Тылсым дүние

КҮМІС САҚИНАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

  КҮМІС САҚИНАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Кібіртіктеп келе жатқан көлігінің жүрісі ширағасын ба, манадан бері сөзге сараң көлік иесі: – Мен өзі алтын, күміс секілді жылтырақ дүниеге қызықпаймын. Ал мына бір күміс сақинаны саусағымнан тастамай салып жүргеніме ширек ғасыр болды, – деп оң қолына таққан қара тасты жүзігін көрсетті. – Ауғанстанда екі жарым жыл әскери борышымды өтеп, елге қайтар кезде үйдегілерге базарлық алмақ ниетпен үш-төрт жігіт іргедегі қышлаққа бардық. Сол кезде Кеңес одағының аумағынан бірнеше бағасына таба алмайтын джинсы, дипломат, спорттық костюмдер, түрлі кроссовка секілді біздерге таңсық заттар сол шағын ғана қышлақ базарында сықап тұрады. Бағалары да аса қымбат емес. Командирлер рұқсат бермесе де, анда-санда ретін тауып барып жүретінбіз. Бар ақшамызға керек дүниелерімізді алып, енді кете бергенімізде ту сыртымыздан: – Әй, әй! Аял, аял! – деген дауыс шықты. Қарасақ, бет-аузын тұмшалап алған егделеу әйел адам екен. Қолында күмістен соғылған, қара тасы бар жүзік. Келе сала біз түсінбейтін бір тілде асығып-аптығып бірдеңе айта бастады. Біз бір-бірімізге қараймыз. Ол әлгі айтқандарын тағы қайталады. Түсінсек бұйырмасын. Осы кезде базаршылардың арасында отырған ұлты тәжік пе, болмаса өзбек пе, әйтеуір, тілі бізге келіңкірейтін саудагер сөзге араласып, тілмаштық жасады… Ұққанымыз, әлгі әйелдің үйінде жақында болған атыста оқ тиіп жарақат алған қызы бар. Соның дәрісіне ақшасы болмай, мына жүзікті сатып алыңдаршы, – деп тұр екен. Біз сасқалақтап, бірден кетіп қалудың ретін таппай, әлгі баланың жарақат алуына нақ бір өзіміз кінәлі жандардай қарадай қипақтап-сипақтадық та қалдық. Жігіттердің ешқайсысында ақша қалмапты. Қалтамды қарасам, қалған-құтқан он шақты афгани мен жұмар-жұмары шыққан кеңестің үш сомы бар екен. Әйелдің қолына ұстаттым да жүре беріп едім, жеңімнен тартып, қоярда-қоймай әлгі жүзігін алғызды. Содан бері бұл жүзік жататын, сандықтың түбінде. Бірде Атырауға жол жүретін болдым. Ойыма қарадай осы жүзік оралып, тағып алмасым бар ма. Ол кезде жүк «КамАЗының» жүргізушісімін. Апара жатқан жүгіміздің әлдебір құжаттарына қол қойғалы жатыр едім… Саған өтірік, маған шын. Қаламсап ұстаған қолымдағы жүзігімнің тасы өз-өзінен «парс» етті де, күлдіреп үстел үстіне шашылып түсті. Жүрегім зырқ ете қалды… Маңайдағылардың бәрі аң-таң. Тастың орны үңірейіп қапты. Лақтырып жібермек боп бір ойладым да, қалтама сала салдым. Сол бойы құжатқа қол қоймастан далаға шығып кеттім. Өйткені, мазам қашып, жүрегім алқынып кетті. Ұзақ жолдың алдында тексеретін дәрігер «Қан қысымыңыз тым көтеріліп тұр, рөлге отыруға болмайды» деді. Сөйтіп, орныма басқа шопыр кеткен. Екі күннен кейін қайтар жолда «Жол апатына ұшырап, мәшине өртеніп, екі жүргізуші де қайтыс болыпты» деген қаралы хабар алдық…
Бұл жүзік мені сол оқиғадан кейін де жеті рет құтқарды. Жаңалап тас салдырып ап тағып жүремін. Алдымда қандай да бір оқыс жағдай бар болса, өз-өзінен жарылып, әлгіндей белгі береді…

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button