Денсаулық сақтау

Кореялық хирургтар 20 шығысқазақстандық науқасқа ота жасайтын болады

Кореялық хирургтар 20 шығысқазақстандық науқасқа ота жасайтын болады

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ біздің облысқа жұмыс сапарымен келген Оңтүстік Кореяның Каннам Северанс клиникасының қалқанша безінен емдеу жөніндегі мамандары, профессор Чанк Ханг Сеок пен доктор Чанг Хо Джинді қабылдады.

2013 жылы біздің облыстың әкімдігі мен Оңтүстік Кореяның Каннам Северанс клиникасы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған меморандумға сәйкес, сол жылы облысымыздағы түрлі емдеу мекемелерінің сегіз маманы онкология, жедел терапия және анестезиология мен реанимация бағыттары бойынша білімдерін жетілдіріп қайтқан. Ал Каннам Северанс дәрігерлері өздерінде және біздің ауруханаларда жерлестерімізге ота жасап, жаңа өмір сыйлап келеді.

– Алдымен сіздерге біздің ұсынысымызды қабыл алып, облысымызға келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздер келісімен облыс тұрғындарына 200-ден астам кеңес беріп, бес бірдей ота жасап үлгерген екенсіздер, – деді кездесуде облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Соңғы кездері сіздер біздің адамдардың денсаулығын түзетуге үлкен көмек жасап келесіздер. Былтырдан бері екі науқас балаға ота жасағандарыңыз, өте қымбат УЗИ аппаратын сатып бергендері-ңіз және біздің мамандарды өздеріңізде тәжірибеден өткізгендеріңіз бізді ерекше қуантты. Біз алдағы уақытта да сіздердің клиникаларыңызбен әріптестікті жалғастыра беретін боламыз. Бұған қоса біздің аймақта өмір сүріп жатқан корей диаспорасымен кездескендеріңіздің өзі олар үшін үлкен моральдық сүйеу болғаны сөзсіз. Олар біздің елде тірлік етіп жатқан басқа да ұлыстар сияқты өз халқының салт-дәстүрін жаңғыртып, тілін дамытып келеді. Мәселен, қазір біздің облыста 105 ұлттық-мәдени орталық жұмыс істеп тұрса, солардың бірі – корей орталығы. Осы орайда біз облыстағы әр ұлт өз дәстүрін ұмытпауы үшін арнайы этноауыл жасадық.

Өз кезегінде Чанк Ханг Сеок та өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, Өскеменде өте білікті дәрігерлер жұмыс істейтініне көз жеткізгенін айтып өтті.

– Мен кішкентай ғана адаммын. Дегенмен, біз бірлесе қимылдасақ, үлкен шаруа тындырамыз, науқастарға ұзағырақ өмір сыйлайтын боламыз деп ойлаймын. Менің ойымша, көмекті жасамайды, көмекпен бөліседі. Сондықтан менің кәсіби біліктілігімді жоғары бағалап, осындай құрмет көрсеткендеріңіз үшін ерекше риза-шылығымды білдіремін, – деді ол.

Бұл жолы арнайы келген бес дәрігердің екеуі оташы болса, үшеуі аталған салада жұмыс істеп келе жатқан мамандар екен. Бірінші күні жексенбі болғанына қарамас-тан, олар Өскемендегі диагностикалық орталықта 100-ден астам адамды қабыл-дап, нақты диагноз қойды және алдағы уақытта емделудің жолдарын көрсетті.

– Облыс орталығынан кейін олар Семей мен Шемонайхада болып, дертті жандарды қарап, егер ота жасау қажеттілігі туып жатса, оны да атқаратын болады. Жалпы, біз оларға 20 науқастың құжаттарын даярлап отырмыз.Осындай әріптестіктің орнығуына мұрындық болған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА біздің алғысымыз шексіз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников.

Облыстың бас дәрігерінің сөзіне қарағанда, кореялық дәрігерлер жасаған бірінші күнгі отаға облыстық аурухананың білікті емгерлері – Марат Башабаев пен Марат Қосанбеков те қатысқан көрінеді. Ал М.Қосанбеков бұған дейін екі апта Каннам Северанс клиникасында тәжірибе жинақтап, осы дәрігерлермен бірге оралған екен.

– Біз қалқанша безі дертімен ауыратын бес науқасты таңдап алып, оларға алдын ала функциялық биопсия жасаған болатынбыз. Олардың диагнозы нақтыланды. Енді оларға облыстық онкодиспансерде ота жасалатын болады. Бүгін түске дейін көптамырлы қалқанша безіне екі ота жасалды, – дейді облыстың бас хирургі Марат Башабаев.

Өскеменнен кейін Семей мен Шемонайхада болып, ондағы науқастарға кеңестер беріп, ота жасаған соң кореялық дәрігерлер облыс орталығында бір апталық жұмыстарының қорытындысын арнайы баспасөз мәслихатында баяндайтын болады.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button