Көкжал Барақ қайда жерленген?
«Қазақстан және әлем жаңалықтары» атты сайтта «Көкжарлы Көкжал Барақтың жерленген жері табылды» деген мақала жарияланғанына біраз уақыт болды. Мақала авторы – Күршім ауданынының тумасы Шекербану Рахметолдақызы. Мамандығы – мұғалім. Зейнеткер, қазір Алматыда тұрады.
Аталған мақалада Шекербану Рахметолдақызы былай деп жазады:
«Тарих ғылымының докторы Сәбетқазы Ақатай Көкжал Барақ туралы көптеген зерттеулер жасап, ерлігін еске салатын қырғын соғыстарды жазып, соңында қорытындылай келіп, батыр бабасының топырағын іздеген ұрпақ, оны Қырғыз Алатауынан шығып, Шу өзеніне құятын шағын Ақсу өзенінің төменгі сағасынан табады. Барақ Ақсудың Шуға құятын сағасында өліп, Абылай сүйікті батырын жазыққа жерледі. Осы дерекке сүйеніп батырдың жерленген жерін іздестірумен болдым. Бірақ Шу бойынан да бейітін таба алмай жүрдік.
Мен енді тылсым дүниенің құпиясын ашып, жұмбағын шешіп жүрген көріпкелдердің іс-әрекеттеріне көңіл аудардым. Атақты емші, көріпкелдердің бірі Дүсеков Қайролла Абдолдаұлымен сөйлесіп, Мәскеуде өткен көріпкелдер сайысының жеңімпазы қазақстандық Бақыт Жұматоваға шықтым, бірақ ол кісіні біраз уақыт тосу керек болды. Оны күте алмадым. Тағы бір көріпкел емші Ерғазы Мағауянов Нұрлыбекұлымен телефон арқылы хабарластым. Көкжал Барақтың жерленген жерін іздеп жүргенімізді айттым. Ертең жұма ғой, сенбі күні шығайық, табамыз деді.
Сенбі күні ертерек Шу бойындағы Көкжал Барақ бабамыздың жерленген жерін іздеуге шықтық. Танекенов Кенжеғали Шақарбайұлына келдік, ол кісімен бірге баратын болып келісіп алғанбыз. Сол кісімен бірге шықтық.
Бір кезде Ерғазы айғайлап жіберді де, машинаны тоқтатыңыз, мен далаға шығамын деді. Қолында қоңыраулы темір таяғы бар, таяғын көтеріп біраз тұрды да, қайта машинаға кіріп, біраз алға жүріңіз деді. Мен темір таяқтың құпиясын сұрап үлгердім. Біздің атамыз Буратай қажы кезінде Меккеге жаяу үш рет барған адам, сол кісінің Меккеден әкелген таяғы, мен қолданып жүрмін, атадан қалған мұра деп таяғын сипап қойды да, тағы айқайлап машинадан түсіп таяғын көтеріп, жүгіре жөнелді. Біз сол жерде тұрып қалдық. Бір сағаттан кейін келді, табылды деді. Осыны тиянақтау үшін тағы бір көріпкел, емші осы тылсым құпиясымен айналысқалы жиырма жыл болған Шолпан Құмарханқызынан сұрадым. Көкжал Барақ бейіті сол деп растады. Сонымен Барақ батырдың бейіті табылды деген сенімге келдік.
Көкжарлы Көкжал Барақ руы Өтей, Шүректің баласы екені рас. Бірақ ол қазақтың ұлттық батыры. «Өлі разы болмай тірі байымас» деген, аты өшіп, қабірі табанда тапталып жатып, өз кезегін үш ғасыр күткен ардагер батырларымыздың аруағын өксітпей, басын көтеруге жұдырықтай жұмылайық, ағайын».
Шекербанудың «жұдырықтай жұмылайық» дегені одан арғы шаруаға қаржы керек дегенге саяды. Солай екенін осы жылдың шілде айында Күршімде ашылған Көкжарлы Көкжал Барақтың ескерткішінің құрметіне арналған ғылыми-практикалық конференцияда ашық айтты. Мұны жұртшылықтың қалай қабылдағанын дөп басып айту қиын. Әйтеуір бұл жаңалыққа үн қосып, сыбанып шыққан пенде байқалмады.
Әлем тарихында Нострадамус пен Вангадан басқа көріпкелдің болғаны айтылмайды. Ал Тәуелсіздігімізді алғаннан бері Қазақстанда не көп, көріпкел мен емші көп. Шекербану жерлесіміздің айтуынша, солардың бірі – Ерғазы Мағауянов. Ол таяғымен түртпектеп жүріп бір сағатта Барақтың жерленген жерін тауыпты, керемет! Ол аруақтармен сөйлеседі екен. Көкжарлы Көкжал Барақтың аруағы оған бата беріпті, Ерғазы оны жазып алыпты, ғажап! Былайғы жұрт мұны шындық деп қолдап, жалған деп қаралап жүрген жоқ. Дегенмен әртүрлі пікірлер бар екені рас.
