Көктемгі егіс науқаны аяқталып қалды
Бүгінде көктемгі егіс науқанын қызу бастап кеткен шығысқазақстандық диқандар дала жұмыстарын бел ортасынан асырып үлгерді. Солардың бірі, өңір жұртшылығына өз өнімдерімен кеңінен танымал ұландық «Багратион» шаруашылығы астық дақылдарын себуді мамыр айының соңына қарай толық аяқтамақ.
Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аймақтық коммуникациялар қызметінің бірлесе өткізген пресс-туры барысында белгілі болды. Көктемгі егіс науқанының барысы жайлы жазуға келген тілшілерді «Багратион» шаруа қожалығының басшысы Александр Воропай Привольное ауылын аралатып, таныстырды. Александр бүгінде іргелі шаруашылықты бірнеше ондаған жылдар бойы басқарып келе жатқан Воропайлар әулетінің екінші буыны. Ол көпжылдық тәжірибесін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, өз саласын бес саусағындай білетін әрі ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Василий Воропайдың ұлы.
Қос бағытты қатар қолға алған
Қазіргі уақытта өсімдік және мал шаруашылықтарын қатар дамытып отырған қожалықтың тағы бір жетістігі – қазақтың ақбас сиырының тұқымын сақтап қалуы және санын көбейтуі. Ірі қара етін өндірумен қатар, бұл шаруашылықта сүтті мал шаруашылығын да мықтап қолға алып, сүт өңдеу кластерін құрған. Осылайша, мал шаруашылығын дамытуды азықтық базамен үйлестіре білген «Багратион» шаруашылығы бір-бірімен біте қайнасқан кешенді бізге таныстырды.
Бүгінде 300 бас сауын сиырға арнап жаңа ферма салдырып жатқан қожалық басшысы сүттің сапалы болуы бірінші кезекте механизаторлардың егіс алаңдарындағы жұмыстарымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ол үшін азықтық базаны тек егіп, өсіріп қана қоймай, оның қамбаға түсіп, қажетті деңгейде кептіріліп, сақталуын қадағалау да өте маңызды. Осы мақсатта бұл шаруашылық Митрофановка ауылында арнайы астық сақтайтын қамба-ток салған.
– Биыл көктем ерте келді. Осыдан-ақ жаздың да ерте орнайтынын білуге болады. Мамыр айы жылы болып, мойыл ерте гүлдеді. Жылда бұл үрдіс сәл кешірек келетін. Жалпы, соңғы жылдары жаз айлары өте ыстық әрі жауынсыз болып жүргені рас. Ендігі үмітіміз, алдағы маусым айынан әупірімдеп шығып алсақ, ары қарайғы айлар жауын-шашыны мол түсетін маусым, – дейді Александр Воропай.
Ылғал сақтау – басты міндет
Дей тұрғанмен, күн райына ғана сеніп отыра берудің қажеті шамалы екенін түсінген шаруашылық басшысы соңғы жылдары егіс алаңдарындағы ылғалды сақтауға көбірек көңіл бөле бастаған. Бүгінде жиырма мыңға таяу егістік алаңы бар қожалық жер өңдеу технологиясын жақсарту мақсатында бірінші кезекте техникалық базаны жаңартуға көшкен. Александр Воропайдың айтуынша, бұл бірінші кезекте жер өңдеу жұмыстарының сапасын арттырып қана қоймай, сондай-ақ жұмыс барысын жылдамдата түсетін көрінеді.
Шаруашылық басшысының бұл сөзінің жаны бар екеніне себу жұмыстары жүргізіліп жатқан егіс алқабына барғанда көзіміз жетті. Бір кездері егістікте бірнеше трактор тізбектеліп, қыруар адам жұмыс істеп жататын. Бүгінде мұндай қым-қуыт тіршілікті байқамайсың. Астық дақылдарының соңғы төрт мың гектары себіліп жатқан алқапта бар-жоғы екі трактор ғана жұмыс істеп жатыр.
Су жаңа «Кировец» тракторын басқарған механизатор Андрей Федоров 400 аттың қуаты бар тракторда жұмыс істеудің өзі бір ғанибет екенін айтады. Айналаны кедергісіз көру мүмкіндігінің, жүргізу жеңілдігінің жақсы екенін алға тартқан ол кабинада қарапайым тракторда кездесе бермейтін кондиционер, борттық компьютер сияқты заманауи жетістіктердің бар екенін атап өтті.
– Мұнда жұмыс істегеніме жиырма жылдың жүзі болды. Бұған дейін басқа тракторларды жүргіздім. Әрине, олар мынадай жаңа тракторлармен мүлдем теңесе алмайды. Мұнда шаршамайсың әрі жұмысыңды тез аяқтайсың, – дейді Андрей Федоров.
Александр Воропай екі трактордың төрт мың гектар астық дақылдары егілетін алқаптағы себу жұмыстарын 15 күнде толық аяқтайтын мүмкіндігі бар екенін айтады. Осылайша, жұмыс үрдісін жеңілдетіп қана қоймай, оған кететін шығындарды да еселеп азайтқан шаруашылық соңғы жылдары күнбағыс пен жаздық бидайдан бөлек, мал азығына пайдаланатын көпжылдық шөптерді, жүгеріні, судан шөбін, еркекшөп пен жоңышқа сынды дақылдардың да көлемін ұлғайтқан.
Жалпы, Ұлан ауданы ылғалы аз аймаққа жататыны белгілі. Осы себепті бұл ауданда егін егу көп жағдайда тәуекелі көп шаруашылық түріне жатады. Алайда «Багратион» шаруашылығы бұл жағын да қамтамасыз еткен. Құрғақ ауа райы орнаған кезде ауылдан бірнеше шақырым жердегі көктемгі қар суы жиналатын жасанды су қоймадан суармалы су алынады.
Өңірде жұмыс қызып тұр
Ерте көктемдегі егіс науқанын осылай жүргізуді бір ғана шаруашылықтың мысалы ретінде көрсеткен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қазірде облыстағы барлық диқандардың шаруалары қызып тұрғанын атап өтті.
– Еліміздің агросекторының ертеңі осындай шаруашылықтармен тығыз байланысты, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов. – Облыстағы орташа көрсеткішті айтар болсақ, күн сайын 40 мың гектар алқапқа астық, ал 25 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілуде. Осындай үрдіс жалғасатын болса, біз 25-27 мамырға таяу өңірде көктемгі егіс науқаны толық аяқталады деп болжап отырмыз. Тек температуралық режимге тығыз байланысты қарақұмық сәл кейінірек себіледі. Биыл бұл дақыл шамамен 13-15 мың гектар алқапқа себілетін болады.
Басқарма басшысының хабарлауынша, биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жалпы көлемі 33 мың тонна арзандатылған жанармай бөлінген көрінеді. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштар бойынша да мәселе жоқ. Осы мақсатта үстіміздегі жылы 36 мың тонна минералды тыңайтқыштар қарастырылған. Ал тұқым шаруашылығы мен басқа да ауыл шаруашылығы салаларын субсидиялауға алты миллиард теңге қолдау қаражатын бөлу көзделуде.
Қазіргі уақытта барлық аудан, қалалардағы диқандармен тығыз байланыста отырған облыстық басқарма көктемгі егіс науқанының уақытылы жүргізілуіне бар күштерін салуда. Мамандардың айтуынша, жеті сантиметр тереңдіктегі ылғал сақталса, биылғы егіс түсімі де жақсы болмақ.
Азамат Темірбеков