Мереке

Конституция құрдастары

Өскемендегі №4 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі Әділ Мұратұлы үшін ел Конституциясының күні тағы бір мерекемен сәйкес келеді. Олай дейтініміз, Әділ 1995 жылы, яғни Ата Заңымыз қабылданған жылы  дүниеге есігін ашқан екен. Ол мұны жай сәйкестікке баламайды.

– Біздің Ата Заңымыз – мемлекеттігімізді нығайтуға, сондай-ақ отандастарымыздың елдің дамуына шама-шарқынша үлес қосуына мүмкіндік берген тарихи құжат. Біз мұны әсте естен шығармауымыз керек. Сондай-ақ Конституциямызды қастерлей білгеніміз шарт. Мен өз болашағымды өрт сөндіру ісімен байланыстырдым. Өз таңдауыма еш өкінбеймін, себебі бұл мамандық иелері өз өмірлерін қатерге тігіп, қиындыққа тап болған жандарға алғашқылардың бірі болып қол ұшын созады, – дейді ол.

Сол сияқты, осыған дейін ондаған өртті сөндіруге атсалысқан Дидар Әшімхан үшін де бұл мереке бөтен емес. 27 жасында Шемонайха қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің бірін басқарып отырған Дидар еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында небір биік белесті бағындыруға болатынын дәлелдеп отырғандай.

– Мемлекет бізге өзіміз қалаған оқуды оқып, мамандық иесі атануға мүмкіндік берді. Енді осы сенімді ақтай білуіміз керек. Қиындыққа тап болған тұрғындарды қорғау – біздің міндетіміз. Антымызға адал болып, міндетімізді бұлжытпай орындауға тырысудамыз, – дейді Дидар Әшімхан.

Дидардың жары Назым да төтенше жағдайлар жүйесінде, ТЖ бөлімінде инженер болып жұмыс істейді. Жас жұбайлар қызметтеріне байланысты туындайтын небір қиындыққа қарамастан, болашаққа нық сеніммен қарайды екен.

Ата Заңымыздың тағы бір құрдасы Шыңғыс Смағұлов та  өз ісінің нағыз шебері. Өткен жылы балконнан құлаған әйел адамды құтқарған Шыңғыстың ерлігі біраз мақалаға арқау болған. Сол кезде ТЖД мамандандырылған жасағының қызметкері Шыңғыс Смағұлов төртінші қабаттан құтқару арқанымен төмендегі балконға түсіп, құлауға шақ қалған әйелді ажалдан арашалап қалған.

– Өзің қалаған мамандықты таңдау, бақытты да еркін өмір сүру құқықтары – міне, осының бәрі біздің Ата Заңымызда көрініс тапқан. Әрине, бәрі өзімізге байланысты. Біз, жастар, еліміздің ертеңіне сеніммен қараймыз және өз еңбегімізбен оны өркендетуге тырысамыз, – дейді Шыңғыс.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button