Ауыл шаруашылығы

Көкжыра көкжелекке оранады

Көктемгі су тасқынынан кейін жаңадан бой көтерген Көкжыра ауылында көгалдандыру жұмыстары былтырдан бері жоспарлы жүзеге асып жатыр.

Көкжыра көкжелекке оранадыАуылдық округ әкімі Бақытжан Кемербаевтың айтуынша, елді мекендегі аумағы екі гектарлық саябаққа былтыр күзден бері тал-терек, қайың, алма ағашы аралас мыңға жуық түп көшет отырғызылған. Оған қоса ауылдағы ботаникалық баққа да 350 түп ағаш егілген. Олардың ішінде тек Тарбағатай тауында өсетін өсімдіктер мен ағаштардың отызға жуық түрлері бар екен.

Ауылды абаттандыру жоспарына сәйкес елді мекенге кіреберісте қақпа орнатылып, ауылдың екі жағына жағалай 400 түп үйеңкі мен қарағаш отырғызылыпты. Ал саябаққа Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға ескерткіш орнатылып, түрлі мүсіндер қойылып, жаяу жол төселуде. Оған қажет тас таудан тасымалдануда. Сондай-ақ мекеме, ұйымдар маңы көгалдандырылуда. Ауыл тұрғындарына да көшеттер таратылып, үйлерінің жанына отырғызу міндеттеліпті.

– Өткен күзде ауылға Қарғыба өзенінен ұзындығы 25 шақырым болатын тоған тартылып, қазір көшелерде арық суы сылдырап ағып жатыр, – дейді ауыл әкімі. – Біз тұрғындардың тазалық сақтауы мен үйлерінің маңын көгалдандыруларына мән беріп, талап етіп отырмыз.

Ауылды абаттандыру мұнымен аяқталмай, көшелерді жарықтандыру, аяқжолдар төсеу жұмыстары да жалғасуда. Ескі Көкжыра мен жаңа Көкжыраның арасындағы көпір маңы да жарықтандырылып, мектеп жанынан «Отан – Ана» ескерткіші мен мүсіндер орнатылуда. Ауылды абаттандыруға бюджеттен бөлінген екі миллион теңге қаржы жұмсалыпты.

– Осы жұмыстардың көбі тұрғындардың өз күштерімен атқарылуда. Ол үшін сенбіліктер ұйымдастырып отырамыз. Оған халық белсенді қатысуда, – дейді Бақытжан Кемербаев. – Тұрғындар өз қолдарымен істемесе жұмысымызда нәтиже болмас еді.

Ауылдық округ әкімі енді тұрғындардың тазалықты үнемі сақтауы үшін тұрмыста артық қоқыс қалмауына бақылау жасамақ.

– Көкжыра көкжелекке оранып тұрса, бәріміз үшін абырой болмақ,– дейді ауыл әкімі.

Еркінбек Асқарұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button