Жаңалықтар

Көлік тұрақтарын орналастыру мәселесі қаралды – ШҚО

Тоқтауға тиым салу белгісі кәсіпкерлердің жұмысын шектейді. ШҚО кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден осы мәселеге қатысты өтініш түсті.

Облыстық қоғамдық кеңестің жанындағы коррупцияға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Комитеттің кезекті отырысында қала көшелерін оңтайландыру кезінде машина тұрақтарын орналастыру мәселесі қаралды, осы жұмыстар кезінде кәсіпкерлердің құқықтары сақталмағаны айтылды, деп хабарлайды Didar ақпарат.

ШҚО кәсіпкерлер палатасына қызметтерін Өскемен қаласындағы  Абай даңғылы мен Шәкәрім көшесінде орналасқан ғимараттарда атқаратын кәсіпкерлерден өтініш түсіпті. Абай даңғылында жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары кезінде «Старт» сауда орталығының жанына «тоқтауға тыйым салынады» жол белгісі қойылған. Сауда орталығы қожайының түсіндіруінше, бұл учаскеде жол кептелісі «қарбалас сағаттың» өзінде 20-30 минуттан аспайды. Сол себепті бұл жол белгісін тәулік бойы қоюдың қажеті жоқ. Шәкәрім көшесінде орналасқан дүкендердің иелері де осындай жол белгісінің салдарынан жүктерді тиеу-түсіру кезінде қиындықтармен жолыққан.

– Тоқтауға тиым салу белгісі осы учаскелерде қызметтерін атқаратын жетпістен астам жеке кәсіпкерлердің жұмысын шектейді. Көлік тұрағының болмауы салдарынан олар клиенттік базаларынан айырылады. Жүктерді тиеу-түсіру мүмкіндігі болмаған сауда нүктелерінің оқшауланып қалуы жеке кәсіпкерлердің қызметтерінің жабылуына, 250 жұмыс орнының жабылуына әкелуі мүмкін. ҚР Әкімшілік кодексінің 10-бабының 1-тармағына сәйкес, лауазымды тұлға әкімшілік процедураны жүзеге асырғанда қатысушылардың арасында әділ балансты қамтамасыз етуге тиіс. Сол себепті бұл жағдайда мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің қызметіне қолдан кедергі келтіріп отыр., – деп баяндады облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.

Отырыста Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Искаков түсіндіргендей, қазір «Старт» сауда орталығының алдында жол бойымен тоқтау үшін бес орын қарастырылған.

– Абай даңғылының орташа жөндеу жұмыстарына бөлінген 700 миллион теңгенің басым бөлігі көлік тұрақтарын ұйымдастыруға жұмсалды. Проблеманы шешу үшін қасындағы «Уют» дүкенінің алдындағы сияқты тротурарды тарылтуға болады. Ол үшін сауда орталығының қожайыны өтінім беруі керек. Егер инженерлік желілер болса, тұрақты кеңейтуге болады. Дүкен иелерінен өтінім түсуі керек, – деді қала әкімінің орынбасары.

Отырыста қалалық әкімшілікке бір апта ішінде осы мәселені қарап, шешімі туралы хабарлау жөнінде тапсырма берілді.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button