 200-і жергілікті бюджеттен, 866-сы демеушілер мен қайырымдылық қорлары тарапынан сатылып алынды.
Облыстың 12 медициналық ұйымында оттегі магистралдарын қосымша орталықтандыру және оттегі станцияларын орнату ісі жүргізілді.
«Екінші толқынға» дайындық аясында барлығы 1,7 миллиард теңгеге 185 төсек жаны мониторын, 50 инфузиялық сорғыны, 165 перфузорды, 3 ЭКМО-ны, 200 пульсоксиметрді, 2 балалар ӨЖЖ аппаратын, 200 көпфункционалды кереуетті және басқа құрылғыларды жеткізуге келісім-шарттар жасалды.
15 компьютерлік томограф 24/7 режимінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ, әр құрылғы белгілі бір ауданға немесе қалаға бекітілген. Үржар ауданына, Өскеменнің Жедел медициналық жәрдем ауруханасына, Семей жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша 3 компьютерлік томограф сатылып алынуда, оларды осы айда орнату жоспарланып отыр.
Жергілікті бюджет есебінен Өскемен мен Семейде, Күршім, Үржар аудандарында тағы 5 ПТР-зертхана ашу жоспарлануда, бұл тестілеудің қолжетімділігін арттырмақ.
Бұдан басқа, күту уақыты мен жедел жәрдем жүктемесін қысқарту үшін автопарк 216 бірлікке кеңейтілуде, оның ішінде 100-і бюджет есебінен, 116-сы Қазақстан Даму банкінің лизингі арқылы. Әр машина толық жабдықталатын болады.
Талдау қорытындысы бойынша жабдықтардың 35%-ы қалалық, 65%-ы аудандық медициналық ұйымдарға бөлініп отыр.
Көлік медицинасын дамыту үшін қолда бар 6 жылжымалы медициналық кешенге қоса тағы 10 ү сатылып алынады, бұл барлық қала мен ауданды қамтуға мүмкіндік береді.
«Екінші толқынға» дайындық аясында денсаулық сақтау саласына барлығы 22,4 миллиард теңге салынып отыр.

“Didar”  ақпарат

Осы айдарда

Back to top button