Қор есебінен 33 мыңға жуық операция жасалды
Ағымдағы жылдың жеті айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен көрсетілген медициналық қызметтердің саны айтарлықтай өсті. Осы уақыт аралығында облыстың клиникаларында қор есебінен 33 мыңға жуық операция жасалды.
Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының басшысы Ғалымжан Әбілов айтып берді.
– Шығысқазақстандықтарға медициналық көмек көрсету үшін 2022 жылы 46 жеткізушімен шарттар жасалды. 2022 жылға 71,3 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде тегін медициналық кепілдендірілген көмектің көлемі (ТМККК) – 43,8 млрд. теңге, МӘМС есебінен – 27,5 млрд. теңге. Алты айда қаржыландыру 45,7 млрд. теңгені құрады, оның ішінде ТМККК бойынша 28,5 млрд. теңге, МӘМС жүйесінде 17,2 млрд. теңге, – деп атап өтті Ғ. Әбілов.
Спикердің ақпараты бойынша, есепті кезеңде стационарлық көмек мониторингінің қорытындысы бойынша облыстың медициналық ұйымдарында МӘМС қаражаты есебінен 32 998 операция, оның ішінде 184 операция жоғары технологиялық медициналық көмек шеңберінде жүргізілді.
– 2021 жылмен салыстырғанда хирургиялық араласулар санының 2 есе өсуі байқалады. Өткен жылы жаңа медициналық технологияларды қолдана отырып жасалған хирургиялық араласулар саны МӘМС қаражаты есебінен 17 560 операцияны құрады, оның ішінде 106 операция жоғары технологияларды қолданып жасалды, – деп толықтырды филиал басшысы.
Бұдан басқа, осы кезеңде жүргізілген медициналық қызметтер санының өсуі де байқалады.
Ғалымжан Әбілов нысаналы топтардағы пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келе жатқанына тоқталды. 2022 жылға амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 5,9 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде ТМККК шеңберінде – 5,6 млрд. теңге, МӘМС – 0,3 млрд. теңге.
– Көзделген қаражаттың басым бөлігі немесе 22%-ы қант диабетімен ауыратындардың үлесіне тиеді.14% онкологиялық ауруға ұшырағандарды, 13% артериялық гипертензиясы бар науқастарды, 8,8% қатерлі ісігі бар пациенттерді, 4,4% қанның ұю факторларының тұқым қуалайтын тапшылығы бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінді, – деп жалғастырды Ғалымжан Әбілов.
Қор филиалы жұмысының басты бағыттарының бірі – халықпен кері байланыс орнату және пациенттердің құқықтарын қорғау. Филиал басшысының сөзіне қарағанда, 2022 жылғы 1 қаңтар мен 31 маусым аралығында Қор филиалына 22 949 өтініш келіп түсті, оның ішінде 889 шағым, 112 алғыс, 21 176 консультативтік сипаттағы, 769 уақытша мәртебе беруге өтініш түскен. 62 шағым ҚР ДСМ сайты және ҚР министрінің блогына жолданыпты.
– Біздің қызметтер Қордың ресми кері байланыс арналары арқылы-1406 байланыс орталығы, “қолдау 24/7” мобильді қосымшасы, Қордың сайты www.fms.kz, Telegram-дағы Сақтандырбот, шағымдарды, сұрақтар мен ұсыныстарды өңдеуге қабылдай отырып, халыққа білікті ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді, – деп қорытындылады Ғалымжан Әбілов.
Айна Ескенқызы