Қыс қамы

Коммуналдық қызметтер кідіріссіз жұмыс істеп тұр

Азамат Темірбеков

Биыл облысымыздың солтүстігінде орналасқан үш аудан мен екі қаланың көшелері мен жолдарын қыс кезінде күтіп ұстау үшін 350-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.

Өткен жылдарға қарағанда биылғы қыстың басталмай жатып тосын мінез танытуы коммуналдық қызмет ұйымдарын біраз әбігерге салғаны рас. Қардың әдеттегі мөлшерден артық жауып, көктайғақ болуы елді мекендердегі көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілерге кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Бұл әсіресе өңірдің қар қалың түсетін солтүстік бөлігіндегі аудандар үшін өзекті мәселеге айналды.

Жалпы, бүгінгі күні Алтай ауданына қарасты 45 елді мекен мен екі қаладағы көшелердің жалпы ұзындығы 510 шақырымға жетеді. Аудан басшылығының хабарлауынша, жергілікті әкімдіктер аудандық маңызы бар көлік жолдарын қысқы күтіп ұстау мақсатында 36 шарт жасаған.

– Гидрометеорологиялық деректерге сәйкес, қазір ауданында қардың орташа қалыңдығы 54 сантиметр болды, – дейді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Медет Сахариев. – Алтай ауданында жолдарды қысқы күтіп ұстауға 90 техника қарастырылған. Бүгінгі таңда кенттер мен ауылдық округтер әкімдіктерімен жасалған шарттарда көзделген техникалар жүз пайыз дайын. Жолдардың қысқы күтіміне былтыр 308,2 млн теңге қаржы бөлінсе, биыл бұл сома 322,5 млн теңге көлемінде.

Қардың орташа қалыңдығы жарты метрге жуықтаған Шемонайха ауданында да жолдардың қысқы күтіміне ерекше назар аударылған. Қазіргі уақытта аталмыш ауданда қар тазалайтын 28 техника бар. Бұл техникалар аудандағы 34 елді мекенді байланыстыратын 616 шақырым жолдың ашық әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді.

Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Молдахановтың хабарлауынша, биыл жолдардың қысқы күтіміне жиыны 153,5 млн теңгеден астам қаражат бөлінсе, оның басым бөлігі көшелер мен жолдарды күтіп ұстауға бағытталған.

– Шемонайха ауданында қыс кезінде тіршілікті қамтамасыз ету, әлеуметтік мақсаттағы нысандарға, тұрғын үйлерге және сумен жабдықтау көздеріне апаратын жолдар мен кірме жолдарды қардан уақтылы тазарту және елді мекендерден қар шығару жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар барлық меншік нысанындағы ұйымдардың, кәсіпорындардың, коммуналдық сервистік компаниялардың басшылықтары өздеріне тиесілі ғимараттар мен құрылыстардың шатырындағы қарын күреп, мұз сүңгілерін тазартты, – дейді Бақытжан Молдаханов.

Өңіріміздегі аумағы үлкен аудандардың бірі Глубокое ауданы екені белгілі. Қазіргі уақытта аталған ауданда 40 елді мекен бар. Осыған орай қысқы күтімді қажет ететін жолдар мен көшелердің жалпы ұзындығы – 1129,3 шақырым.

Аудан әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Данар Айтбаевтың айтуынша, былтыр жолдардың қысқы күтімін қамтамасыз етуге бюджеттен 148,7 млн теңгеден астам қаражат бөлінсе, биыл ол алпыс жеті миллион теңгеге өсіп, 216,2 млн теңгені құраған.

– Бөлінген қаражаттың 86 пайызы елді мекендердің көшелерін, ал 14 пайызы ауыларалық жолдардың қарын күреуге бағытталған. Қазіргі уақытта ауданның барлық ауылдық округінде қар тазалап, шығаруға барлығы 45 техника жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін бұл мәселеде тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ, – дейді Данар Айтбаев.

Дәл осындай қарбалас жұмыс Риддер қаласында да қызу жүріп жатыр. Кеншілер шаһарында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырындағы адамдардың өмірі мен дүние-мүлкіне қауіп төндірген мұз сүңгілерін түсіру жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда қаланың әкімшілік аумағы мен ондағы тоғыз елді мекеннің көшелері мен жолдары қардан тұрақты тазаланып отыр. Риддер қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменовтің хабарлауынша, былтыр қыста жолдарды күтіп ұстауға жалпы сомасы 130 млн теңге бөлінсе, биыл бұл сома 240 млн теңгеге дейін өскен. Қаладағы қар шығару жұмыстарына тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін алға тартқан ол тұрғындар тарапынан осы мәселеге қатысты ешқандай шағым жоқ екенін атап өтті.

Облыс орталығындағы 160-тан астам техникасы бар «Таза Өскемен» кәсіпорны 765 шақырым жолдың қысқы жағдайын өз мойнына алған. Кәсіпорын басшысы Асхат Тәженовтің айтуынша, барлық техника қысқы жұмыстарға алдын ала дайындалып, қазір кідіріссіз жұмыс істеп тұр.

– Кәсіпорнымыз бірінші қарашадан бастап қыс мезгілінде қала аумағын қардан тазалап, басқа да тиісті жұмыстарды атқаруға кіріскен, – дейді Асхат Тәженов. – Қар тазалау және шығару бойынша өтініштердің дені диспетчер қызметі арқылы 53-25-77 және 8-777-331-85-36 телефон нөмірлеріне келіп түседі. Сондай-ақ қызметті үйлестіру үшін кәсіпорынның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына жазылған тұрғындардың жарияланымдарын қарап, аккаунтқа түскен барлық өтінішті уақтылы орындап отырамыз.

Осы айдарда

Back to top button