ҚұқықЦифрлық Қазақстан

Көлік төлқұжатын қалай қалпына келтіруге болады?

Құжаттар жоғалып, ұрланып не бүлініп жатады, мұндайда оларды жеделдете қалпына келтіру қажет. Сонымен, ел арасында «техпаспорт» аталатын көлік құралын тіркеу туралы куәлік жоғалғанда немесе оны ауыстыру қажет болғанда не істеу керек?

Көлік құралын тіркеу туралы куәлік – көлікті тіркеу кезінде, яғни оны сатып алу немесе өзіне қайта ресімдеу кезінде берілетін құжат. Заңнамаға сәйкес, КҚТК көлік құралының жол қозғалысына қатысуына рұқсатын растайды.

Аталмыш куәлік жоғалғанда көлік иесі мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына мына құжаттарымен жүгінуі қажет – жеке куәлік, көлік құралын тіркеу туралы куәлік үшін мемлекеттік баждың төленгенін растаушы түбіртек. Баж мөлшері 1,25 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

– Барлық маңызды құжаттарды бір жерде, мәселен, әмиянда сақтау салдарынан олар бірден жоғалып кетеді. Ондай жағдайда алдымен жеке куәлікті қалпына келтіру керек, өйткені онсыз қалған құжаттарға тапсырыс беруге болмайды, – деп түсіндіреді облыс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.

Сондай-ақ, аты-жөніңізді ауыстырған кезде аталған тізімге қосымша аты-жөніңіздің өзгергенін растайтын құжатты, ал қайта жабдықталған не конструкциясы өзгерген жағдайда көлік құралының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәлікті ұсыну қажет. Бұл ретте көліктің өзін құжаттармен салыстыру үшін әкелудің қажеті жоқ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button