Тылсым дүние

Көл басында атылған оқ

Көл басында атылған оқ

Бүгін Жомарттың жолы болмады. Әншейінде аңға шыға сала мол олжаға кенеліп, аң мен құстың етін жеп, сорпасын ішіп, арқа-жарқа боп қалатын. Бүгін олай болмады. Азанда тігіп кеткен аңшықосқа қас қарая құр қол оралды. Қолына мылтық ұстаған ширек ғасырда мұндай сәтсіздікке ұшырағаны – осы. Бар үмітін ертеңгі күннің еншісіне артқан аңшы от жағып, кешкі астың қамына кіріскен. Көп кешікпей інісі мен қаладан келген дөкейдің де төбесі көрінді. Келген бойда мылтығын қарағайға сүйеген інісі: – Жәке, мына жердің аңы мен құсын әлдекімдер жер аударып жіберген-ау деймін. Шарламаған жеріміз қалмады.
Әбден сілеледік, – деді қымыз құйған торсықты бастығына ұсынып жатып. Дүниенің тұтқасы қолында тұрған жоқ, бұл не десін. – Е-е, үмітсіз шайтан деген, бауырым. Аңшылық бірде алай, бірде бұлай дүние. Бүгін жолымыз болмаса, ертең боп қалар. Оған бола налымаңдар. Қайта, күні бойы таза ауа жұтып, қаланың көк түтінінен бір сергіп қалған жоқсыңдар ма? – деп сөзін әзілге бұра, екеуін шайға шақырды.
Сақадай сайланған үшеу бірнеше бел асып, сай етегіндегі шағын көлге жеткенде, таң енді ғана құланиектеніп келе жатқан. Мөлдіреп жатқан айдын беті ағараңдайтын секілді. Олар демдерін ішіне тартқан қалпы тұтаса өскен тобылғы мен қарағанды бұқпантайлай кеп, еңбектей-еңбектей көлге де тақады.
– Жігіттер, бұйыртса, бүгін қанжығамыз майланайын деп тұр! – деді қуанышын жасыра алмаған Жомарт сыбырлай сөйлеп. Бірақ көл бетіндегі әлі ояна қоймаған құстардың қаз-үйрек емес, аққулар екенін байқаған оның қуанышы сол сәтте-ақ су сепкендей басылды. Бұл кезде мейман да мылтығын кезене берген. Шарасы қалмаған Жомарт: – Уа, Ереке! Бұлар аққулар екен. Ел аузында қасиетті саналатын бұл құстарды атуға болмайды. Басқа да аң-құс кезігіп қалар, осы киелі құстарға оқ атпай-ақ қойсаңыз қайтеді? – деген жалынғандай боп. Анау «Өзің не айтып тұрсың» дегендей ожырайып бір қарады. Мұның жас болса да қазақы тәлім-тәрбиеден алыс, әбден орысмінезденіп кеткен ожар адам екенін кешелі бері байқап қалған-ды. Осы кезде жапсарлас жатқан інісі: – Ой аға, сізде айта береді екенсіз. Қайдағы қасиет, қайдағы кие? Өліп-талып жолықтырған құстарды ата берсін, – деді де, бұл әлдене дегенше бастығына қарап, «ата бер» дегендей, басын изеп қалды. Сол-ақ екен, тамылжып тұрған таңғы тыныштықты гүрс-гүрс ете қалған қосауыздың іркес-тіркес үні күлпарша етті. Денесі толық болғанмен, қимылы ширақ екен. Мүлгіп отырған аққулар естерін жиып, көкке көтерілгенше, мейман мылтығын тағы екі атып үлгерді. Көлдің басы әп-сәтте азан-қазан, ию-қию болды да кетті. Көк түтін сейілгенде – киелі құстың үшеуі жайрап қалған екен. Бірі үлкендеу де, екеуі сәл кішірек. Шамасы балапандары болар.
…Олар аңнан келесі күні қайтты. Олжасыз да емес. Бірақ мәселе олжада ма?.. Жомарттың қайран қалғаны, қалта телефоны іске қосылған белдеудегі алғашқы қоңыраудың бірі – қасымыздағы дөкейдің әйелі мен екі баласы кеше кешкісін жол апатынан қаза болған қаралы хабарын жеткізді.
Бұл – сәйкестік пе, әлде аққудың киесі ме?..

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button