Денсаулық сақтау

Консультативтік-диагностикалық бөлімше ашылды

Айна Ескенқызы

 Өскеменде консультативтік-диагностикалық бөлімше ашылды. Жаңа денсаулық сақтау мекемесі бұрынғы №2 перзентхананың жаңартылған ғимаратында орналасқан.

Бөлімшенің ашылу салтанатына қала әкімі Жақсылық Омар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев және медицина саласының қызметкерлері қатысты.

– Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша осы нысанның жөнделіп, заманауи медициналық құралдармен жабдықталуына «Парыз» қорынан қаражат бөлінді. Болашақ аналар біздің дәрігерлерден сапалы медициналық қызмет алады деп үміттенемін. Өйткені дәрігерлеріміз шетелдің ірі клиникаларында оқып жүр. Олардың ішінде осы бөлімшенің мамандары да бар. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін! – деді қалалықтарды жаңа денсаулық бөлімшесінің ашылуымен құттықтаған қала басшысы Жақсылық Омар.

Денсаулық сақтау министрінің «Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес еліміздегі әрбір Ана мен бала орталығында консультативтік-диагностикалық бөлімшелер болуға тиіс.

– Енді өңіріміздің әйелдері медициналық қызметтердің толық циклін осы бір жерде ала алады. Отбасын жоспарлаудан бастап, жүктілік кезінде де осы бөлімшеде жоғары білікті мамандардың бақылауында болады, босануға да осы жерден Ана мен бала орталығына барады, босанғаннан кейін оңалту бойынша барлық қызметтерді де осы жерде алады. Қазақстан бойынша осындай екі ғана орталық бар. Бірі бүгін Астанада ашылса, екіншісі – осы бөлімше. Біз мұнда облысымыздың әйел тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек көрсете алатынымызға өте қуаныштымыз, – деп атап өтті Гүлмира Сағидуллина.

Жаңа денсаулық сақтау мекемесі бұрынғы №2 перзентхананың жаңартылған ғимаратында орналасқан. Мұнда гинекологиялық учаскелер орналастырылған, бейінді мамандар мен диагностика кабинеттері бар, барлық қажетті мамандандырылған жабдықтармен жабдықталған және прегравидарлық дайындықпен қамтамасыз етілген. Аналар мен сәбилер үшін қолайлы күту аймақтары бар. «Болашақ аналар мектебі» кабинеттері ашылды. Ана мен бала үшін қолайлы күту аймақтары, кабинеттердегі қолайлылық пациенттердің көңіл-күйіне жағымды әсер етері сөзсіз. «Болашақ аналар мектептерінде» берілетін білім мен кеңестер көптен күткен жүктілікті дұрыс көтеруге, нәрестенің күтімін және бақытты отбасының қағидаттары мен құндылықтарын қалыптастыруға көмектесетін болады. Медициналық мекемеде әйелдерді жоғары білікті мамандардың командасы – жоғары және бірінші санатты дәрігерлер, акушер-гинекологтар, жүкті әйелдерге арналған терапевт, генетик, санолог мамандар, эндокринолог, кардиолог, травматолог, невропатолог, стоматолог, функционалдық диагностика дәрігерлері қабылдайтын болады. Олар өз тәжірибесінде жаңа технологияларды қолдана отырып әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау және қалпына келтіру, отбасын жоспарлау, репродуктивті денсаулықты қорғау және нығайту мәселелері бойынша қызмет көрсетеді.

Айтпақшы, консультативтік-диагностикалық бөлімше босану қабілеті бар әйелдерді және тәуекел тобындағы жүкті келіншектерді емхана дәрігерлерінің жолдамасы бойынша ТМККК (тегін медициналық кепілдендірілген көлемдегі көмек) және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) пакеттері шеңберінде қабылдайды. Яғни, барлық медициналық қызметтер тегін көрсетіледі деген сөз.

Анықтама үшін: Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыс орталығында бала тууға қабілетті жастағы 94 419 әйел тұрады. Осы жылдың 11 айында облыста 9 032 әйел босанды. 5 140 әйел босану тәуекелі жоғары топқа кіреді. Жүкті әйелдердің 40 пайызы босануға тәуекелі өте жоғары санатқа жатады.

Консультативтік-диагностикалық бөлімшеде бес акушер-гинеколог, соның ішінде бір балалар гинекологы, бір генетик, екі санолог, эндокринолог, кардиолог, невропатолог, травматолог сияқты бейінді мамандар қабылдайды. Мұнда айына шамамен тәуекел тобындағы 2 мың жүкті әйел бақылауда болады деп күтілуде.

Осы айдарда

Back to top button