Қасиетті Құран кітабында бақилық болған адам тек қиямет күні ғана тіріліп, Алланың алдында есеп береді екен. Ендігі орны амалнамасында жазылған, пәни жалғандағы жақсы, жаман қылықтарына қарай жәннат не тозақ болмақ. Ал Құранда бақилық болғандардың аруағы тірі адамдармен тілдеседі делінбеген. Сондықтан Көкжарлы Көкжал Барақтың ұрпақтары бабасының аруағымен тілдесіп, бата алған Ерғазы Нұрлыбекұлымен кездесуді қалайды. Егер шындыққа көздері жетсе, жұдырықтай жұмылып, түпкі мақсатын жүзеге асыруға Шекербануға көмектесуге дайын.
Шекербанумен Бараққа ескерткіш қою тойында тілдесудің реті келмеді. Ал онымен міндетті түрде кездесу керек болды. Осы мақсатты алға тартып, тойдан кейін көп ұзамай сапарға шықтым. Барар жерім Алматыға жетісімен, уақытты оздырмай Шекербануға телефон шалдым. Ол мені мұқият тыңдады, келгендегі мақсатымды білді. Сәл кідіріп, былай деді: «Сәке, өкінішті-ақ, мен қазір сенімен кездесе алмаймын, өйткені Астанаға кетіп барам, жол үстіндемін».
Мәссаған, енді не істедім? Сапардан қашан оралатынын да кесіп айтпады. Тосуға тура келді. Арада он бес күн өтті. Шекербанумен тілдесе алмадым. Амал нешік, ұялы телефонын кіналадым да қойдым. Алайда бұл күндері бостан-бос жүргем жоқ, Ерғазыны іздеумен болдым. Астанадағы Бақытқа телефон шалып едім, ол кісіден де қанағаттанарлық жауап болмады. Алматының өзінде бірқатар көріпкел, емші дегендердің алдына бардым, ешқайсысы Ерғазыны білмейді. Әдеттері ме, әлде көмегінің түрі осы ма, «анаған бар, мынаған бар» деп, шығарып салады екен. Осы мерзімде Шекербанудың өзі де іздеп қалар деген үмітте жүрдім, бірақ олай болмады. Сонымен жарты айдан артық уақытымды Алматыда өткізіп, ештеңе тындырмай кері қайттым.
Оқасы жоқ, мен Алматыға біреудің күштеуімен барғам жоқ, тек Барақ батыр ұрпақтарының көңілдеріндегі білгісі келген әртүрлі жайлардың жауабын іздеп, олардың ақпейілін, тілектерін жеткізейін деп, бабамыздың жерленген жерін өз көзіммен көрейін деген мақсатпен бардым. Баратын көліктің де жайын ойластырып қойған едім.
Әрине, Барақ батырдың аруағына құрмет көрсетіп, батыл қадам жасап жүрген Шәкеңе рахмет айтып, қолдау көрсетуге бабамыздың ұрпақтары дайын. Десек те, бұл жаңалықты ақиқат жолымен, бәлкім ғылыми дәлелдерге де сүйеніп, тиянақтай түскен жөн шығар.
Ал Көкжарлы Барақтың жерленген жері тарих ғылымының докторы, тегі Ақнайман ішінде Бисары Советқазы Ақатайдың болжамы бойынша табылған. Советқазы Күршімнің тумасы. Кезінде Құйған мектеп-интернатында бірге оқыдық. Оның «Барақтың көбі қайсы, Көкжалы қайсы?» деген көлемді мақаласында 13 Барақтың ішінен Көкжарлы Көкжал Барақты ажыратып бергені рас. Алайда Барақтың жерленген жерін айтқанын өз басым естіген емеспін. Бәлкім жазба деректері бар шығар, мен оны көргем жоқ. Болған жағдайда да неге бір кісінің айтқанына сене қою керек. Сонымен бірге Барақтың жерленген жерін шөп басқан қорымнан бір-ақ сағатта Ержан көріпкел тауып, Шекербану ханымның құптауына қандай негіз бар?
Көкжарлы Барақ «хан батыры», алып күштің иесі, Найман қолының оң қанатын басқарған, соғысқа бастан-аяқ қатысып, теңдесі жоқ ерлігімен көзге түскен Абылайханның сүйікті батыры. Олай болса оның мәйіті көппен бірге жерлене салынуы мүмкін емес. Мазар соғылмаса да, жерленген жерінде бір белгінің болуы сөзсіз. Ендеше Шекербану Рахметолдақызы талап-тілегін, тарлан-талпынысын, қолға алған имандылық ісін аяқсыз қалдырмай, айқын да, бұлтартпас деректі дәлелдер арқылы ақырына жеткізгені жөн. Сонда ғана былайғы жұрт, әсіресе Көкжарлы Көкжал Барақтың ұрпақтары оның қасынан табылатына күмән жоқ.
Советхан Қалиғожин,
Көкжал Барақтың сегізінші ұрпағы