Коронавирусқа тестілеу басталды
Соңғы мәліметтер бойынша облыс аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 жағдай тіркелді. Бүгінгі күні үш адам сауығып шықты. Бұл жайында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Марат Исмаилов тікелей эфирде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Марат Әділжанұлының айтуынша, облыста тіркелген жаңа үш жағдайға қатысты індеттің 28 ошағы анықталып, науқастармен байланыста болған 437 адам белгілі болды. Олардың 78-і карантиндік стационарға жатқызылып, 359 адам оқшауланған. Облыста карантиндік режим енгізіліп, мемлекеттік шекарадан өтетін жүк көліктерінің жүргізушілері қатаң тексеруден өткізіледі. Осы уақытқа дейін жүк көліктерін жүргізген 10437 адамның денсаулығына бақылау жасалыпты. «Ауыл» шекаралық бекетінен енген тұлғаларға бірден коронавирусқа экспресс тестілеу жүргізіледі.
Марат Исамаилов эпидемиологиялық жағдай әлі тұрақталмағанын айтады. Өйткені тұрғындардың басым бөлігі әлі де еркін жүріп-тұруын тоқтатқан жоқ. Дерттің 85 пайызы ешқандай белгісіз өтеді. Сол себепті қазір облыста қатерлі топқа кіретін тұлғаларды ПЦР әдісімен коронавирусқа тестілеу басталды. Сәуір, мамыр айларында бірінші кезекте медициналық қызметкерлер, инфекциямен күресте алғы шепте жүрген құқық қорғау орындарының қызметкерлері, әскерилер, шекаралық бекеттерде, постарда тұрған мамандарды тексеру жоспарланыпты.
– 17 сәуірден бастап біз тексерілуге тиісті тұлғалардың 20 пайызын зерттеп үлгердік. Барлығы 5200 адамға зерттеу жүргізіледі, – деді Марат Исламов.
Облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасарының сөзіне қарағанда, қазір бұдан басқа 3,5 мың адам экспресс тестілеуден өткен. Олар – науқастармен байланыста болған туыстары, сондай-ақ тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар, пневмония мен ЖРВИ мен ауырған жандар.
Коронавирус жұқпасын анықтауда ең дұрыс нәтижені ПЦР әдісі анықтайтыны белгілі. Облыста осы әдіспен анықтайтын арнайы құрал-жабдық бар, онда анализ жеті-он сағатта дайын болады. Экспресс тестілеу нәтижесі саусақтан алынған қан арқылы 15 минутта дайын болғанымен, оның нәтижесі 60 пайызында дұрыс көрсетпейді екен.
Марат Исламов науқас шыққан кезде олармен қарым-қатынаса болғандарды анықтау көп қиындық туғызатынын айтады. Сол себепті де қазіргі жағдайда адамдар күнделік жүргізіп, кімдермен кездескенін жазып қойса, артық болмас еді дейді маман.
Айна Ескенқызы