Тарих

Көне мұралар тасада қалмайды

Көне мұралар тасада қалмайды

Тарбағатай өңірінде мәдени ескерткіштер мен көне мұралар көптеп кездеседі. Соңғы кездері осы бай мұраны қайта жаңғырту мақсатында аудан басшылығы игілікті шараларды қолға алып отыр.

Осындай шаралардың бірі – «Тарбағатай өңіріндегі фольклорлық мұралардың өзіндік ерекшелігі және даму бағыты» деген тақырыпта өткен облыстық мәдениет қызметкерлерінің іс-тәжірибе алмасу семинары. Оған Астана, Өскемен, Семей қалаларының мәдениет пен өнер саласын зерттеп жүрген ғалымдары қатысты. Мәселен, Л.Гумилов атындағы Еуразия университетінің доценті Жанат Аймұханбеттің онлайн режиміндегі баяндамасында Тарбағатай өңіріндегі фольклорлық туындылардың әлі күнге зерттелмей жатқаны айтылса, белгілі өнертанушы, күйші-ғалым М.Әбуғазы Кәрібай ақынның мұралары Қытайдың Іле аймағындағы мұрағатта жатқанын, ақынның жинақтары мен әндерін қалпына келтіріп, жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе екенін алға тартты.

Көне заманда Тарбағатай өңірінде сыбызғы мен қобыз өнерінің айрықша дамығанын, көптеген туындылардың авторлары болғанын баяндаған белгілі сыбызғышы Талғат Мұқышев сыбызғы мен қобызда орындалатын шығармалардың мүлде ұмыт бола бастағанын тілге тиек етіп, ол мұраларды жинастыруға өңірдің этнографтары мен фольклор-зерттеушілерінің атсалысуын сұрады.

Соған орай, аудан әкімдігі болашақта өңірдегі ұлы мұраларды ұлықтау мақсатында осындай шараларды жиі өткізіп, музыкалық мұраларды жарыққа шығаруға ықпал ететінін жеткізді.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button