Президент тапсырмасы

КӨЛІК АПАТЫ СОҒЫСТАН ҚИЫН БОЛЫП ТҰР

КӨЛІК АПАТЫ СОҒЫСТАН ҚИЫН БОЛЫП ТҰР
Көлік апатының салдары соғыстан да қиын болып тұр қазір. Бейбіт заманда берекемізді кетірген кесапаттан ажал құшқандар күн санап арта түсуде. Керек десеңіз, әлемдегі жол-көлік оқиғасынан мерт болған адамдар санынан ең жоғары көрсеткішке ие елдердің көш басына шығыппыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол сақшыларының жұмысын қатты сынға алған.

– Жүрек-қан тамырлары ауруларынан бірінші, ал жол-көлік апатынан қаза тапқандар бойынша екінші орын аламыз. Күні кеше ғана Қасымовпен (Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов) сөйлескенде белгілі болғандай, былтыр жолдарда 2 мың 145 адам өлсе, биылғы тоғыз айда бұл 2 мың 273-ке жеткен. 22 мыңнан астамы жарақат алған. Сириядағы сияқты, құдды бір соғыс жүріп жатқандай адамдар ажал құшуда, – деген Президент мас күйде рөлге отыратын жүргізушілерге қатысты талапты күшейту қажеттігін қадап тұрып ескерткен.

Рас, бүкіл ел болып демографиялық ахуалды жақсартамыз, халықтың денсаулығын сауықтырып, өлім-жітімді азайтамыз деп жанталасып жүргенде, мыңдаған жанның жолда қырылуы өкінішті-ақ.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, республика жұртының 100 мың жан басына шаққанда отызы көлік апатынан көз жұмады екен. Былайша айтқанда, елімізде жыл сайын 3 мыңнан астам адам жол үстінде жан тапсырып, шамамен 17 мыңы түрлі жарақаттар алған.

Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғамбаевтың ақпарат құралдарының өкілдеріне берген мәліметіне қарағанда, кейінгі он жылда жол апатынан 32 мыңның үстінде адам қаза тауыпты.

Өткен бір жылда ғана ел аумағында 14 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 3 мың адам бақилық болған, 17,5 мыңы жарақат алған.

Шыны керек, мұндай шығын тіпті Ауған соғысында болмаған. Мәселен, 1989 жылдың 17 тамызында жарық көрген «Правда» газетінде он жылға созылған Ауған жеріндегі қанды қырғында Кеңес әскері сапынан 13 833 жауынгер оққа ұшқаны туралы мәліметті жариялаған-ды. Енді есептей беріңіз, тыныш өмірдегі он жылда өлген 30 мыңмен оқ пен оттың ортасында өткен он жылдағы 14 мыңның арасында айырмашылық қандай? Жер мен көктей!

Жол-көлік оқиғасының көрсеткіші жоғары

Біздің облысқа келсек, 2013 жылдың тоғыз айында Шығыс Қазақстанда барлығы 1126 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 134 адам о дүниелік болып, 1429-ы түрлі жарақаттар алған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 50,7 пайызға өскен, оның ішінде жарақат алғандар 55,7 пайызға көбейіпті. Бір көңіл жұбатарлығы, былтырғыға қарағанда, апаттан тіл тартпай кеткендер саны 13,5 пайызға азайыпты әйтеуір.
– Көпшілік жағдайда көлік апаттары жылдамдықты шектен тыс арттыру, мас күйінде рөлге отыру, жолдың қарсы бетіне шығу, жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы салдарынан туындайды. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кесірінен жыл басынан бері 94 жол-көлік оқиғасы орын алып, бір адам қаза тапқан, 153-і жарақаттанған, – деп бірсыпыра сандарды алға тартқан облыстық ІІД ЖПБ-ның бастығы полиция полковнигі Петр Никифоров көлік апаты жиі болатын қауіпті күндер дүйсенбі мен жұма екендігін де жүргізушілер қаперіне сала кетті.

Сонымен қоса, басқарма бастығы еліміздегі, оның ішінде біздің облыстағы күре жолдардың сапасыздығы мен енінің тар болып келуі көлік апаттарына әкеліп соқтыратын негізгі себептердің (әрбір бесінші апат) біріне айналып отырғанын қынжыла айтты. Оның есебінше, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі және қайғылы жағдайда аяқталып жататындары да осы елді мекендер сыртындағы трассаларда болады. Себебі, ондағы көліктерге рұқсат етілген ең жоғарғы жылдамдық 110 км/сағ. ал біздің жолдардың ені мен бетіндегі шұрық-шұрық шұңқырлары мұндай жылдамдықпен зымырауға мүмкіндік бермейді.

Ауыл арасындағы тас жолдарды жиып қоялық, қалааралық, тіпті, халықаралық дәліздердің сапасының нашарлығы елдегі жолаушылар мен жүргізушілердің бас ауруына айналғалы қашан. Бұл ретте Қазақ мемлекеті жолы сайрап жатқан 144 елдің ішінде 117-ші орында тұр. Халықаралық деңгейдегі ықпалдастыққа мойын созып отырған біз үшін бұл мақтанарлық көрсеткіш емес, әрине.

– Біздің жолдардың дені кеңестік дәуірде, сол заманның стандарттарымен салынған. Оларды жамап-жасқағанмен мәселе шешілмейді, қайтадан жаңасын төсеу керек. Жаңа дегенде де, бұрынғы кеңестік технологиямен емес, заманауи талаптарды сақтай отырып жүргізген абзал. Өйткені, ол кезде көліктер ағыны бүгінгідей толассыз жүйткіп жатпаған, аз еді. Бүгінгі ахуал мүлдем басқаша. Сол себепті астына қиыршық құм төсеп, бетін асфальтпен көмкере салудың уақыты өткен, еуропалық трассалардың құрылысына көшуіміз керек, – дейді ұзақ жылдар жол құрылысында еңбек еткен, қазір зейнеткер Сейітқали Нұрқабылов.

Маманның айтуынша, Еуропа елдерінде сапасы жоғары жолдардың құрылысында бірнеше қабатты бетонды-асфальт материалын пайдаланады, ал бізде әлі күнге сол бұрынғыдай күннің ыстығына жұмсарып, ауыр жүк көліктерінің табанында қамырдай иленіп қалатын асфальттың өзін төсейміз. Жаңа салынған трассалардың екі-үш жылдан кейін қайта жөндеуді қажет ететіні сондықтан. Яғни, бетонды-асфальтқа қарағанда, жай асфальттың қызмет көрсету мерзімі бірнеше есе аз. Әрине, бетонның бағасы екі есеге қымбат, бірақ ұзақ уақыт бойы сыр бермеуінің арқасында шыққан шығынды толығымен ақтайды.

– Талдау көрсеткендей, жол апатының жиілеуіне көліктер санының артуы кері әсерін тигізуде. Егер 2007 жылы елімізде мәшинелер саны 2 млн. 671 мың болса, қазір бұл шамамен 4 миллионнан асады. Екіншіден, жолдардың параметрлерінің сәйкес келмеуі де жол апатының жиілеуіне әкеліп соқтыруда. Біздегі трассалар өз мүмкіндігінен артық жүктемемен жұмыс істейді, – деп түсіндірген ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметтеріне ден қойсақ, өңірімізде көлік апаты жиі болатын бірнеше қауіпті жол учаскелері бар. Олар: Өскемен мен Рахман қайнарларының арасы, Омбы-Майқапшағай халықаралық дәлізінің Жарма-Зайсан бөлігі, сондай-ақ, Өскеменнен Семей, Риддер, Шемонайха, Алматы бағытындағы трассалар және тағы басқалар.

Апаттың алдын алу үшін не істеу керек?

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша отандық бюджет жолдағы апаттардың салдарынан ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызын жоғалтады екен. Ал материалдық және әлеуметтік шығын тіпті көп. Өткен бір жылда ғана бұл сома 600 млрд. теңгені құрапты. Осы орайда салыстыру үшін келтіре кетейік, еліміздің қорғаныс саласына жыл сайын 200 млрд. теңге ақша жұмсалады.

Енді осы орайда адамдарды шетінен жалмап жатқан жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін не істеу керек деген өткір сұрақ туады. Жол полициясы қызметі бұл бағытта кешенді іс-шараларды қолға алып, түрлі акциялар ұйымдастырып, қауіп-қатердің бетін қайтаруға тырысып-ақ жатыр. Мәселен, осы жылдың өзінде «Абайла, балалар!», «Автобус», «Қарама-қарсы жол бөлігі», «Абайла, теміржол өткелі» және тағы басқалар. Мұның сыртында парақшалар таратылып, оқу орындарында дәрістер жүргізу қолға алынған. Биылғы 21-27 қазан аралығында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр….

Алайда, «Тоқта ЖКО» қоғамдық ұйымының жетекшісі Алмат Салғаринның айтуынша, аталған жұмыстар апатты жағдайларды төмендетуге жеткіліксіз.

– Жол-көлік оқиғаларының 95 пайызы жылдамдықты шектен тыс арттыру мен жүргізушінің маневр жасау кезінде жай қимылдауынан. Сондықтан көліктердің жылдамдығы мен рөлде отырған адамның жай-күйін спутник арқылы анықтайтын арнайы құрылғыларды қолдануға көшу керек. Бұл құрылғылар мәшинеге орнатылады. Жылдамдық белгілі шектен артып бара жатса, құрылғы автоматты түрде көлікті тежейді. Сол сияқты жүргізуші қалғып кетсе, мас күйде рөлде отырған болса, аталған жүйе мұны анықтап, жылдамдықты төмендетуге, тіпті тоқтатуға әсерін тигізеді, – дейді ол.

Ағымдағы жыл басынан бері…

Көлікті мас күйінде жүргізуден 80 апаттық жағдай орын алып, 11 адам көз жұмған, 116-сы жарақат алған.
Жылдамдықты шектен тыс арттырудан 353 оқиға тіркеліп, 70 адам қаза тауып, 454-і жараланған.
Жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесін бұзу салдарынан 145 оқиға тіркеліп, мұның соңы 5 адамның өліміне, 153-інің жарақатына әкеліп соқтырған.
Жолдың қарсы бетіне шығу ережесінің бұзылуынан 92 көлік апаты болып, 29 адам жан тапсырып, 160-сы жарақат алған.

Қаперіңізде жүрсін!

Рөлде келе жатып қалғып кетпеу үшін кең таралған әдіс-тәсілдерді мамандар ұсынады.
Кофеин – әлемдегі ұйқыға қарсы әдістің бірі. Жол алдында бір кесе шай немесе кофе ұйқыны жеңуге көмектеседі. Бірақ естеріңізде болсын, кофе түскі уақыттан кейін кері әсер етеді, одан әрі ұйқыға тартады.
Сергектік үшін өсірме адаптогендерді қолдануға болады: женьшень, лимон, элеутерокок. Олар күндік ұйқы дәрежесін түсіреді.

Тұздалған, ащы тағамдар ұйқыны ашып, белсенді қимылдауға көмектеседі. Тұздалған қиярдың бірнеше тілігі 3 кесе кофеден артық әсер етеді. Сондай-ақ, тұздалған ірімшік, маринадталған саңырауқұлақ, ашытылған қырыққабат та жарап тұр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button